5.04.2023, 12:30
Оқылды: 11

Мәселені бірлесе шешкен дұрыс

Қазақтың сайын даласын мекен еткен ақбөкендер талай нәубетті басынан кешірді. Сонау Арқа төсін мекендеген Бетпақдала сорты гептильден, батысты мекендеген киіктер де түрлі ауру салдарынан қаншама рет қырылды. Оның үстіне мүйіздері өздеріне пәле болып жабысып, сол үшін қаншама мыңы браконьерлердің оғына ұшты. Бірақ Алла Тағала қазақтың сайын даласында еркін өссін деп берген киелі жануар соңғы жылдары қайтадан көбейді.

20230404114103_IMG_8964

Миллионнан асты деп ресми статистика жарияланды. Алайда сұлу жануардың алдынан тағы да бір ауыр сын күтіп тұр. Ол мал жейтін шөпті жайпап, суды ішіп, әйтеуір дала біткеннін бәрін тауысып жатыр деген желеумен бұлардың басын азайту (реттеу) мәселесі көтерілгенімен, нақты шешім қабылданған жоқ.

Кеше Жәнібек ауданының Борсы, Талов, Жақсыбай ауылдық округтерінде Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Қадешев, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев, Жәнібек ауданының прокуроры Сәкен Молдашев, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты бақылау-тексеру басқармасының басшысы Бисебай Төлепов, «Охотзоопром» өңірлік филиалының топ басшысы Досан Дархановтың және облыстық, аудандық депутаттардың, шаруа қожалық жетекшілері, ауыл тұрғындарының қатысуымен киік мәселесіне қатысты жиын өтті.

Жиындарда сөз алған Қайрат Темірғалиұлының айтуынша, еліміз бойынша киік санын реттеуге 2024 жылға дейін мораторий жарияланған.

Өткен аптада облыс әкімдігінде өткен кеңес отырысында осы мәселе тағы талқыланған. Мәселе ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі құрған жұмыс тобы бұл мәселені талқылауда.
-Соңғы жылдары су тапшылығы сезіліп, көптеген көлтабан, жыралар кеуіп жатыр. Бұрынғы Қамыс-Самар көліне су бармайды. Ішерге су таппаған киік амалсыздан оңтүстік аудандарға көшкен. Ақбөкендер санын реттеу мақсатында біздің Үкімет шетелдік мамандардан кеңес сұрауда. Бірақ олардың тәжірибесі бізге келмейді. Біздің елде киік популяциясы түрлі. Бір аумақта киік санын реттеу керек болса, бір аумақта көбейту қажет. Сонымен бірге киіктердің табиғи миграциясына араласу мүмкін болмай тұр. Дегенмен, мәселені шешу жолдары қарастырылып, тұжырымдама жасалды. Тұжырымдамаға қысқаша тоқталсақ, бірінші кезекте Ресейден сатып алынатын судың көлемін көбейтіп, Қамыс-самар көлдеріне су жеткізу, сол арқылы киік миграциясына ықпал жасау. Сонымен бірге киік санын реттеу бар.
Киік санын реттеуге қатысты Халықаралық ұйымдардың сарапшылары талдау жүргізу үшін Батыс Қазақстан облысына келмек. Соның нәтижесінде жыл соңына дейін нақты шешім қабылданбақ. Ендігі кезекте мәселе шешілгенше қарап отырмай, киіктің табиғи миграциясы өтетін Бөкей Орда, Жаңақала, Жәнібек, Казталов ауданы халқымен бірлесе жұмыс жасауымыз қажет. Нақтылайтын болсам, көктемгі киік төлдеуге жиналатын Жәнібек ауданы мен Казталов ауданы аумағында шаруалар мен елді мекен тұрғындарының жайылымдары мен егістіктеріне түскен киікті бірге «Бөкейорда» мемлекеттік резерваты мен «Ащыөзек» мемлекеттік қаумалына айдау жұмыстары тұр. Бұл жұмыстарды киіктің төлдеу науқанына дейін атқаруымыз жөн. Ал дала малы төлдеп жатқан кезде, олардың мазасын алуға болмайтынын ескертеміз. Қазіргі күнде киіктерді халықтың жеріне жібермеу үшін резерват шекарасында арнайы кедергілер қойылуда. Сол үшін бәріңізді түсіністік танытып, мәселені бірлесе шешкеніміз дұрыс, - деді Қайрат Темірғалиұлы

Жиындар кезінде резерваттарға тиіспеу, бекітілген заңдылықтарды сақтау, күйек кезінен қалған киік өлекселерін жинау туралы сөз болды.
Тағы бір айтар мәселе – даланың ерке жануары отар-отар қой малы сияқты шиырлап, тұяғымен жерді тапап кетпейтіні белгілі. Олар бір жерде жайылса, енді біраз уақыттан соң 70-80 шақырым жерге баратынын басқасы ұқпаса да, біздің қазақ халқы ұғады. Мұнымен қоса, дала топырағын және өсетін өсімдіктерін коррозиядан қорғайтын да осы киіктер. Айта берсең, киіктің пайдасы туралы мысалдар көп. Қала берді бұл жануар жойылса немесе азайып кетсе, даланың жыртқыш аңдары үй маңынан шабатынын да ескермей жүрміз. Сайып келгенде біз табиғаттың бір тінін жойып, үлкен қателікке душар болатынымызды тағы да сезінбейміз. Күні кешеге дейін киік ату мәселесі қозғалып келді. Бұл әдіспен мәселені шешуге бола ма? Болашақта, тіпті биылдан бастап (Үкімет те шұғылдануда) киік санын реттеу туралы мәселенің шешімін табуға тырысып жатырмыз. Алайда мынаны ескеру қажет. Мәселен, күз айларында киік ату науқаны басталды дерлік. Ал ол киіктердің етін, басқа да өнімдерін тапсыратын арнайы орындар әзір ме? Киікті атқанда қорадағы қой сияқты ұстап алып бауыздай алмайды. Оны тікұшақпен немесе көлікпен қуып жүріп далада атады. Бір киік емес, пәленбай мың киік. Қаладан 400-500 шақырым жерден атылған жануардың етін бұзылмай тұрғанда тиісті орындарға тапсыру механизмі әлі жасалған жоқ. Басқа облысты айтпағанда, біздің өңірдегі бірден-бір ет қабылдайтын комбинат «Кублей» осы жұмысқа сақадай сай деп тағы айту қиын. Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, қолдағы малын сойып, етін «Кублейге» немесе басқа бір орынға екі-үш күн деп әзер өткізгенде, мыңдаған тоннаны бұл кәсіпорындар көтеріп алады дегенге сену қиын. Мемлекеттік мәселе бойынша киік санын реттеу үшін ел адамдарын тартып, олармен ақылдасып, шешкен дұрыс. Міне, алдымен осындай жұмыстарды іске асырып барып қолға алсақ, халық пен ел игілігі үшін пайдалы іс жасалатыны сөзсіз.

20230404112931_IMG_8961

Ал киіктің мүйізін өңдеу бөлек әңгіме. Әрине, сайын даламызда киік саны он миллион бола қоймас, бұл – табиғат өзі реттеп отыратын үрдіс. Сондықтан бұл іске абайлап қарап, даламыздың ерке жануарының етін, басқа да өнімдерін тиімді пайдаланудың оң әдістерін жаңаша конструкциялық тұрғыда жасау қажет.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале