15.04.2021, 14:14
Оқылды: 77

«Малшы болғым келмейді...»

Соңғы үш жылда «Ауылда мал бағатын адам жоқ. Табылған жағдайда да тұрақтамайды» дейтін шаруа қожалық иелерінің қатары көбейді. Жәнібек ауданы әкімінің халық алдында есеп беру кездесуінде де бұл мәселе жиі айтылады. Қазір ешкім мал баққысы келмей ме? Мүмкін мемлекет тағайындаған атаулы әлеуметтік көмектің шарапаты тиюде ме әлде бір кінарат қожалық иелерінің жұмысшыларды заңды тіркемейтіндігінде ме? Мәселенің мән-жайын саралап көруді жөн көрдік.

TOPSHOTS A shepherd boy is silhouetted on June 26, 2013, in Qunu a rural village where former South African President Nelson Mandela grew up. Mandela's close family members gathered to hear a sombre prayer wishing the anti-apartheid icon a "peaceful, perfect, end" as he lay in hospital in critical condition with his life seemingly slipping away. AFP PHOTO / CARL DE SOUZA CARL DE SOUZA/AFP/Getty Images

 Келісімшарт жасасуға келіспейді

 «Асылбек» шаруа қожалығының жетекшісі Нарынбек Хайруллин қожалығына отбасылы адам іздейді. Өйткені, оның айтуынша жалғызбасты адам тұрақсыз болады. Екі ай істеп кетіп қалады. Ал отбасымен келіп тұрса, ол ешқайда алаңдамай жұмысын істейді екен.

-Келісімшарт жасасып, барлық төлемдерін аударуға дайынмын. Тек істейтін адам болмай тұр. Болса да, бәрі де уақытша, - дейді ол.

Сол сияқты «Сұңқар» шаруа қожалығының жетекшісі Таңат Сәриев ауыл жастары жеңіл жұмыс пен Атырау жақтағы вахтаға әуес екенін айтты.

-Өкінішке қарай, қазір малшы таяғын ұстап қалар адам қалған жоқ. Жастар ат тізгіндеп, мал баққаннан гөрі, темір тұлпарды тақымға басып, «клиент» баққанды жөн көреді. Бұрындары кеңес үкіметі кезінде кәсіптік-техникалық училище деген болды. Меніңше, соны ауылдардан ашатын мезгіл жеткен сияқты. Мәселен, облыс орталығында ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын аграрлық-техникалық колледж бар. Онда экономист, есепші, электрик, механик, технолог, кеме жүргізуші, құрылысшы, фермер, балық өсіруші, ветеринарлық фельдшер мамандықтары оқытылады. Тым болмаса, соның жанынан малшы, шопан, жылқышы, қойшы бөлімдерін қосымша ашуға болады ғой. Жарайды, ол бөлек мәселе. Қазір ауыл жастары вахталық жұмысқа қызығады. Бір барып істеп келгенде 200 мың теңге табамын дейді. Сонда бір ай істеп бір ай демалғанда табатыны сол ақша болса, екі айға бөлгенде айына 100 мың теңге болатынын айтып жүремін оларға. «Одан да отбасыңның қасында, ауылда жұмыс істесең, сол ақшаны табасың ғой» десем, «вахтаға кетемін» деп болмайды. Енді бірі «мені заңды тіркеме, зейнетақы, медициналық әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударма, қажет емес. Қолма - қол ақшамды бер немесе бума шөппен есептес» дейді. Егер бір күні ауырып қалып, ауруханаға барып қаралған жағдайда, МӘМС аударылмаған, сені қабылдамайды» деп айтсам, «ауырмаймын» дейді. Сөздің шыны керек, заңды тіркеуге келіспейтіндер, жауапкершілігі жоқ, ауыр жұмыстан қашатындар көбейді.

     Заңды тіркеуден қашады

 Аудан бойынша биыл мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 250 отбасыға, яғни 1092 адамға тағайындалған. Соның ішінде шартты түрі бойынша 990, шартсыз бойынша 102 адам алады. Халықты жұмыспен қамту орталығы атаулы әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Тимур Хамзиннің айтуынша, биыл тұрақты жұмысқа 2 адам орналасса, 18 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолданған. Сондай-ақ әлеуметтік жұмысқа 1 адам тартылса, мемлекеттік қайтарымсыз гранты 4 адам алған.

Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Зухра Давлетчинаның бізге берген мәліметіне сүйенсек, ауданда 938 адам жұмыссыздар қатарында тұр.

-Жұмысшы сұрап, ресми өтінім берген шаруа қожалықтар аз. Үш жыл қатарынан «Хайруш» шаруа қожалығы ресми түрде өтініш беріп, жұмысшы іздеп жүргендердің бірі. Тек биыл ғана бір адамды аталған қожалыққа жолдамамен жібердік. «Мал бағатын адам керек еді» деп шаруа қожалықтарының келері көптеп келеді. Бірақ ресми түрде өтінім берген емес. Ауызша айтады да қояды. Басты мәселе – қожалық иелері жұмысшыларды заңды тіркеуден қашады,- деді маман.

 Басқа жақтан жұмысшыларды әкелуді ұйымдастырса...

 Биыл Ұзынкөл ауылдық окіругі әкімнің есептік кездесуінде Еңбекші  елді мекенінің тұрғыны Закария Шоманов «Еңбекші елді мекені - атына заты сай ауыл. Тұрғындары еңбекқор. Жазда бірнеше ауылдық округті мал азығымен қамтамасыз етеді. Бірақ жұмыс күші жетіспейді. Еңбектенетін адам жоқ», -деп жұмысшыны басқа жақтан шақыртуға жәрдемдесуге көмек сұраған болатын.

-Иә, расымен жұмыс күші жетіспейді. Мал бағатын, жазда мал азығын дайындайтын ешкімді таппаймыз. Аяқ-қолы балғадай ер - азаматтар жетеді. Жасыратыны жоқ, солардың көбі мемлекет бөлген жәрдемақыны алып отыр. Ауыр жұмыс істегісі келмейді. Жұмысшыларды Жәнібек ауылынан шақыртамыз. Дегенмен олар да тұрақтамайды. Малшы тұрақтамағандықтан, мал ұрлығы жиілейді. Есептік кездесуде басқа жақтан жұмысшыларды әкелуді ұйымдастырса деген ұсыныс тастаған едім. Бұрынырақта Молдовадан, тағы да басқа елдерден жалдамалы жұмысшылар келетін еді. Өзімізден жұмыс істейтін адам таппағаннан кейін, басқа жақтан шақыртуға мәжбүрміз. Осы ұсынысты аудан басшылығы қаперге алса деген тілегім бар,-дейді «Мадияр» шаруа қожалығының жетекшісі Закария Шоманов.

 Еңбек келісімшарты болуы тиіс

 Былтыр аудан әкімдігі жанынан жұмыс тобы құрылып, олар аудан бойынша шағын және орта бизнес субъектілерімен, яғни шаруа қожалық тарының жетекшілерімен және жеке кәсіпкерлермен кездесіп, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы  еңбек шарты туралы түсінік жұмыстары жүргізілді.

-Еңбек келісімшартының басты мақсаты - жұмыс беруші алдап кетпес үшін және «құлдықтан» сақтанудың заңды жолдарын пайдалану. Еңбек келісімшарты – қызметкер мен жұмыс беруші арасында жасалатын шарт. Екеуара міндеттері мен құқықтарын айқындайды. Келісімшарт міндетті түрде жасалуы керек және бір данасы қызметкердің қолында болуы тиіс. Егер де жұмысқа орналасқаннан кейін еңбек шарты жасалмаса, ондай адамның еңбек құқы бұзылғаны туралы ешқандай мемлекеттік орган не болмаса сот растап, қорғап қала алмайды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыс беруші қызметкерін еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберген жағдайда, соның ішінде жұмыс берушінің тарапынан болса, еңбекақысының 50 пайызы сақталуы қажет. Көп жағдайда жұмысшы ең төменгі айлық ақыдан кем алмауға мүмкіндігі бар екендігінен бейхабар болып келеді. Сол себепті кейін өзінің заңды мүддесін қорғай алмайды. ҚР заңнамасы негізінде әр салаға байланысты белгіленген уақыт мерзімі бар. Түнгі уақыт болса да, қосымша төленетін ақысынан бастап барлық шарты заңнама аясында жазылуы тиіс. Айта кету керек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатыса алмай, дәрігердің көмегіне жүгіне алмай жүрген ауыл тұрғындары көптеп анықталуда. Күні бүгінге аудан бойынша салық органына тіркелген шаруа қожалықтарының саны - 357, жеке кәсіпкер – 397. Былтыр аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы шаруа қожалы қтары мен жеке кәсіпкерлерге жолдама арқылы жұмысқа орналаскан 11 адам болды. Аудан бойынша www.enbek.kz бірыңғай жүйесіне жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы енгізілген еңбек шартының саны – 230-ды құрап отыр,- деді аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев.

 Түйін

 Көп кәсіпкер қағазбастылықтан қашады. Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысып, далада жүргендер бастарын ауыртқысы келмейді. Сол себептен де болар, заңды тіркеуден қашады. БҚО Кәсіпкерлер палатасы Жәнібек аудандық филиалында кәсіпкерлерді қолдау сервисі кеңесшісінің штаты болған. Онда арнайы кеңесші жылдық, жартыжылдық есептерді тапсыруға көмектесіп, кеңес берген. Қазір аталмыш қызмет түрі қысқартылып, жұмысы тоқтаған. Аудандық филиалдың директоры Жасұлан Басировтың айтуынша, бұл қызмет түрі енді болмайды екен. Шаруа қожалықтарының иелері тіркемегенмен, қызметке орналасуға келген жұмыс сұраушы заңды түрде келісімшарт жасасуды талап етуі керек. Бірақ мұнымен де ешкім бас ауыртпайды. Мүмкін қаржылық және құжаттық сауаттылықтың болмағанынан шығар. Қалай десек те, әр қадам заң жүзінде жасалса, одан ешкім ұтылмайды.

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале