10.11.2020, 9:36
Оқылды: 512

«Қорасында айыры жоқтың, малға қайыры жоқ»

Осынау ағамызбен көптен таныспын. Ол – Нәсіпқали Қайырқомов. Қазіргі Ақжайық ауданындағы Бударин ауылдық округінің Тоған елді мекенінде біраздан бері «Нұртілек» шаруа қожалығының басшысы.

FBD5A94D-28B5-427E-B935-7953A6A745F1

Көлеңкелі жер, тұнық су, шүйгінді өңір қазіргі уақытта қолға түсе ме? Міне, азамат көптің ісі болғанымен көзсіз ерлікке татығандай мал шаруашылығымен 60 жылдан астам айналысып келеді. Талай қиындықтарды артта қалдырды. Себебі малдың аты мал емес пе?! Аяқты жылқы бақты, атаусыз қалған жоқ. Ақтылы сиыр бақты, ақсыз отырған жоқ. Түлік төресі түйе бақты, қатардан қалдырған жоқ. Қоңыр қой бақты, қоңсыз болған жоқ. Міне, төрт түліктің төртеуі де Н.Қайырқомұлының қолынан өтті. Абырой биігіне қадам басты. Еңбек биігінде еленді.

Бірді айтып, бірге кеткендік емес. Осы жақында осы әңгімені қолға аларда Орал қаласында атақты Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдық мерейтойына орай тұрғызылған ескерткіштің ашылу салтанатында кездейсоқ осы Нәкеңмен жолықтым. Қасында Айтқали Нәріков бар екен. Ол – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, республикамызға кең танымал жан. Екеуінің сыртқы кескін-келбеттері, бітім-болмыстары, ой-өрістері шамалас болса, жастары да 80-нің иығына шыққан «қариялар» делік. Делік десек те, шалдан гөрі шалдықты мойындамайтын шамалары көзге ұрады. Жүрістері ширақ, кескіндерін жарасымды келбеттері толықтырып тұр. Сөйтіп, желкілдеген 70-тің шамасы ма дерсің. Әдемі жымиып, әсерлі әңгімелері жарасқан. Осы ақиық ақынның шарасына шын ниеттері көрінеді. Қастарында жүрген Қоңырша апамыз да (Нәкеңнің зайыбы) қырмызы мінезімен қызыларай сән береді. Он шақты перзент сүйген адамдардың осыншама жасқа жетсе де, сол жеткен жерін жаңылыстырғандай әсер қалдырады. Оның үстіне, бұл мерекенің мәні мен мазмұнын өздері терең қабылдап, айналаға әдемі шырай, салиқалы сән көрсеткендей.

Жоғарыда айтып өттік, Нәкең мен Айтекең Тасқала мен Чапаев аудандарында бірге өскен, бірге оқыған жандар. Сонау соғыстың салқынын сезген. Сол жылдарда балалық шақтың бәсі болмады. Бірде аш, бірде тоқ бола жүріп шөп шапты, өгіз жетектеді, келдек терді, қырман көтерді, қора майлады, қи шығарды, қауға тартты, т. б. ұжымшардың ең арзан жұмыс қолы болып, еңбекке араласты. Үлкеннің жұмысына балалар тартылды. Бригадир қайда жұмсаса, сонда барды. Қолға түскенді тең бөлді, тең ішті. Ешқандай еңбек даулаған жоқ. Осындай жағдайда жүріп оқу да ойлағандай болмады. Көңілсіздеу балалық шақтары өтті. Тек адал еңбек ету мақсаттары болды. Сөйтіп, талай нәрсені бірге өткізіп келеді.

Айтқали Нәріковтің жақында жарық көрген кітабы «Дала дарабозы» деп аталыпты. Ол еңбек ардагері, досы Н.Қайырқомовтың өмір жолы, еңбек жолына арналған. Оған аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов алғысөз жазған екен. «Осылайша болашақ ел ағасының өмір белестері мен еңбек жолы оқырман жадына тоқыла береді. Қаршадай баланың ауыл арасында жүріп, кемелдікке бет бұруы, сол жолдағы толғаныстары, ішкі бұлқыныстары, мақсат-мүдде межесін белгілеудегі ізденістері, т. б. ойлы адамдарға тән қам-қаракеттері кітапта шынайы тұрғы-да баяндалады», – деп жазған болатын.

Басшының ауданымызға келгеніне көп болмағанмен, еңбек адамын әріден танитын қырағылық қасиеттері жаңылыстырмаған. Қашанда адал еңбекті көргісі келетін жан осылай сөйлесе керек. Сөйтіп, о бастан-ақ, еңбек десе, елеңдеп тұратын Нәкеңнің қарапайым ғана тірлігі аудан, облысқа тарады. Мұнда жазушы кейіпкерінің еңбектегі ісін, жанұядағы тәрбиесін, қоғам алдындағы жауапкершілігін, өзін қоршаған еңбек адамдарымен араласын, т. б. қырларын әдемі кескіндеген. Балалық шақтан бастап, күні бүгінге дейінгі еңбек адамының өсу жолын қарапайым тілмен өрнектеген. Кейінгіге үлгі еткен.

Нәсіпқали ағамыздың Атыраудағы досы, танымал сазгер, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі болып қоғамдық жұмыстар атқарған танымал Ілия Жақанов жақында осы Ақжайық ауданына келіп кетті. Жұбан Молдағалиевтың мерейтойына бастан-аяқ қатысты. Осы жанның біздің еңбек ардагері Нәкеңмен аралас-құраластығы да біршама уақыттан бері жарасымды өріліп келеді. «Мен Нәсіпқалимен көп жылдан бері таныспын. Арамыз 3-4 жас болса да, тереземіз тең адамдарша сөйлесеміз. Ол мені құрмет тұтуға әзір. Бір байқағаным, ол өзінен кішіні де өзімен тең көреді екен. Әріден болжағыш, топшылауы көздеген жерінен шығып жататын көріпкелдігі басым. Кей адам бірер жас үлкендігін бұлдап шалқайып тұрар болса, Нәкең баяғы қалпы. Үлкенмен де, кішімен де кеу-кеулесіп әңгімені ортақ арнаға бұрып жүре береді. Үлкен отырсын, кіші отырсын сыпайылықтың шеңберінен асып кеткен жерін байқаған емеспін. Көп біледі. Тарихи кітаптардан үзінділер оқып, оны белгілеп қояды. Академик жазушы Сәбит Мұқанов  пен әңгіменің шебері Тоқаш Бердияровтың есте қаларлық әңгімелерін жеріне жеткізе баяндайды. Ілияс Есенберлиннің соңында қалған мұраларын, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шыншыл шығармаларын шырайын келтіріп айтқанда, білгірлігіне таңғаласың. Сондай-ақ Оралхан Бөкей, Дүкенбай Досжан сияқты біртуар азаматтардың романдарын сүйсіне оқитынын байқатып отырады», – дейді сазгер.

«Нұртілек» шаруа қожалығының жетекшісі Н.Қайырқомовтан еңбекте үйренер нәрсе көп. Үй ішіндегі шаруаларға араласа бермейді. Сөйтіп, оны көбіне төрт түлік малдың қамы алаңдатады. Әсіресе қой бағу оңай емес. Барлық шаруасы көз алдыңда тұрады. Бірақ жібек жүні, жылы тоны, дәмді еті естен кетпес. Сиыр да дәл сондай. «Сиыршылап» деген сөз содан қалған ба деймін. Сүйретіліп орнынан тұрғаннан, күйіс қайырып жатқанға дейін адамға салмақ салады да тұрады. Әйтеуір, «Сиыр баққанның сіңірі шығады» деген сөз бізге жеткен. Бірақ сары май, балқаймақ, тәтті айран қайдан келеді? Мұны бір деп біл. Ал қымыздың жөні бөлек. Денсаулыққа дәруменді, бойға қуат беретін сусын іздесең, жылқышыны табарсың. Биыл адамға ажал тудырған, әлемді шарлаған жұқпалы індет осы қымыздың қуатымен беті қайтты десек, артық айтқандық емес. Десе де, өркеш пен шұбаттың бәсі де басым, асы да асың. Қарының тоқ, көйлегің көк. Міне, сөйтіп, малдың да малы бар. Ешкі екеш ешкі де еленбей жүрген түлік. Оны да қолға алатын уақыт болды. Сөйтіп, игілігін ел көрсін дейміз.

Бударин ауылдық округінің әкімі Шоқан Рақымұлының «Нұртілек» шаруа қожалығы жайында жақсы пікір білдірді. «Еңбекте тынымсыз жан. Қазір бағымында 142 сиыр, 123 жылқы, 260 қой-ешкі, 38 түйе бағылуда. Техникалары жеткілікті және жаңа. Барлық малдың бағым-күтіміне бір адамның әлі келмейтіні түсінікті. Бала-келіні Жомарт пен Жұмақыз әрдайым ауылда, мал-дың басы-қасында. Қазір бұрынғыдай емес, жер азып бара жатыр. Шөптің құнары төмен. Қыс жақын. Малға жем болмаса болмайды. Соның қамымен қожалық жетекшісі Оралға кеткен еді, жаңа келіпті», – дейді бәрін бес саусағындай біліп отырған басшы.

Расы керек, Нәкең үйде жоқта осы баласы бар шаруаға бас-көз болып жүреді. Жоғарыдағы кітапта да «Дала дарабозы» бала-келіннің жайы толық айтылған-ды. Тәрбие деген осы. Алдыңғы толқын қайда соқса, соңғы толқын сонда соғады. Әкеден алған тәрбие – өмірге сабақ. Үйдің ішінен бастап, сонау жайлауға дейін шаң басып, шашылып жатқан еш нәрсе жоқ. Мал баққан соң, бәрі керек. Айыр, күректен бастап өгіз шанаға дейін сайлы тұрғаны жөн. «Қорасында айыры жоқтың, малға қайыры жоқ» дегенді Нәкең жиі айтады. Онсыз мал бақтым деме. Сөйтіп,  бәрі де өз орнында. Міне, бұл – тәрбиенің ізі. Ақылдың айдалаға кетпегені.

Тілес Жазықбай,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале