5.05.2021, 17:40
Оқылды: 34

Майдангер Қабен Аубакировтың ұрпақтарын іздейміз

Жуырда Тасқала аудандық "Екпін" газетінің редакциясына Шығыс Қазақстан облысынан волонтер Зәуреш Ертайқызы қоңырау шалды. «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің ШҚО бойынша еріктілері қазіргі уақытта қарқынды жұмыстанып жатқанын жеткізді. Осы орайда өзінің де өтініші бар екендігін айта кетті. Еріктілердің алға қойған мақсаты ІІ дүниежүзілік соғыста жоғалған немесе қайтқан жері белгісіз майдангерлерді іздестіру және олардың ұрпақтарын анықтау екен. Аталмыш ерікті алдымен жергілікті өлкетанушы, соғыстан оралмағандарды іздеу жұмыстарымен айналысып жүрген жерлесіміз Ахмедияр Батырхановқа хабарласып, анық-қанығын сұрап біледі. Тағдырдың тәлкегімен бұл күнде белгісіз болып қалған боздақтардың есімін анықтап, ұрпақтарын аманат ретінде табыстау – аталған қоғамдық бірлестіктің қолға алған жұмысы.

BEFF09FE-CE1E-4B64-87F6-887FAEE676B1

– Мен іздестіру жұмыстарын негізі өзімнің аталарымды іздестіруден бастадым. Сонау 1970 жылдары көп мәліметтерді Мәскеуден ала алмадым. Одан кейін көп уақыт өтті. Зейнеткерлікке шыққан соң, осы жұмысты қайта қолға алдым. 2019 жылы нақты кірістім. Көп кешікпей Тула қаласының іздеу тобына хат жаздым. Бір уақыттарда жауап келді. Өзіміздің жерлесіміз Раиса Николаевнадан жеткен хатта жаңалық бар екен. Ол кісі негізінен майдангерлердің жұмбақ тағдырын зерттеумен айналысады. Сол адам бізге өтініш жасады. 38-атқыштар дивизиясының құрамы жөнінде хабарламада біраз мәліметтер бар. Тула қаласының маңында қазақстандық майдангерлер жерленген көрінеді. Көп кешікпей Раиса Николаевна екі майдангердің мүрдесі табылғаны жөнінде де хабарлама жіберді. Олармен бірге медальон табылған. Сонда адрестері жазылған. Оның бірі қазақстандық Қабен Аубакиров (1913 жылы туған) болса, енді бірі Николай Сафронов (1924 ж.т) екен. Негізінен Қабен жөнінде 1954 жылдары іздестіру жұмыстары жүргізілген. Бірақ ешқандай нәтиже болмағаннан кейін, жұмыс сол күйі тоқтатылған. Айтпақшы, жоғарыда айтқан медальонда әйелінің адресі болған екен. Онда «Пскентского район, Краснаярский сельский совет, Рудный-Чудак. Лушкина Татьяна Федоровна» деп жазылған көрінеді. Қазіргі таңда ол кісі туралы мәлімет алу оңай болмай тұр, – дейді ШҚО «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, ерікті Зәуреш Баекенова.

Біздің редакциямызға Зәуреш Ертайқызының хабарласуының өз себебі бар. Жоғарыда аталған Қабен Аубакировтың ұрпақтары Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында болуы мүмкін деп шамалайды. Егер майдангердің ұрпақтары табылып жатса, редакциямызға хабарласуыңыз немесе Зәуреш Баекеноваға (ұялы телефоны: +7 777 146 15 73) жолығуыңыз сұралады, құрметті оқырман!

Тасқала аудандық «Екпін» қоғамдық-саяси газетінің байланыс телефоны: 8-71139-21-456.

Әсет Баян,

Тасқала ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале