11.03.2020, 15:38
Оқылды: 117

  Есімі ескерусіз қалған майдангер

     Жеңістің 75 жылдығы жақындаған сайын редакциямызға майданда қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен аталары жөнінде деректер алып келушілердің қатары көбейді. Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері  – Ұлы Отан соғысының ардагері Сабыр Жамансариев. 

zhamansariev

Ол 1908 жылы Орда ауданына қарасты Жетібай ауылдық округінде дүниеге келген. Кейін ата-анасымен бірге Ресейге қоныс аударады. Сол жақта еңбек етіп, отбасын құрады. Бірақ тұтқиылдан басталған сұм соғыс бұл шаңыраққа да  өз зардабын тигізбей қоймайды. 1942 жылдың наурыз айында Сабыр Жамансариев та соғысқа алынады. Майданда ол №680-ші атқыштар полкінің құрамында сапер-танкист болып, 1945 жылдың 25 қыркүйегінде отбасына аман-есен оралады. Оның соғыста көрсеткен ерлігі ескерусіз қалмай, «Германияны жеңгені үшін», «Венаны басып алғаны үшін», «Будапешті басып алғаны үшін» медалдарымен марапатталған.

Майдангер С.Жамансариев елге келген соң қайтадан еңбекке араласады. Тек 1965 жылы Ресейден сол кездегі Камен ауданына қоныс аударып, Ленин совхозына қарасты 5-ші шақырым аталып кеткен күре жолдың бойында қой бағады. Малдың жағдайын жақсы білетін Сабыр ақсақал өзі еңбек еткен жылдарда берілген жоспарды артығымен орындап,   аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосады. Сол жылдары ол тынымсыз еңбегінің арқасында басшылық тарапынан әртүрлі марапаттарға да ие болады. Ал 1968 жылы зейнеткерлікке шыққан ардақты азамат 1983 жылы 75 жасқа қараған шағында өмірден өтеді.

Тек бір өкініштісі Сабыр Жамансариев ауданға келгеннен кейін не себептен екені белгісіз ардагерлер қатарына енбеген. Мүмкін тіркеуге тұрмады ма, ол жағы бізге белгісіз. Алайда жиені Нұрболат Мүтәлләпұлы нағашы атасының соғыста болғанын растайтын құжаттарды сонау Подольск әскери мұрағатынан арнайы сұратып алдырған.

– Сабыр менің нағашы атам. Оның қой баққан кезі менің есімде жақсы сақталған. Біз негізі Ресейден көшіп келген болатынбыз. Атамның ерлігін үнемі мақтан тұтып жүретінмін. Бірақ осыдан екі жыл бұрынғы Жеңіс мерекесіне арналған «Мәңгілік полк» шеруінде оның аудан ардагерлерінің қатарында жоқ екенін білдім. Сөйтіп, қолда бар деректерді жиыстырып, ең болмағанда Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында суреті газет бетіне шықсын, мүмкін танитындар бар шығар деген мақсатпен редакцияға келдім, – дейді кейіпкеріміздің жиені Нұрболат Есенбаев.

Иә, өмір мен өлім шайқасына түсіп, бізге жарқын өмір сыйлаған  ардагер әкелер есімі ешқашан ұмытылмайды. Өйткені олардың артында ізін жалғар өнегелі ұрпағы бар.

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале