24.07.2021, 23:57
Оқылды: 54

Переметный волейболшылары аудан үздігі атанды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай оздырылып жатқан аудан спартакиадасы аясындағы әйелдер арасындағы волейбол бәсекесінің финалдық ойындары аяқталды.

IMG-20210724-WA0164

Бірнеше айға созылған іріктеу бәсекелерінен үздік шыққан ұжымдар Бәйтерек ауданы орталығында бас қосып, мықтыны анықтады.

Үздік сегіз команда бақ сынасқан доп додасының топтық кезеңін Дариян, Краснов, Переметный және Янайкин ауылдық округтерінің бұрымды волейболшылары сәтті еңсерді.

Ауданның үздік волейболшыларының басын қосқан байрақты бәсекенің ашылу салтанатына арнайы келген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов ойыншыларға сәттілік тілеп, бабы мен бағы келіскен команда жеңіске жетсін деген тілегін білдірді.

IMG-20210724-WA0154

Жарыс ережесіне сай өз тобында екінші орын алған қос ұжым спартакиаданың қола жүлдесін сарапқа салса, үздік ұжымдар чемпионды анықтады. Нәтижесінде Краснов пен Дариян ауылының қыздары үшінші орын үшін таласты. Осы кезге дейін үздік үштік түгілі сегіздікке бірде іліксе, бірде ілікпей қалып жүрген Краснов ауылының ойыншылары қола медаль үшін болған айқаста барын салып, аудан спартакиадасында үшінші орынға табан тіреді.

Ал чемпион атағын сарапқа салған янайкиндіктер мен Переметный командасы арасындағы ойында кішігірім сенсация жасаған переметныйлық волейболшылар жеңіске жетті.

IMG-20210724-WA0157

Бұдан бөлек, үздік ойын көрсетіп, командасын алға сүйреген Дарияндық ойыншы Вероника Шохина «Үздік қорғаушы», мичуриндік Кристина Камашева «Үздік тосқауыл қоюшы», янайкиндік Разия Утяпова «Үздік байланыстырушы», Краснов командасының ойыншысы София Кузнецова «Үздік шабуылшы» атанса, аудан спартакиадасының «Үздік ойыншысы» атағы переметныйлық Ольга Гоголеваға бұйырды.

Жеңімпаз команда мен жүлдегерлер және түрлі аталымда үздік шыққан ойыншыларға бағалы сыйлықтар, кубок пен медальдар табысталды.

20210724_234743

Енді аудан құрамасы тамыз айында өтетін облыстық спартакиадада өнер көрсететін болады.

Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале