11.04.2023, 12:45
Оқылды: 18

Еңбек адамдары ескерусіз қалмайды

«Еңбек адамы» дегенде көз алдымызға қайсы бір кәсіп тұтқасын ұстасада өз ісін ұршықша иіріп, бір істе табан аудармай талай жылдарын сарп ете еңбек еткен ерен тұлғалар елестейді. «Еңбек адамы» дегенде ешкімге қол жаймай, ертеден қара кешке дейін бел жазбай, бейнетінің арқасында берекесін келістіре білген адам кейпі есімізге келеді.

WhatsApp Image 2023-03-31 at 15.22.35

«Өнбегімен жер сыйлы, еңбегімен ер сыйлы» демекші біз тілге тиек еткелі отырған мақаламыздың алғашқы кейіпкері Мақсот Бақтияров Казталов ауданына қарасты Қарасу ауылында туып өсіп, кіндік қаны тамған жерде табан аудармай еңбек етіп келеді. 1975 жылы Қарасу орта мектебін тәмәмдаған ол сол жылы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, кейіннен 1978-1979 жж Орал облысындағы №24 техникалық училищені оқып бітірген. 1979 жылы алғашқы еңбек жолын «Зап.Каз.РЭК» акционерлік қоғамының Жалпақтал РЭС, Қарасу ауылындағы бөлімінде электромонтер болып бастаған. Халықты электр жарығымен қамтамасыз ету саласында қырық жылдан астам қызмет атқарып келе жатқан Мақсот Бақтияров 2020 жылы зейнеткерлік жасқа жетсе де жұмысын жалғастыруда. Электрмонтер мамандығының жүгін арқалаған әрбір жан тұрғындардың тұрақты түрде үздіксіз электр тогымен қамтамасыз етілуі үшін қыстың қағаған суығына, жаздың шіліңгір ыстығы мен жауын-шашынға қарамастан қызмет етуге мәжбүр. Сонымен қатар табиғаттың тосын құбылыстары кезінде елді-мекеннің жарықсыз қалмауы үшін күн-түн демей, уақытпен санаспай жұмыс басынан табылары сөзсіз. Ал электр тогымен тікелей байланыста жұмыс жасаудың өмірге қауіптілігі айтпасада түсінікті. Осындай қиыншылығы мен қауіптілігі қатар жүретін салада қырық жыл қызмет ету ерлікпен пара пар десек қате айтқанымыз емес. Қызметі ерлікпен тең азаматтың еңбегі ескерусіз қалмай 2019 жылы «Құрмет Грамотасымен» марапаталса, 2020 жылы Мақсот Мақсотұлының кеудесіне «Ардагер энергетик» төсбелгісі тағылды.

Қазіргі заманда адам тіршілігінің бар саласын электр тогынсыз елестету мүмкін емес. Бір сағат түгілі, бірнеше минут электр тогы болмаса, әбігерге түсіп, күйіп-пісіп, қалыпты тірлігімізден жаңылып жатамыз. Дегенменде біздің үздіксіз электр жарығын пайдаланып, әр ісімізбен алаңсыз атқарумыздың артында Мақсот ағамыз секілді қарапайым еңбек адамдарының тынымсыз жұмысы тұрғандығын сезіне бермейміз.

WhatsApp Image 2023-04-05 at 16.43.32 (1)

Мақаламыздың кезекті кейіпкері аудандық ауруханада отыз жыл бойы кіші қызметкер болып жұмыс жасаған Гүлфиса Ғайсақызы Мақсотова. 1972 жылдың 29 қарашасында Казталов ауылында туып, А.Оразбаева атындағы орта мектепті тәмамдағаннан соң бірден еңбекке араласқан. Аудандық аурухананың хирургия бөлішесінде санитарлық қызметті атқара жүріп, халықтың денсаулығы мен бөлімнің тазалығына ұжыммен бірге лайықты үлес қосқан кейіпкеріміз бүгінде денсаулық жағдайын байланысты жұмыстан шығып, ем алуда. Гүлфиса Мақсотоваға 2019 жылы тізе буынан ота жасалып, әйтседе тәуір болып кете алмаған соң 2020 жылы екінші рет Самара қаласында, кейіннен облыстық ауруханада үшінші мәрте ота жасалып, эндопротез салынған. 2021 жылы төртінші ота кезінде тотальдық эндопротез салынып, үш ай сайын травмотолог дәрігердің қадағалауына барып тұрады. Өт жолында да ақау табылып, оған да ота жасалып өт қынабын (желчный пузырь) алып тастауға мәжбүр болған. Қазіргі уақытта Гүлфиса Мақсотоваға денсаулық жағдайына байланысты мүгедектік тағайындалып, үнемі дәрігерлердің бақылауында, ем шараларын алып келеді.

«Жыл сайын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жолдамасымен шипажайларға барып ем алып отырамын. Менің басыма түскен қиындықты отбасымда жолдасым Сәбит түсіністікпен қарап, маған барлық көмегін беріп жүр. Өзі де ауруханада жедел жәрдем бөлімінде автокөлік жүргізушісі болып жұмыс жасайды. Мен таяққа сүйеніп жүргендіктен барлық шаруаны өзі тындырады. Аудандық аурухана қызметкерлеріне, жұмыспен қамту бөліміндегі мамандарға алғысым шексіз. Бара қалғанда не болмаса үйге шақырғанда келіп, көмектерін береді. Болашақ тағдырым бір Алланың қолында. Дәрігерлердің айтқанын жасап, талпынып жатырмын. Сәтін салса, сауығып кетермін деген зор үмітім бар», -  дейді Гүлфиса Ғайсақызы.

Ауруханадағы тазалықшы (санитарка) қызметі күрделі де қиын еңбек түрі. Әсіресе хирургия бөлімінде аурумен арпалысқан науқастардың бар жағдайын жасап, жаны қиналған жандармен жүзбе-жүз жұмыс жасау жүйкеге де жүк түсірерін есепке алған жөн.

IMG-20230410-WA0030

Өзінің адал еңбегімен нанын тауып, отбасын асырап жүрген тағы бір азамат Жалпақтал ауылы тұрғыны Камиль Мансұрұлы Гайсин. Ол 1974 жылы 8 қарашада дүние есігін ашқан. Отбасылы, жолдасы екеуі  4 бала тәрбиелеп өсіруде. Камиль ағамыз өте еңбекқор, адал еңбегімен елдің алғысын алып жүрген азамат. Ол ауыл тұрғындарына өз тракторымен су тасып, сол еңбегі арқасында нәпақасын тауып жүр. Камиль ағамыздың Үкіметке қол жаймай, өз қолынан келетін іс арқылы бұйырған ырзық-несібесін тауып жүргені ауылдастарының барлығына үлгі десек болады.

Камиль ағамыздың тапқанын оқсатып, балаларына жақсы тәрбие беріп, оқытып, отағасының бар ісіне қолдаушы болып жүрген жары Жолдасы Саматова Анаргүл Аманжолқызы – жұмыссыз, үй шаруасымен айналысып отырған ана. «Су — ырыстың көзі, еңбек — кірістің көзі» деген халық нақылын берік ұстанатын Камиль Мансұрұлы қазіргі таңда қазіргі таңда мал шаруашылығымен де айналысып жүр.

Бейнеттен қашпай, ерінбей еңбек ете білген ел азаматына ауыл халқының да құрметі жоғары. Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан айрықша маңызға ие еңбек адамдарын насихаттау еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, өнімді еңбек етуге ынталандыру екені сөзсіз.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале