17.10.2017, 17:17
Оқылды: 31

Этномәдени орталық өкілдері Теректі ауданында болды

Теректі ауданына Зеленов, Бөрлі аудандарының Достық үйі өкілдері, қос ауданның этномәдени орталықтардың мүшелері келді. Қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов қарсылап алды.

Теректі төріне жайғасқан қонақтарға Достық үйі фойесінде ақ ұсынылып, құрмет көрсетілді. Одан соң барлығы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асырудағы этномәдени  бірлестіктердің үлесі» атты тақырыпта өрбіген дөңгелек үстел басына жиналды. Аудан әкімінің орынбасары Алтай Серғазыұлы Елбасы қойған міндеттер мен ұсыныстар төңірегінде жасалып жатырған жұмыстардың біразына тоқталды.

Облыстық «Қоғамдық келісім» МКМ-нің басшысы Медхат Қамбетов осы бастама өміршең болуына тілек білдіріп, өзге аудандарға теректіліктерді үлгі етіп көрсетті. Ал аудандық Достық үйінің директоры Асыланбек Шайхин осы кезеңге дейінгі жұмыстардың басым көпшілігін тілге тиек етіп, тәжірибе алмасудың маңыздылығы турасында сөз қозғады. Бөрлі аудандық Достық үйінің директоры Мирас Бақтығұлов және Зеленов ауданындағы орыс этномәдени орталығының басшысы Наталья Сажина да атқарған жұмыстарымен таныстырып, жерлестерімізге естелік сыйлықтарын ұсынып үлгерді.

Дөңгелек үстел басында аудандық қоғамдық келісім кеңесінің  төрағасы Мұсағали Төлегенов, Бөрлі аудандық «Тонг-иль» этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виталий Ан, Зеленов аудандық «Ақниет» әжелер ансамблінің жетекшісі Гүлбаршын Қасиетова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлім Қоқашев сөз сөйлеп, ұлтаралық және конфессияаралық татулықтың бүгінгі таңдағы рөлі, Елбасының ерен еңбегі жайында әңгіме өрбітті.

Дөңгелек үстел соңы аудандық Мәдениет үйі өнерпаздары және этномәдени орталықтардың өкілдері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале