15.04.2022, 15:03
Оқылды: 103

Өнерімен өркен жайған жанұя

Үлгілі отбасы дегенде, көбіміздің көз алдымызға қайрат-күші тасыған жігерлі әке, мейірбан, айналасына шуақ шашқан анамен сол мейірімде мәпеленіп өскен балалар келеді емес пе?! Отбасы бақыты үшін көп нәрсе керек емес, тегінде. Бір-біріне сүйішпеншілік, құрмет пен ізет, ортақ мұрат пен түсіністік болса, жеткілікті. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз осы ортақ мұрат, қызығушылыққа қатысты айтылса керек. Осындайда өздері де өнердің әлемінен сусындал, ұл-қыздарының дарынын шыңдаған, ән-мен жырдың қасиетін ерте ұғындырып,ұлттық өнерді ұлықтап келе жатқан қарауылтөбелік Айтмағамбетовтар отбасын қай жағынан  алсақ та, үлгілі деп айтуға барлық негіз бар. Отағасы Марат пен отанасы Жадыра шаңырағында бес бала өсіріп, бақыттың базарын шалқытуда. Екеуі де  ұстаз, ауылдағы білім ошағында шәкірттерге тәлім береді.

26

Ата-анам талантымен ауылды аузына қаратқан жандар еді. Әкем Сергей Айтмағамбетов көп жылдар мәдениет саласында еңбек етті, домбырамен ән салғанда, ел ұйып тыңдайтын, – деп бастады Марат әңгімесін, –еңбек жолын автоклуб меңгерушісі  болып бастаған ол ауыл-ауылды аралап, шабындық науқанындаеңбеккерлерге арнап, концерт қоятын. «Жігітке жеті өнер де аз» деген, әрі көлік айдап, әрі өнерімен көпшілікті тамсандырды. Сол кездің адамдары бөлек қой, қазіргідей «бұл менің жұмысым емес, менікі тек көлік айдау» деп санаспайды, құдай берген дарынының арқасында ел-жұртқа танылып, қошеметке бөленді. Артынан өнерлі жастардан құралған үгіт бригадаларын жасақтап, соларды жер-жерге апаратын. Балаларының да өнерге жақын болғанын қалады-ау деймін, бес жасымнан сапарларында қасына ертіп жүріп, өмірге баулығаны кейін жемісін берді де.Халықтың алдында ән шырқап, қошеметке бөленген аға-апаларды, әкемді көрген соң, өнерге деген қызығушылығым ерте оянып, бірте-бірте домбыраға әуестендім. Әншілердің әуелеткен сазды әуендері балалық жадымда мәңгі сақталды.

Кейіннен ардақты әкеміз кітапхана саласына ауысып, ауылдағы рухани орда жұмысының алға басуына зор қолтаңбасын қалдырды. Облыстағы делегат атанып, түрлі жиын-съездерге қатысты. Тәуелсіздік алғанан кейін еңбегі еленіп, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің қолынан ҚР мәдениет қызметкері деген атақ алды.Міне, осындай әкенің жетегінде жүріп, тәлім-тәрбиесінің арқасы – бүгінде шаңырағымызда өнерді төрге оздырғанымыз, әрі өзіміздің де өрге озғанымыз.  Анам Әмина да қазақтың қара өлеңі десе, ішкен асын жерге қоятын. Жанұяда сегіз ағайындымыз,барлығымыз да домбырада шебер ойнап, өз ортасын әнмен жадырататын қабілетке иеміз. Бүгінде әрқайсымыз бөлек отау құрып, балалы-шағалы болдық. Енді бізден өрген ұл-қыздың бірі айтыс аламанына қосылса, енді бірі баян аспабын жетік меңгерген.Мендеөз балаларым өсе келе, оларға жастайынан домбыра үйретсем, өнерге бір табан болса жақындатсам деп армандадым. «Алма ағашынан алыс түспейді» демекші,үлкен ұлымқос ішекке бейім, бекзада өнерге біз қолпаштамай-ақ тартылды. Ал одан кейін көрінген егіз қыздарымыз биге қызығушылық танытты. Қосетек көйлекпен мың бұрала билегендерін айтсаңызшы. Жолдасым Жадыра да домбыраны тым-тәуір шертеді, – деп сыр бөлісті отбасының арқасүйер азаматы Марат.

«Өнерліге өріс кең» деген нақылдың растығы Айтмағамбетовтардың жанұясының тынысынан анық байқалады. Олардың сахна төріне шығып, қазақтың ән мен күйін самғатқандарын ауылдастары әлі күнге тамсана айтады. Алғаш ауылдағы «Нұрбақыт» бөбекжайында  өнер көрсеткенінде,бірден қолдау көрсеткен де – осы ауылдастары.

Иа, Айтмағамбетовтер жанұясы алғаш аудандық «Мөлдір бұлақ» сайысының іріктеу кезеңіне  қатысқанда отағасыда, отанасы да орда бұзар отыздан енді асқан болатын. Тұңғыш ұлдары мен егіз қызғалдақтарымен бірге 5 отбасыныңарасынан суырылып алға шығып,ауданға жолдама алады. Одан кейін қызу дайындық талмас еңбектің арқасында аудандық кезеңде бас жүлдеге ие болады. Сонда ғой Бекарысының халық әндерінің мақамына салып, отбасын таныстырғаны. Сүттей ұйыған отбасының басты құндылықтарын алға шығарып, жырға қосып, өлең жолдарына үйлестірген де Мараттың өзі. Үйдің үлкендері ән-күймен көрерменін елітсе, талантына талабы қанат бітірген сүп-сүйкімді Назерке мен Жанерке мың бұрала биледі.

Осы жетістіктен соң араға екі жыл салып, өнерлі отбасына Тайпақ ауылынанкезекті байқауға қатысу туралы ұсыныс түседі. Сегіз округтен ауызын айға білеген отбасылар өнерлерін сарапқа салған бұл байқауда Айтмағанбетовтар бірден-ақ көзайым боп, аудандық кезеңге жолдаманы ұтып алады. Аудандық кезеңге дайындалуға небары үш күн ғана бар, десе де үміт артып, «жеңеді» деп үкілетіп жіберген ауылдастарының сенімін ақтау керек. Сахна киімі, көрсететін өнері, отбасын таныстыру – осының бәрін ересегі бар, кішісі бар, жатпай-тұрмай дайындап, аудан сахнасында да ілкілмей өнер көрсетіп, облысқа жолдаманы ұтып алды. Жанұяның береке-бірлігін дәріптеген отбасы облыстық деңгейде де сәтті бағаланып, «Көрермендер көзайымы» аталымын жеңіп алып, мерейге бөленді.

Отағасы Мараттың айтуынша, жеті түрлі ілім ешкімге артықтық етпейді. Өзінің де бүгінгі кәсібі осыны айғақтап тұрғандай. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Кәсіптік оқыту» бөлімін тәмамдап, ауылындағы мектепте көркем еңбек сабағынан дәріс беретін оның қолынаншыққан бесік, жиһаз, сандықтар ауыл асып,облыста сұраныста ие. Шәкірттерінің шеберлігін дарыта білгенінің жемісі – қарауылтөбелік ұл-қыздарұлттық нақыштарда ыдыстар, сандықшалар жасап, қамшы өріп, республикалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.  «Әке көрген оқ жонар», тұңғышы Бекарыс та қолөнер байқауларында алдына жан салмай келеді.Білім бөлімнен алған марапаттары жетерлік.Осы ұл мен қос қыздан кейін  өмірге келген 5 жасатағы Жанарыстың да  қолына телефон емес,домбыра ұстағаны отбасында салтанат құрған, ұлықталған құндылықтардың нәтижесі.Сүткенжесі Ақарыс 1 жаста, аға-апаларына ұқсап, өнерге таласы бар өрен болатынына ата-анасы сенім артады.

Бүгінде әке табыс табу керек, ана бала тәрбиесімен айналысуы қажет деген жаңсақ пікір бар қоғамда. М.Айтмағамбетов болса, «әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген халық даналығына сүйенетін жандардың қатарынан. Оған «Әкелер форумында» сөйлеген сөзі дәлел.

–«Отағасы» деген атқа лайық болғым келеді. Ол үшін өмірімнің жалғасы – ұл-қыздарыма үлгі-өнеге болуым керек, сол үшін барымды саламын, есейгенде олар мақтана алатындай әке болуға тырысып келемін.Қазақта «жеті атасын білмеген жетесіз» деген сөз бар. Мен балаларыма, әсіресе ұлдарыма жеті аталарын жаттатып жүрмін. Олардың жеткен белестерін, ата-бабадан қалған өсиетті үнемі айтып,саналарына құюдан жалыққан емеспін. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса, оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, тегіне тартқан ғой деп мақтайтыны сондықтан. Жанұядағы  татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, бір-біріне құрмет – әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы, есейіп ол да шаңырақ көтергенде осы құндылықтарды басшылыққа алары сөзсіз. Әке ретінде баламның саналы адам, өзімнен артық, тәрбиелі, ізетті болғанын қалаймын, – деген еді ол.

Өнерде де, отбасылық өмірде де әрине, жеңіспен қатар  жеңілістер болады. Айтмағамбетовтардың жетістік жолын жалғастырып, табысқа тоқ мейілсімейтініне еріксіз разы боласың, ата-анасына еліктеп өскенөрімдей ұл-қыздарының талабына қуанасың. Талайға өнеге болар осындай отбасылар, шынтуайтында да, біздің шамшырағымыз, шырайымыз, қуатымыз.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале