22.10.2026, 19:00
Оқылды: 192

Бөрлі ауданының Қанай ауылында жастар саябағы ашылды

Мерейлі мереке — Республика күні қарсаңында Бөрлі ауданына қарасты Қанай ауылында жаңа жастар саябағының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

IMG_9053_edit_12725860632905

Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанның ашылуы елді мекеннің көркеюіне, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және ауыл жастарының басын біріктіруге бағытталған игі бастамалардың бірі болды.

Салтанатты шараға Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Ерік Төлепқалиев, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері, ауыл тұрғындары қатысты.

Сонымен қатар ауылдың ақсақалы Темірсұлтан Елеусінов бата беріп, ауыл халқына ізгі тілегін арнады.

- Жаңа саябақтың ашылуы – ауылдың әлеуметтік ортасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Мұндай демалыс орындары тұрғындардың бас қосуына, жас ұрпақтың бос уақытын мазмұнды өткізуіне және ауыл ішіндегі ынтымақ пен бірліктің нығаюына мүмкіндік береді. Саябақ аудан әкімдігінің біздің ойымызды қолдап, бюджеттен бөлінген қаржының есебінен қаржыландырылды. Соның негізінде ескі саябақты күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа тыныс сыйладық,-дейді Қанай ауылының әкімі Есенаман Стамғазиев.

IMG_9050_edit_12712267263431

Жастар саябағының лентасын қию құрметі аудан әкімінің орынбасары Ерік Төлепқалиев пен ауыл ақсақалы Қайыржан Қуанышқалиевке ұсынылды. Келуші қонақтарға қазақы дәстүрге сай ақ пен бауырсақ ұсынылды.

Саябақтың ашылу салтанатына орай өткізілген спорттық сайыс қорытындыланып, жүлдегерлер марапатталды. Жеңімпаздарға “Айзада” жеке кәсіпкерінің қолдауымен ақшалай сыйлықтар ұсынылды.

IMG_9074_edit_12704287806767

Мерекелік кештің соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерпаздар әннен шашу шашып, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мейрамбек Сыдықов,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале