5.08.2021, 21:35
Оқылды: 38

Перзентінен безген көкек аналар

Бұл мақалада шынайы өмірдегі оқиғалар суреттелді. Сондықтан кейіпкерлер есімі ҚР заңнамаларына сәйкес өзгертілді.

photo_91005
– Сізге бала керек пе?! Қандай шешім қабылдадыңыз?!
– Жоқ... – деп еш қымсынбай жауап берді бір ана. Бұл – Казталов ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысындаға жантүршіктірер диалог. Ал қоғамда, ауданда ондай аналардың саны артып отыр. Бұл «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» халықтың бүгінгі келбеті.
Сол бір жиынның өзінде төрт перзенттің анасының сыры ашылды. Естіген құлақ, көрер көз сенгісіз дүние. Тіпті «қазақ деген атыңнан садаға кеткір-ай» деп налисың келіп. Бірақ бауыр еті баласынан бас тартып, ақ некелі жолдасын елемей отқан безбүйрек комиссияның сөзін елеп не қылсын? Оп-оңай... Оңай баласынан бас тарта салды...
Айтылған бір ғана мысал. Дәл осындай бірнеше ана бар екенін естіп, қоғамды дендеп бара жатқан руханиятқа жат мәселені қозғап, ананың арсыз тірлігін, жетімнің мұңын жырлауға бекіндік. Әлқиссаны комиссия қарауындағы істерден бастауды жөн көрдік. Аталған комиссия хатшысы Айдана Мұхамбетованың бұған қатысты жасаған мәлімдемесі мынадай.
– Комиссияның мақсаты – кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауының, құқықбұзушылықтарының және қараусыз қалуының алдын алу, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау проблемаларын кешенді шешуді іске асыру. Комиссия төрағасы аудан әкімінің орынбасары, құрамына аудандық мәслихат депутаты, ішкі істер, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, қоғамдық ұйым, ішкі саясат бөлімінің өкілдері кіреді. 2021 жыл жалпы 20 мәселе қаралды. Оның ішінде 4 мәселе – аудандық полиция бөлімінен түскен материалдар. Комиссия жұмысының нәтижесіне сай биылғы 16 маусымындағы ақпарат бойынша 11 қолайсыз отбасы тіркеуде тұр. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты қандай да бір теріс әрекеттер байқалса, аудан тұрғындары үшін 32-1-24 қауырт желісі қызмет ететінін хабарлаймыз, – деді ол.
Ал бала құқықтарын қорғау маманы Айжан Жағыпарова аудан бойынша қаралған бірқатар істі тілге тиек етіп, жүргізіліп жатқан жұмыс бойынша мәлімет берді.
– Кәмелетке толмаған балаларға қатысты заңбұзушылықтар бойынша бірнеше іс қаралды. Мәселен, 2017 жылы Тереңкөл ауылдық округінен А. есімді азаматша 6 баласынан бас тартып, аналық құқығынан айырылды. Ал балаларды Қаратөбе ауданының азаматтары қамқорлығына алды. Мұндай жағдай Оразғали елді мекенінде де тіркелді. Ол іс бойынша Г. есімді ана балаларынан бас тартып, балалар әкесінің тәрбиесінде қалды. Бостандық ауылында да безбүйрек ана 6 баласын тастап кетіп, қазіргі таңда балалар әкесінің қарауында. Аудан орталығында бір іс бойынша отбасы ажырасып, ана балаларынан бас тартып, бала әкесіне берілді. Күні кеше БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен комиссияда қаралған іс бойынша олардың татуласқаны ғана белгілі. Балалардың әкесі аудан орталығынан жұмыс тауып, анасы екеуі бірге тұрмақ ниетте. Қазіргі уақытта Жалпақтал ауылының тұрғынына қатысты іс қаралып жатыр. Б. есімді ана өзінің балаларынан бас тартып, қалаға кеткен. Қос қызының бірі келіншектің анасында, енді бірі қиын жағдайға тап болғандарды қолдау орталығында жатыр. Бұл атап өткендеріміз нақты шешімдері бар істер, – деді маман.
Аудандағы ахуал осы. Бұл отбасы институтының әлсіреп бара жатқандығының белгісі. Ащы болса да шындығы бұның барлығы отбасындағы тәрбиенің осалдығынан. Бүгінде «қызға қырық үйден тыйым» болмай, ажырасу да, баланы тастау да сәнге айналғандай. Бұл қоғамның наразылығын туғызғанымен заң әлсіз. Әрине, барлығын заңмен реттей алмаймыз. Түптеп келгенде, сананың мәңгүрттеніп бара жатқандығын байқаймыз. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Әйтсе де «бүкірді көр ғана түзейтіннің» керісі келіп отыр. Көкек аналардың әрекетіне аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шаканаева өз пікірін білдірді.
– Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Заман дамығанымен, рухани сана төмендеп, ұлттық болмысымыз әлсіреп тұр. Бұған кінәлі өзіміз. Егер ұл мен қызды рухани біліммен сусындатып, қазақы тәрбиемен өсіріп, отбасында үлгі болып өмірлік тәлім-тәрбие берген болсақ, мұндай дүние болмас еді. Бала тәрбиесінде қыз баланың тәрбиесіне көңіл бөліп, онымен құрбысындай сырласып, ана мен бала арасындағы байланысты орнатқанымыз жөн. Оның сырын біліп, жәрдемдесіп, білмегенін үйретіп отырсақ бала да ырқыңызға көніп, айтқан тілді алары хақ. Сондықтан отбасындағы тәрбиені нығайтуымыз керек. Ал жастар, жас отбасылар туралы әңгіменің нәтижесі алдыңғы тақырыпқа байланысты болмақ, – деді ол.
«Қыз – ұлттың ұяты», «Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу» деп қазақ қыз бала тәрбиесін бір-ақ ауыз сөзге сыйғызған. Қайсар мінезді қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың қыз балаға қатысты керемет сөзі де бар. Ол: «Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын, қаламасын, бұл – өмір заңы» – дейді. Біздің айтпағымыз да осы. Жастықпен аңғалдыққа бармай, бүгінді емес, болашақты ойлап, ана баласынан бас тартпаса екен дейміз.

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале