25.05.2023, 15:00
Оқылды: 40

Казталов ауданы: Балалар жазда қайда демалады?

 «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз!» деп оқу жылы аяқталысымен жазғы тынығу лагерлеріне асыққан мектеп оқушыларының қаншасын «жайнатып, күлдіре» аларлық қауқарымыз бар? Биыл балалар қайда демалады, қаншасы сауықтыру лагерлерінде ем алады? Балалар демалысын тиімді ұйымдастыруда тілге тиек етерліктей тағы не бар?

Балалар жазда кайда демалады

Дәл осындай көкейдегі сан сауалға жауап іздеп аудандық білім беру бөлімінің мамандарының есігін қақтық. Қаққан қолымызды бос қайтарғысы келмеген жауапты маман Назгүл Мәдиқызы жұма күнгі жұмыс аяғына дейін «бізде бар мәліметті беремін» деген еді, алайда айтылған уәденің орындалуын әрі күтіп, бері күтіп, болмағасын қайта хабарласып, нәтижесінде мардымды мәлімет ала алмадық.

«Олар бермеді, біздер алмадық» деп қол қусырып қарап отырмай жуырда ғана өткен аудандық Қоғамдық кеңес отырысында ұсынылған аудандық білім беру бөлімінің басшысы С.Жаңгерееваның «Ауданда оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы» хабарламасын негізге ала отырып 2023 жылғы жазғы демалыс кезеңінің қалай өтеріне төмендегіше талдау жасадық.

2023 жылғы оқушылардың жазғы демалысы үшін екі аудандық және 35 мектеп жанындағы лагерлер жұмысы жоспарланып отыр. Мектеп жанындағы лагерлерде 4 344 оқушы демалса, екі аудандық лагерде 8 кезең бойынша  барлығы 528 бала демалады деп күтілуде. Сонымен қатар 2023 жылдың 11-30 сәуір күндері «Балдәурен» республикалық оқу сауықтыру орталығына (химия, биология, физика пәндері бойынша халықаралық, республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпаздары мен қатысушылары) 13 оқушы, 4-23 мамыр күндері «Балдәурен-Түркістан» республикалық оқу сауықтыру орталығына (әскери-патриоттық клубтардың қатысушылар және «Жас ұлан» клубының мүшелері, әр түрлі байқаулардың жеңімпаздары) 20 оқушы жолданған. Алдағы тамыз айында облыстық «Евразия туристік-сауықтыру» кешеніне – 15 бала, «Самал» сауықтыру кешеніне  - 15 бала демалады деп жоспарланып отыр. Бұл аудандық білім беру бөлімі басшысының хабарламасында қамтылған мәліметтер.

Аудандық Қоғамдық кеңес отырысында аудан бойынша оқушылардың жазғы тынығу лагерьлермен қамтылу көрсеткіші жылдан-жылға кеміп келе жатқандығы байқалды. Салыстырмалы түрде айтып өтсек, жазғы демалыспен қамту жоспары 2021-2022 оқу жылдары – 4970 бала болса, биыл – 4935 бала, яғни 35 балаға азайған. Оған басты себебі ауданда ауыз толтырып айтарлықтай демалыс лагерлерінің жоқтығы десек болады. Бүгінгі  таңда 16 округтен құралатын аудандағы төрт демалыс лагерінің тек екеуінің ғана жұмыс жасап тұруы – үлкен мәселе.

Кеңестік кезеңде шаруашылық есеппен салынған «Алау» лагерінің ғимаратына 2022 жылдың наурыз айында «Technical survey» ЖШС-ның жетекшілігімен техникалық байқау жүргізіліп, нәтижесінде «құрылыс конструкциялары шектеулі жұмыс жағдайында, санитарлық және құрылыс нормаларына жауап бермейді және қызмет ету мерзімі 30 жылға дейін болғандықтан жөндеу жүргізу ұсынылмайды деп санаймыз»  деген қорытынды берілген болатын. Осыған байланысты аудандық құрылыс бөлімінің тапсырысымен типтік жобадағы жыл бойы жұмыс істейтін 100 орындық лагерь құрылысының сметалық құжаттамалары дайындалып, алдағы уақытта бой көтереді деп күтілуде. Жоспарланған аталмыш демалыс орнының құрылысы өзінен бұрын басталған білім ордаларының құрылысына «тартып» кетіп, «сақалды құрылысқа» айналмаса игі. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші халықтың қаупі осыда.

Қош, қолымызда барды қаужай тұрайық...

Ақкөл жазғы демалыс лагері  - 36 орындық. 13 жатын бөлмесі, демалыс бөлмесі, медқызметкер бөлмесі және оқшаулану бөлмесі бар. Келесі қосымша ғимаратта асхана және қойма орналасқан. Әжетқанасы сыртта орналасқан, бассейнмен қамтамасыз етілген.

Ақпәтер жазғы демалыс лагері – 30 орындық. Төрт жатын бөлмесі, демалыс бөлмесі, медқызметкер бөлмесі және оқшаулану бөлмесі бар. Әдеттегідей асхана мен қойма бөлек ғимаратта жасақталған. Әжетханасы іште орналасқан, қаңқалы бассейнмен қамтамасыз етілген. Ауыз су кіріп тұр.

Өткен жылы аталған екі демалыс лагеріне де 8 камера (4 ішкі, 4 сыртқы) орнатылған болатын. Дәлізде  қауіпсіздік ережелері ілінген. Эвакуациялау жоспары жасақталған, қосымша есіктері де бар. Өрт қалқаны, өрт дабылы орнатылған.

Екі лагерге барлығы 78 педагог жұмылдырылмақ. Лагердің маусымдық жұмысына екі медицина қызметкері,  төрт аспаз, екі еден жуушы, екі шаруашылық меңгерушісі, екі кір жуушы, екі қосалқы жұмысшы жалпы 14 қызметкер жұмысқа алынады.

Лагерьдің сегіз кезеңі жоспарға сай жүргізіледі. Балалар күніне екі мезгіл ыстық, үш мезгіл жеңіл тамақ ішеді. Тағам мәзірі әр күн сайын қайталанбай ауысып отырады. Демалысты ұйымдастыруда тәлімгерлерге күндік жұмыс режимі бекітіліп, мәдени шаралар, спорттық сайыстар, танымдық ойындар ұйымдастырылады.

Қазіргі уақытта қос аудандық лагерде де тазалау, ақтау, сырлау секілді дайындық жүргізіліп жатыр. Аудандық санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау басқармасының қорытындысын алғаннан кейін лагерьлер өз жұмысын бастайды.

Бүгінгі таңда екі лагерге де аспаз қажет. Ал «Ақкөл» демалыс лагерінде су мәселесі шешімін таппай келеді. Демалыс орнына су Жалпақтал ауылынан тасымалдаушы көлік арқылы жеткізіледі.

Ауданда орналасқан жазғы демалыс лагерлері мектеп жасындағы оқушылардың тек 10 пайызына ғана «көңілді демалыс» сыйламақ. Қалған 90 пайыз оқушы жазғы демалысты өз ауылдарындағы мектеп жанындағы лагерде немесе телефонға телмірумен өткізуге мәжбүр.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале