25.05.2024, 17:00
Оқылды: 2

Жәнібек ауданында соңғы қоңырау салтанаты өтті

Бүгін еліміздің білім ошақтарында соңғы қоңырау соғылып, оқушылардың мектеппен қоштасатын, түлектердің жаңа өмірге қанат қағып, қадам басатын кез.

«Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» шәкірт үшін мектеппен қоштасу – қимастық сезімге толы ең бір албырт шақ.

image-25-05-24-10-37-2

Жәнібек аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиевтің хабарлауынша, биылғы оқу жылын 2538 оқушы аяқтап, оның 113-і 11-сыныпты тәмамдады.

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың ескертуінше, түлектер соңғы қоңырауды ысырап жасамай, даңғаза қылмай өткізуі керек деген болатын. Осы орайда бүгін түлектер үшін «Мектебім, саған мың алғыс!» атты іс-шара аясында соңғы қоңырау соғылды. Ал республикамыздың барлық мектебінде кеше «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттары өтті.

image-25-05-24-10-37-4

Аудан әкімі Тимур Шиниязов пен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев Жақсыбай ауылдық округіндегі М.Ықсанов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде болып, соңғы қоңырау іс-шарасына қатысты.

Шараның шымылдығы еліміздің Гимнімен ашылды. Одан кейін мектеп директоры Мейірбек Сарнаулов оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, жыл бойына жеткен жетістіктерін атап өтіп, мектеп бітіруші түлектерге ақ тілегін жеткізді. Биыл мектепті 197 оқушы тәмамдады. 12 оқушы 11-сыныпты бітіріп, оның 1-еуі «Алтын белгіге» үміткер.

Аудан басшысы Т.Серікұлы да құттықтау сөз сөйлеп, мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тіледі.

image-25-05-24-10-37-3

Сонымен қатар 2004 жылы бітірген түлектердің атынан Бекежан Шарафутдинов пен Әсел Қарақұлова, 2006 жылдың түлегі, Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирінің 1-ші орынбасары, полиция майоры, Еркебұлан Сапанов жылы лебіздерін арнап, мектепке сый-сияпаттарын ұсынды. Түлектер сынып жетекшілеріне гүл шоқтарын ұсынып, алғыстарын айтса, ұстаздары 11 жыл бойы білім беріп, бозбала мен бойжеткендер қатарына бет алған шәкірттеріне сәт сапар тілеп, қимай қоштасатындарын тілге тиек етті. Сол секілді ата-аналар атынан сөз алған азаматтар да ұстаздар еңбегін жоғары бағалап, қашанда алтын ұядағы білім мен тәрбие алдағы уақытта өз жемісін беретініне сендірді. Күміс қоңырауды 11-сынып оқушылары соғып, осы бір сәттегі ән әуезі қалықтап, ол қоштасу вальсіне ұласты.

Салтанатты шараның соңында түлектер аспанға ой-тілектері жазылған шарларды ұшырды.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале