1.08.2022, 17:45
Оқылды: 98

Қымбатшылық қысып барады

Бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі – көпшілік тұтынатын азық-түлік бағасының күн санап өсуі. Әзірге базарлар мен дүкендердегі бағаға тосқауыл қоятын құдірет болмай тұр. Десе де  нақты жағдайды білу үшін "AMANAT" партиясы  Бөрлі аудандық филиалының жанындағы Партиялық Бақылау Комиссиясының мүшелері мен белсенді партияластарымыздан тұратын мониторингiлiк топ құрылған болатын.

12

Жақында құрамында Партиялық бақылау комиссиясының төрайымы мен, яғни  Дариға Нұрашова, АМАNAT" партиясының мүшесі, "Спорттық" БПҰ төрайымы  Майра Суюндикова, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы м.а. Нұргүл Кубашева және "АMANAT" партиясы Бөрлі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Орынбасар Төлемісов бар мониторингілеу тобы рейдке шықты. Мониторингiлiк топтың мақсаты, сауда орталықтарындағы әлеуметтік маңызды тауарларға жататын 19 түрлі азық-түлiктiң бағасын мониторингілеу, негiзсiз бағалардың өсуіне жол бермеу болатын. Қалай жол бермейсің? Біз кірген сауда нүктелерінің барлық сатушылары бірауыздан «Оралдан көтерме баға қымбаттап келіп жатса біз қайтеміз» дейді. Тұтынушылар ең көп баратын "Таир" және "JARSUAT" сауда орталықтарына бардық.

"Таир" базары  

Қолымызда әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түрлiктің тізімі бар. Бағаларын жазып алдық. Азық-түлік бағалары  бір-бірінен онша алшақ кетпегенмен, бірдей емес. Мәселен, аты шулы секердің келісі 640-650 аралығында сатылуда екен. Күріштің келісі 330 бен 430-дың аралығында сатылуда. Сортына, қаптамасына байланысты да ғой. Құмық жармасы да 650 мен 850-дің аралығында. Бірінші сортты нан 170-тен сатылуда. Жоғары сортты нанның бағасы 200-дің айналасы екені белгілі.

"JARSUAT" базары

Бұл базардағы сатушылар баға алшақтығына таңқалысымызды үдете түсті. Халық көп тұтынатын макорон өнімі (рожки) келісі бір жерде 350 болса, бір жерде 365, енді бір жерде 390-ға дейін барады. Фирмасы да, қаптамасы да бір өнім. Сол сияқты секердің бағасы да 640, 660, 720 болып кете береді. Баға айырмашылығын сатушылардың ешқайсысы нақты түсіндіріп бере алмады. Бірі бәріміз бір адамнан сатып аламыз, көрші бутиктің қаншадан сатып жатқанын білмеймін десе, екіншісі бутиктің иесі Оралдан өзі барып әкелгесін арзан болады дейді. Енді бірі сатып алу құнына 10-15 пайыздан артық қоспайтынын айтып шыр-пыр болды.  Дүкеншілер арасында тездетіп бутиктерін жауып тастағандар да, бала-шағамды осымен асырап отырмын, тауардың келу құнына 20 пайыз қосып отырмын, ал деп доқ көрсеткендер де бар.

№6 сатушысы Райса Қуаншалиева:

Біз де тұтынушымыз ғой. Біз де осы ауданның тұрғынымыз. Негізі, Оралдағы көтерме саудамен жұмыс істейтіндерді тексеру керек сияқты. Өйткені, біз солар қандай бағамен береді, соны алуға мәжбүрміз. Олар да басқа жақтан қымбатқа аламыз дейтін шығар. Ол жағын білмеймін. Бағаны ешқашан негізсіз көтерген емеспіз. Азық-түлік бағасының  күннен күнге шарықтап бара жатқаны бізге де батады. Кейде бізге неге қымбат деп ұрсып, шағымданатын  тұтынушылар да кездесіп жатады.

Ет базары

Ет базары бұрынғыша, сиыр етінің бағасы 2400-ден екен. Жылқы бұрыннан қымбат. Қой еті соңғы кезде аздап көтерілді. Бас, жамбас жейтін құдалық көбейген шығар. Лайым, солай-ақ болсын. Бірақ, ет сатушылардың да өзіндік базынасы бар екен. Олар «мекеме аралап ет сататындарға тыйым салыну керек қой, олардың еттері санитарлық тексеруден өтпеген. Оны ешкім қадағалап отырған жоқ»  деген пікір айтты. Бұл әңгіме  ет сатушылар арасындағы бәсекелестікке ұқсап тұрса да жаны бар сөз бе деп қалдық.

Кәсіпкерлік бөлім басшысының м.а. Нұргұл Кұбашева:

Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9 бабының 2 тармағы бойынша ішкі сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бірнеше өндірушіден немесе көтерме сауда арқылы берушіден болған жағдайда, неғұрлым төмен құны бар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік шартында көрсетілген, өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда арқылы берушінің сатып алу бағасының 15 пайыздан аспайтын шекті сауда үстемесін белгілейді». Бір сөзбен айтқанда, көтерме бағамен алынған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының құнына 15 пайыздан артық қосылмау керек. Оның соңы ескерту, әкімшілік жаза, т.с.с алып келеді.

Р.С. Келесі апта азық-түлік сататын сауда орындарын тағы аралайтын болдық. Оның үстіне тауардың бағалары (ценниктер) жазылмаған  орындар да кездесті. Ескерту жасап, тағы келеміз деп «уәде» беріп кеткен орындар да бар. Бағаның күнде өсіп жатқаны өз алдына, бір жерден көтерме бағамен ала тұрып, әр жеке кәсіпкер әртүрлі бағамен сатып жатқаны түсініксіз боп қалды. Бұл мәселе ары қарай зерттеуді қажет етсе керек...

Дариға Нұрашова

                                                                                                                       Бөрлі ауданы

                                                                                                                        zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале