9.02.2021, 17:55
Оқылды: 155

Масылдық дертке айналып барады

Қазіргі қоғамда тың дерт белең алып келеді. Оның аты да, заты да бөлек. Ол – жұмыс таңдау дейтұғын дерт. Жұмыс іздеп жүрген ағайынның айтары біреу. «Бір жеңілдеу жұмыс болса...» дейді. Ал жұмыстың жеңілі болады ма? Осы сұраққа жауап берер кім бар?!

 IMG-20210204-WA0059

Болады екен. Қазір екінің бірі армандайтын жұмыс – қандай да бір мекеменің күзетшісі болу, не болмаса қысқы мезгілде жылыту қазандықтарының «жанынан» табылу. Білім ордаларында киім ілетін орында қызмет етіп, балалардың киімін қадағалау. Ол да маусымдық және жеңіл жұмыстардың қатарында. Болды. Жұмыс сұраған жұртшылық осы орындарға таласып, бермесе үкіметті жамандап, ақылы қоғамдық жұмыстарға шүкір етеді де отырады. Бұл дерт емей немене? Еріншектік, дайын асқа тік қасық болу, масылдық дейтұғын қасиеттердің синтезінен құралатын ауру сықылды.

Мысалы, жылыту қазандығы операторының қызметіне тоқталайықшы. Бір мекеменің ішін жылы ұстау үшін үш оператор ауысып жұмыс жасайды. Жағдайлары ғажап енді. Өздерінің жұмыс үстелі бар, алдында теледидар. Шаршасаң, жатып мызғып алар керуетің тағы бар. Көгілдір отын қосулы тұр. Бәрі автоматтандырылған. Қызуды жай ғана қадағалап, ұялы телефоныңнан кино көріп отырасың. Міне, жұмыстың төресі осы боп тұр қазір. Бұл көзбен көріп жүрген шындық. Дені ер азаматтар. Иығына екі түйені мінгестірер зіңгіттей жігіттер осындай оңай шаруаны құп көретіні қынжылтады. Сол себепті, ауылдарда тракторшы, бақташы, тіпті көлік жүргізушілер тапшы. Мәселен, Приречный ауылдық округі әкімдігі жедел жәрдем көлігіне жүргізуші таба алмай отыр. Жұмыс сұрағандар бар, бірақ барлығы не күзетші, не оператор болғысы келеді.

Аудан көлемінде бағымсыз мал мәселесі өткір. Бағымсыз мал жолға шығып, содан жол көлік оқиғасы жиі орын алады. Округтерде айыптұрақтар ашылды. Бірақ жағдай сол қалпы. Бағымсыз мал мәселесі дегенде бірден ол мал неге бағымсыз жүреді деген орынды сауал туындайды. Жауап біреу ғана. Себебі, жекенің малын бағатын бақташы таппай сарсаңға түседі әкімдік. Иә, жер-жерде айтылатын әңгіме – қанша жағдайын жасасақ та бақташыға зәру боп отырмыз дейді атқамінерлер.

Атқамінерлер атқа мінетін адам таппай сенделгенмен, ата кәсібімізді өзінің тұрақты жұмысы етіп алған теректіліктер де бар. Барлық жерде жағдай біркелкі емес, әрине. Бірақ, өзгеге үлгі қылатын жандардың барын көріп һәм біліп шүкір дейсің.

Сондай жандардың бірі – Юбилейный ауылының тұрғыны Мереке Сұлтанбеков. Ақжайық ауданының Базартөбе ауылына қарасты Қызылжар елді мекенінде дүниеге келген Мереке Сабырұлы 2002 жылы Подстепный ауылдық округіне қарасты Юбилейныйға қоныс аударған. 2012 жылдан бастап сол ауылдың малын бағып, нәпақасын табуда.

IMG-20210204-WA0028

- Еңбекпен ер атанған қазақтың ұрпағымыз ғой. Әкем соғыс ардагері еді. Мен әкеден ерте айрылдым. Сол себепті ағамның жетелеуімен совхоз өміріне араластым. Трактор айдадым, «еңбектің наны тәтті» дейтұғын мақалды санама сіңіріп өстім. Теректі ауданына қоныс аударғанда да үйде жатып алмай, отбасы асырау қамына кірістім. Мал бағу – ата кәсіп саналады. Төрт түлігіміз қиын кездерде ішсе – сусын, жесең – тамақ, мінсең – көлікке айналды. Алайда мал бағуды ар санайтын буын өсіп келе жатыр. Қазір оңай жұмысқа, оңай ақшаға үйір болып алдық. Мал бағудың машақаты бір бөлек, рахаты да жетіп артылады. Алты ай бойы демалмастан әр үйдің малын жинап, оны кешке дейін өрісте бағу оңай дүние емес. Бірақ сол қиындыққа қарамастан 8 жылдан астам уақыт Юбилейный ауылының малын бағып, тәуір жалақы алып отырмын. Еңбегім еленіп, күні кеше Федоров ауылында аудан әкімінің құрметі мен алғысына бөлендім, - дейді кейіпкеріміз.

Айына 250 мың теңге жалақы алатын Мереке Сабырұлы маңдай тердің арқасында өзгелерден оқ бойы оза шабуға болатындығын дәлелдеген жан. Айына берілетін 50 мың теңгені қалтаға басып, үкімет тағы не берер екен деп шалқайып жатқан жандарға нағыз үлгі болатын жағдай бұл. Мереке ағамыз Роза апамызбен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген, олардан үш немере, бір жиен сүйген берекелі шаңырақ.

Осындай еңбекқор жандарды қоғам әрдайым биікке көтеріп, қадірлеп отыру қажет сыңайлы. Ол адамға емес, ол еңбекке деген құрмет. Осы орайда, Подстепный ауылдық округі әкімінің орынбасары Сағадат Жолдығалиевті сөзге тартқанбыз.

- Мереке ағамызды ел жақсы біледі. Юбилейный ауылының тұрғындары құрметтейді десем жаңылыспаймын. Алты ай бойы жекенің малын бағу оңай деп айта алмаймын. Әр қорадан шығатын ірі қараны жинақтап, күн сайын сол малды жайып, кері иесіне әкеп беру қажыр-қайратты талап етеді. Сол үшін Мереке ағамызға алғыс айтқымыз келеді. Көктем басталысымен бақташы табу өткір мәселеге айналады. Подстепныйдың өзі, Барбастау ауылында әлі күнге дейін бақташы тұрақтамайды. Оған түрлі себеп бар. Мал бағатын адам табылғасын тұрғындарды жинап жиналыс өткіземіз әуелі. Сосын сол жерде үшжақты келісімшартқа отырамыз. Қосқан малдың басына төлейтін қаржы да сол жерде келісіледі. Одан кейін түрлі қиындықтар туындай бастайды. Ай сайынғы төлем кешігіп беріледі бақташыға. Наразылық болады. Міне, осындай жайттар айта берсек көп. Бақташыларға мінетін ат,  өзге ауданнан келсе жалдап тұратын үй секілді дүниелерді жергілікті әкімдік беруге әзір. Бірақ халық еріншек боп алған. Оны жасыра алмаймыз. Айына 300 мыңға дейін жалақы алуға мүмкіндік бар жұмыстан қашып, күзетші болуға ұмтылады, - дейді өз сөзінде округ әкімінің орынбасары.

«Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруді әдетке айналдырып бара жатқанымыз қынжылтады. Еңбектің арқасында ғана жетістікке қадам басуға болады. Қазір кәсібімді ашамын, бизнесімді бастаймын, идея толы дейтін жанға жағдай жасалған. Жеңілдетілген пайызда несиелер, тың идеяға берілетін қайтарымсыз гранттар жетіп артылады. Адамда тек ниет пен еңбек етуге құлшыныс болуы тиіс. Әрине, бәрі бірден бола салмайды. Сүрінесің, қателесесің. Алайда, сол еңбектің арқасында өзің һәм ұрпағың жетіледі. Ойланып көрелікші?..

 

 Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале