22.09.2021, 11:21
Оқылды: 128

Патиде пәтуа бар ма?

Қазіргі таңда шектен шығып, әдептен асып, салт-дәстүрді бір шетке шығарып тастап, көңілді көтеру мен жылы естелік үшін өмір сүріп жатырған адамдарға қарап бір сәт ойланады екенсің.

 IMG_20210922_110519_395

Қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірі дәстүр мен мәдениетке негізделген. Ол бәріне түсінікті. Бірақ, сол дәстүрімізге басқаның мәдениеті сіңіп бара жатқан жоқ па?

Иә, бұл қазіргі заманның боямасыз шындығы. Қазақы ғұрып қоржыны бұрын естімеген әдеттермен толығып жатыр. Әлеуметтік желінің ықпалы артқан тұста көненің көмескіленіп, өзгенікі озатын заманға тап болғандаймыз.

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Десе де, бұрын дәстүрімізде болмаған, болмақ түгілі, ол туралы ойлап та көрмеген  мәдениет қалыптасып кетті. Тіпті, көрер көзге үйреншікті болып кеткен соң, оны жатсынуды да қойдық. Керісінше, өзіміге сіңістіріп, бұрыннан дәстүрімізде болғандай етіп қолданып келеміз. Тіпті, соны желеу қылып аста-төк той жасайтын отбасылар қатары көбейіп барады. Ол өз алдына. Жаңашыл шоу-көріністер адам көңіліне қуаныш сыйлағанымен, ұлтымыздың ұсақталуына соқтырып тынбай ма?

IMG_20210922_110519_407

Кейбір ерекше партилер бір қарағанда хайпқа да, трендке де жақын. Себебі, бірінен-бірі айрықша өткізуді көздейтін адамдар жетерлік.  Трендтен қалмауға бекінгендер қазір хайптың неше  атасын ойлап тауып жатыр. Анасын туған күнімен құттықтап, бетіне торт жапсырған баланың қылығы елдің қызу талқысына түскені бәрімізге мәлім. Оның орнына неге ананың басына ақ шәлісін салып, немерелерін бір иіскетіп, құшағын гүлге толтырмасқа? Әлде, ата-әжелерімізде осындай мәдениетке жақын болып кетті ме? Себебі, балам ат жалын тартып мінер азамат болды деп ашамай істетіп, ұлан-асыр той берген апа-аталарымыз бүгінгі таңда гендер пати мен хен патиге  жиналған дастарханда әлі дүние есігін ашпаған балаға ақ батасын беріп жатыр. Бүгінгі біздің әңгімеміздің де төркіні осы жайында болмақ. Яғни, «гендер пати» мен «хен пати».

Мақаланы жазбас бұрын, әлеуметтік желідегі парақша арқылы оқырмандарыма сауал салып көрдім. Нәтижесінде, «гендер пати» және «хен пати» өткізуді респонденттердің 31 пайызы қолдап, 69 пайызы «жоқ» деген жауап берді.

Алдымен  «гендер патиге» тоқталайық. Балалы болуды армандап, сол күннің қуанышты хабарын естіген жұбайлар үшін аздаған айлардан соң іштегі нәрестенің жынысын анықтау кезеңі басталады. Ультрадыбыстық тексеруден соң, оны жұбайына немесе отбасына айтудың өзін кішігірім салтанатқа айналды. Және оны түрлі жолдармен білдіретін болған. Қыз болса – қызыл түс, ұл болса – көк түс. Осындай түстерге боялған шарлар немесе торттар арқылы мерекелік рәсім өткізетін жастар бүгінде бұл мәдениетті қазақ қоғамына енгізіп үлгерді. Қазір осындай сарындағы көріністер әлеуметтік желіде көптеп кезігеді. Дәл осы тақырыптың аясында біраз адамның пікіріне құлақ түрдік.

– Бұрындары қазақтарда бұл мерекені "Құрсақ той"  деп атаған. Қазіргі заманға сәйкес атауымен жасалу жолын жастар заманға сай өз қалаулары бойынша жасайды. Менің ойымша, бұл мерекені тойлау әр отбасына қуаныш, шаттық, бақыт сыйлайды. Мұндай үрдістер бұрын мәдениетімізде болмады демесеңіз, қуанышты бөлісуге бастайтын дәстүрлердің көп болғанын өз басым құптаймын. Тек келешек ұрпаққа айтарлықтай зияны тимесе болғаны, - дейді Сара Қуанышбекқызы.

Үш баланың анасы атанған Аңқаты аулының тұрғыны Сымбат Жағыпарқызы да өз пікірімен бөлісті. “Маған гендер пати жасау ұнамайды. Үш перзентімеде жасап көрмедім. Мен үшін сәбиім ұл болса да, қыз болса да ең ең бастысы - денінің саулығы”, - дейді.

- Жалпы ұлды да, қызды да беретін Алла. Бұрынғылар баланың жынысы түгіл  УЗИ-дің не екенін білмеді. Көпті көрген әжелеріміз келінге қарап топшылады. Қазір жастар жүкті екенін білгеннен қызу дайындалады. Арнайы шар, не торт жасатып, тіпті, мейрамхана жалдайды. Мұның орнына неге қазақтың ертеден келе жатқан “Құрсақ шашу” дәстүрін жаңғыртпасқа? Бұл – аяғы ауырлаған келіннің жағдайын жасауға, ене мен келіннің арасындағы байланысты нығайтуға арналған дәстүр. “Құрсақ шашудың” тәрбиесі, өнегесі, мәні тереңде. Біріншіден, ертеңгі күні дүниеге келер нәрестенің алғашқы тойы болса, екінші жағынан аяғы ауыр ананың да қамын ойлап, соған жағдай жасаудың амалы. Думанды дастархан жайылып, үлкен әйелдер жағы жас келінге батасын, ал құрбылары, абысындары білгенін айтып, ақыл-кеңес беріп, келіннің көңілін аулайды. Келген қонақтар келінге түрлі астан тарту жасап, жеріктігін басады. Осы дәстүр арқылы ене мен келіннің сыйластығы артар еді. Ал сыйластық бар жерде тыныштық бар, ынтымақ пен жақсы көру сезімі бар. Ең бастысы, бақыттың болатыны сөзсіз ,- дейді Клара Себепқызы.

Ал енді естір құлаққа түрпідей тиетін «хен пати» деген  отырыс бар. Мазмұнына үңіле қарасақ, бұл халқымыздың дәстүрінде баяғыдан бар, ерекшелеу кеш. Тұрмыс құратын бойжеткен тұрмысқа шығар  алдында өз құрбыларымен бас қосып отырады. Қазір ол «хен пати» атауымен өтіп жүр.

Жұбайлық өмірдің алдындағы сауық кешінің сән-салтанатқа айналуын қалаған Альбина есімді бойжеткен бұл үрдісті үзілді-кесілді жоққа шығара алмайды. Айттырып келген болашақ жарының келісімі бойынша шаңырағынан ұзатылып шығардан бірер күн бұрын өзі қарайлас бұрымдылардың басын қосқан екен. Бұл үрдістің өзгеден келгенін білсе де, біз әңгімеге арқау етіп отырған «хен пати» деген атауға ие екенінен хабарсыз.

– Мен бұл басқосудан бейәдеп немесе бұрмалаңқы дүние көріп тұрғаным жоқ. Бар болғаны өз құрбыларымды үйге шақырып, келін емес, қыз бала ретіндегі соңғы отырысымызды ортақ қуанышпен өткіздік. Сіз айтып отырған «хен пати» деген дүниеден анағұрлым хабарым жоқ. Бірақ қазіргі жастардың арасында бар үрдіс бұл. Негізі, мұндай дәстүр халқымызда да ертеде болған деп есептеймін. Бір жағынан, бұл кеш бұрындары болған «бастаңғы» деген дәстүрге келетін сияқты. Алайда оның жасалу жолы бөлектеу. Бірақ «сауық кеші» деп екеуін де бір түсінікке сыйғызуға болатын сияқты. Сондықтан мен мұндай дәстүрге байланысты қарсы пікірде емеспін. Алайда, гендер патиге қарсымын. Бірақ жастар арасында кеңінен таралып кетті. Дүркіретіп той жасап бала жынысын анықтап жатады. Менің ойымша артықтау болып көрінеді. Қазақта көз, сөз тию деген нәрсе бар, асыл дініміздіде көз тиюдің зияны туралы көп айтылған. Үлкен әже-апаларымызда кезінде жүкті екендерін ел көзінен жасырын ұстаған. Осы дәйектерге сүйене отырып бұл гендер патиді құптамаймын. «Бақыт тыныштықты жақсы көреді» деген сөз бар ғой, сол түсінік  ұстанымымызға айналса жақсы болар еді, -дейді жақында ғана тұрмыс құрған Альбина.

- Иә, өзгенің қаңсығын таңсық көреміз әлі де. Дәріптейміз десек халқымыздың бұрыннан келе жатқан, қолданыстан шет қалған дәстүрлері жетерлік. Сақтаймыз десек салт, ұстаймыз десек үрдіс өзімізде де бар. Тіпті ұмытылып бара жатқан қазақы салт-дәстүрлер қаншама?! Осындай рухани бай қоржыны бола тұра, өзгенің қаңсығына құмартатын қазіргі жастарға қайран қалам. Бәлкім, заман сондай шығар. Бірақ заман сондай деп қазақтың дәстүрін қай ел ұстанып жатыр дейсіз?! Сондықтан болашақты ойласақ, өткеннің пайдалы дәстүрлерін  жаңғыртып,  дәріптеуіміз керек. Ол үшін өзімізде де тұрмыстық өмірге бейім келетін, ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді ұстануымыз маңызды. «Бастаңғы», «сыралғы», «атбайлар», «аушадияр», немесе «босаға майлау» сынды дәстүрлердің дені бүгінде қолданыстан тыс қалып, қазақ мұрағатының алтын қорына айналды. Бүгінгі біздің ұрпақ осындай салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды түгендеп, оны ұстануға ұмтылу керек. Гендер пати жасау мүлдем қате. Қыз болсын, ұл болсын ол Алланың берген сыйы. Біреуде ол да жоқ. Бала көтере алмай жүрген қаншама отбасы бар, - дейді Рыбцех ауылының тұрғыны Дариға Жанұзаққызы.

Негізі, осы материалды дайындау барысында  «гендер пати» немесе «хен пати» жайында көптеген жандардан сұрастырдық. Бұл үрдістерден қазіргі орта буын өкілдерінің хабары болмай шықты. Ұстанбақ түгілі, атын естіп көрмеген дүниенің қазақ қоғамына жат екенін айтты. Жастар арасында құптаушылар бар.

Біздің батыс халқы қазақы қаймағы бұзылмаған дәстүрдің озығы мен тозығын жете түсінеді. Тек,  желіге желімдей жабысқан қазіргі жастардың көзқарастары өзге ұлтқа көп бейімделіп барады. Негізі, өзгеден алатын орынсыз дәстүрлерді өзіміздің ескі дәстүрімізбен алмастырудың маңызы зор. Дәстүрді ұмытпай ұлықтау – халқымыз үшін құнды қағида.

 

Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале