1.08.2017, 11:37
Оқылды: 25

«Чезенатико бізге ерекше әсер сыйлады»

 

Италияның Чезенатико қаласындағы балалар лагерінде еліміздің әр аймағынан іріктелген бөбектер биыл да жаз қызығын көңілді өткізіп қайтты. Жылы сулы Адриат теңізі жағалауында орналасқан бұл қала - өзінің тарихи орындарымен, майда құмды әсем жағажайымен және мөлдір тұнық суымен келуші қонақтарды баурап алатын туристік орталықтардың бірі.


Демалуға келген балақайларды қабылдайтын сауықтыру орталығы 14 күн бойы оларды көне шаһардың көрікті жерлерімен таныстырып, қызықты ойындармен баурапты. Әр облыстан 40 баладан бөлінген топқа арнайы екі тәрбиеші тағайындалған. Ауыл маңайынан алысқа ұзап шықпайтын қара домалақтар үшін бұл демалыс керемет көңіл-күй сыйлап, өмір бойы жадыларында жатталып қалары айқын. Осы ретте, аудандық білім бөлімінің жолдамасымен шілде айында демалып қайтқан сайқындық Ұлжанай Мұхитова мен ұялылық Ақан Бақтығалидан  алған әсерлері жайлы сұраған едік.

Ақан Бақтығали: – Жеңіл автокөліктен басқаға отырмаған мені зеңгір көкте алып ұшақпен самғау ерекше әсерге бөледі. Ал, Еуропа кіндігіндегі бай тарихы бар, көркем табиғатымен, ерекше ғимараттарымен танылған Чезенатико қаласы жөнінде мол мағлұматтар алдық.  Шаһарды аралап, орталық алаңдарға барып жүргенде, күннің қалай қызықты өткенін байқамай да қаламыз. Мен ол жақтан өзіме жаңа достар таптым. Және олармен қызықты спорттық ойындар ойнап, өзара сайысқа түстік.

Ұлжанай Мұхитова: – Мен ең алғаш рет ауылымнан, елімізден, жақындарымнан жыраққа ұзап шыққан кезде қатты қобалжыдым. Алайда, Италиядай әдемі мемлекеттің әсем қалаларын аралау арманым болатын. Қала тұрғындарының асқан мәдениеттілігі мен көшелерінің тазалығын айтсаңызшы. Рас, бір-бірімізбен сөйлескенде түсінбей қалып жатамыз. Сол кезде қасымыздағы апайларымыз көмектеседі, кейде сөздіктен қарап аламыз. Теңіздің тұнық суы да әдемілігімен есте қалды.

Осылайша, жарқын жазда жайдары демалған шәкірттер бір-бірімен қимай қоштасыпты. Олар Италияға сапар шегуге жағдай жасаған аудан әкімдігі мен білім бөлімінің басшылығына балалық жүректен шексіз ризашылықтарын да білдірді.

Айша ҚҰРМАШ

Бөкей Ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале