25.12.2019, 15:04
Оқылды: 51

Мал өнімдерін қайта өңдейтін цехтар жоқ

Сиырдың ғылыми анықтамасы – мүйізді ірі қара. Сүтқоректілер класына жататын аша тұяқты, күйіс қайтаратын жануар. Тәулігіне екі рет сауылады. Бұл буйвол, қодас, зубр, бизон сияқты емес, дүние жүзіне кең тараған. Сиырдың жаңа тұқымы, түрі көп.

mal (2)

Зеңгі баба түлігін жасына қарай: бұзау, баспақ, құнажын, дөнежін (піштірілген еркегін құнан өгіз, дөнен өгіз), бес жасар, алты жасар деп бөледі. Жалпы сиыр жиырма-отыз жас жасайды. Сауын сиырдан тоғыз, он жылдай жақсы өнім алынады. Бұдан кейін тісі тозып, сүті қайтып, еті кемиді. Бұқасы он бес-жиырма жыл тіршілік етеді. Ол жарамсызданып болдырса да сұсты боп келеді. Айғыр секілді өз үйірін ғана қорып, қайырмай, басы ауған жаққа тұмсығын көтеріп қойып жүре береді. Қыртыс-қыртыс жуан мойны ірк-ірк етіп, қатпарланған әукесі салақтап, гүж-гүж етіп жер тарпып, үстіне топырақ шашып, екі көзі қанталап шабынып тұрған бұқа ештеңеден қаймықпайды.

Зеңгі баба және басқа да түліктердің Жәнібек аудандағы хал-ахуалы қандай, енді соған тоқталып көрейік. Аудан халқының тыныс-тіршілігі, негізінен, мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан, ол тек ауыл шаруашылығының жалпы өнімін беріп қана қоймай, сонымен қатар, халықты маңызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін саласы болып табылады. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша ірі қара – 42871, жылқы – 14920 басқа жетіп, өсім тиісінше 100,4 және 100,1 пайызды құраған. Көріп отырғанымыздай, сиыр малынан өсім бар.  Түйе малы  66 басты құрап (2018 жылы – 108 бас), 31,5 пайызға кемігені байқалады. Оған ауданымызда түйе өсіретін «Әлем» шаруа қожалығының 13 басты етке тапсыруы мен 29 басты көршілес Атырау облысына сатуы себеп болған.

Жылма-жыл шаруа қожалықтарындағы ауыл шаруашылық малдарының үлесі артуда. Мысалы, 2017 жылдың 1 қаңтарында мүйізді ірі қараның 70,9, ұсақ малдың 60, жылқының 89, түйенің 100 пайызы ауыл шаруашылығы құрылымдарында шоғырланған болса, ағымдағы жылдың 1 қарашасына  бұл көрсеткіш мүйізді ірі қара бойынша 73,2, ұсақ мал 90, жылқы 72,3 және түйе 100 пайызға жетіп отыр.

Ата-бабамыз төрт түліктің өнімін қажетіне жаратып қана қоймай, оның тұқымын асылдандыруға ерекше мән берген. Қазір бұл бағытта мемлекет тарапынан да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауданымызда асыл тұқымды мал басының үлес салмағы жыл өткен сайын артып келеді. Бүгінгі таңда аудан аумағында 11 асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық тіркеліп отыр. Соның ішінде, «Әлем», «Жасқанат», «Марал», «Нұржан», «Дидар», «Қасен», «Ермек – 2» және «Ұлан» шаруа қожалықтары ірі қара, «Әлем» мен  «Номад-Ел» жылқы, «Ерғазы» шаруа қожалығы қой малын өсірумен шұғылдануда. Жақсыбай ауылдық округіндегі «Ағайын» шаруа қожалығы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиеге қол жеткізіп, Қостанай облысынан 45 бас ангус ірі қара қашарларын сатып алып, асыл тұқымды шаруа қожалығы мәртебесін алу үшін жұмыстануда.

Бұрын төрт түлік, негізінен, тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарына тиесілі болса, Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде ірі қараның жеке сектордан ауыл шаруашылығы құрылымдарына қарай шоғырлануы байқалып, мал басының саны артуда. Аудан бойынша 365 шаруа қожалығы болса, жыл басынан бері 12 ШҚ жаңадан тіркелген.

Аудан бойынша 170 шаруа қожалығы мен 3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің үстіміздегі жылғы 6 маусымдағы №228 бұйрығымен бекітілген «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» ережеге сәйкес тұқымдық түрлендіруге қатысып, жалпы көлемі 291 млн. 099 мың теңге субсидия қаражатын игерді. Жыл басынан 111 шаруа қожалығы 349 бас асыл тұқымды бұқа және жеті шаруа қожалығы 150 бас асыл тұқымды қошқар сатып алды. Тұқымдық түрлендіру бағыты бойынша шаруа қожалықтарындағы 13957 бас ірі қараның аналығына 563 бас асыл тұқымды бұқа және қоғамдық табындағы 2830 бас ірі қараның аналығына 119 бас асыл тұқымды бұқа қосылып, барлығы 16787 ірі қара аналығы қамтылып, тұқымдық түрлендіру 92 пайызға жетіп отыр, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Асылбек Қамашев.

Оның айтуынша, биыл экспортқа 130 тонна ірі қара, 45 тонна қой етін шығару жоспарланыпты. Содан күні бүгінге 1542,24 тонна (11016 бас) ірі қара еті Армения Республикасына шығарылып, жоспар 1186,3 пайызды құраған. Ресей Федерациясына 155,74 тонна (7787 бас) қой еті экспортталып, бұл орайдағы жоспар 346 пайызға орындалыпты. Жалпы, 2019 жылдың қаңтар-қараша айларында 1697,98 тонна ет экспортталып, жоспар 970 пайызға орындалған.

Қыстың қамын жазда ойлайтын ағайындар 2019-2020 жылдың мал қыстағына қажетті пішеннің жеткілікті қорын жасақтап алу үшін «жасыл орақ» науқанында бел шешпестен еңбек еткен. Аудан бойынша 110 мың 900 тонна мал азығын дайындау жоспарланған болса, 114 мың 111 тонна пішен жиналып, жоспар 102,9 пайызды құраған.

Ірі қараны көбейтіп, олардан сапалы өнім алу үшін мал ауруының алдын алу жұмыстарына жете мән беру керектігі белгілі. Осы орайда мал дәрігерлері арқылы жылма-жыл жоспарлы ветеринариялық-профилактикалық егу, ауыл шаруашылығы малын бірдейлендіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қолдау, ветеринариялық іс-шаралардың сапалы орындалуы өз нәтижесін беруде. Аса қауіпті аурулар бойынша ауданда эпизоотиялық жағдай тұрақты, – деді бізбен әңгімесінде аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Қуаныш Мақашев.

Мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық міндеттерінің бірі оны жаңа технологиялық негізде жандандыру болып табылады. Оған қоса селекциялық жұмыстардың жаңа жетістіктерін пайдаланып, саланың рентабельді жұмысы үшін жағдай да жасалу керек. Түйіндеп айтқанда, мал шаруашылығының тиімділігі бұл саладан алынатын өнімдерді қайта өңдеуге байланысты. Бұл бағытта ауданымызда ет, сүт өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорын не цехтардың жоқтығын айта кеткен жөн. Осындай өндіріс желілерінің болмауы мал шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін төмендетуде.

Асқар Құсайынов

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале