21.01.2021, 15:10
Оқылды: 100

Сапасыз ет – сансыз аурудың себебі

Сапасыз ет пен адалынан сойылмаған малдың өнімі көп жағдайда сан аурудың себебі екендігі айтпаса да белгілі. Ал сіз қандай ет тұтынып жүргеніңізді білесіз бе? Біз бұл жолы жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін ет туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

F28A5CA7-C8E9-45F8-8354-2449ECF25784

Себебі соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, одан қалды бір-екі адамның басы қосылған отырыстарда етке қатысты небір алып-қашпа әңгімелер сөз етіліп жүр. Күрежолда кейбіреулердің малы машинаға соғылып қалса, соны да босқа тастағысы келмейтіндер бар. Сол себепті бірі «Арам өлген малдың етін жеп жүрміз бе, кім біледі?!» десе, енді бірі «Малға арнайы екпе жасалады екен» деп жүр. «Ол екпе салынғаннан кейін арнайы белгіленген уақыты болмай, мал сойылмауы тиіс. Бірақ оны кім тексеріп жатыр?» Міне, осы секілді қауесет көп. Бірден тап басып, өтірік дей алмайсың, себебі «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» тағы бар. Табиғи тағам тұтынғың келеді. Алған етіміздің сапасын қалай білеміз? Екпе салынып кеткен малдың уақытынан бұрын сойылмай жатқандығына кепіл бар ма?» деген оқырманның сан сауалын арқалап, Бөрлі аудандық ветеринария бөліміне хабарластық. Бөлім басшысы Жанболат Махмудовпен тақырып төңірегінде әңгіме өрбіттік.

«Әкелінген  ет зертханадан өтеді»

– Ең алдымен, ет сатушыларға қойылатын талаптардың бірі – сойылатын мал басы АШЖБ (ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру) жүйесінде міндетті түрде тіркеуде болуы. Сондай-ақ құжаттары толық, нақты айтқанда, ветеринарлық мамандардан алынатын №2 нысан ветеринарлық анықтама және зертханадан тексеріліп өткені туралы сараптама актісі болуы керек. Бұл ветеринарлық сараптама зертханаларында ет өнімдерін органолептикалық, биохимиялық, бактериоскопиялық, паразитологиялық және радиоактивтік фонын зерттеу арқылы сапасын анықтап, жарамдылығы туралы сараптама актісі беріледі. Біздің нарықтағы ет көбінесе көрші аудандардан әкелінеді. Мысалы, бүгінде сиыр етінің 80%-ы Шыңғырлау ауданынан әкелінсе, шошқа етінің 90%-ы Теректі ауданынан жеткізіліп отыр. Осы  әкелінген еттердің барлығы толығымен жеке кәсіпкер «Идалиев С. С.» зертханасында тексеріледі. Әкелінген мал етінің ауру-саулығын қадағалаудың басты жолдарының бірі де осы сараптама арқылы анықталады. Ветеринарлық профилактикалық іс-шара кезінде егер малға арнайы екпе салынған болса, ветеринария мамандары сол екпеден кейін белгіленген уақыт өтпейінше №2 нысан ветеринарлық анықтаманы бермейді. Ал егер де уақытын күтпей, сойылған мал екендігіне күмән болса, оны тек сараптама нәтижесі арқылы анықтауға болады. Халықтың көбінің ет сатып алатын орны – аудандағы ет павильоны. Былайғы ет сататын дүкендерден де алып жатады. Ол жердегі сатушылардың халыққа ұсынып отырған етті союға рұқсат берілген, арнайы зертханадан өтіп, ветеринардың мөрі басылып, қолы қойылған анықтамасы бар. Десе де, тұтынушы беталды ет екен деп ала салмай, арнайы құжаттарын талап етіп, тексерістен өткен-өтпегендігін анықтап барып, етті алғаны жөн, – дейді Ж.Махмудов.

Көкейде көп сауал

Мұнан соң біз ет саудасының қызып жататын жері қаладағы ет павильонына барған едік. Обалы не керек, базарда ет мол.

Алайда кезекке тұрып, ет алып жатқандарды байқай алмадық. Сауда қатарларын аралап жүрген бірен-саран адамды көріп қаласыз. Саудагерлерге жақындап сұрағанымызда, бәрінің арнайы сатуға рұқсат құжаттарының бар екендігін, ондай құжат болмаса, бұл орында тұрып сата алмайтындарын айтты. Кейбір саудагерлер: «Етті кім жегісі келмейді дейсіз? Бәрі жегісі келеді. «Күдіктенеміз» дегендері сылтау ғана.

Шыны керек, етті алуға бәрінің бірдей ақшасы жете бермейді.

Қарызға сұраушы көп. Бірінің өзі таныс, бірінің жүзі таныс, қазақшылыққа салынып бересің. Кейін сен іздемесең, өздігінен әкеп берушілердің болмайтыны да рас», – деп шағым айтып кетті.

– Тұрғындар негізінен соғымды тұтастай емес, мүшелеп қана алады. Мынау, міне, өткен аптадағы ет. Жаңасына әлі тапсырыс берген жоқпыз. Өйткені ет баяу өтіп жатыр. Жаңа жылдың алдында сауда қызғанымен, қазір онша емес. Себебі қарапайым тұрғындарда ақша жоқ. Сиыр етінің келісі – 1900-2000 теңге болса, жылқы еті – 2200-ден. Еттің қымбат болуының себебі – қазір мал бағудың да оңай еместігінен. Жем-шөп қымбат. Оның өзі әжептәуір шығынды керек етеді, – дейді тағы бір саудагер.

Өзін Нұржауған деп таныстырған сатушы апамыз: «Мен ет сатумен айналысқаныма он жылдан астам уақыт болды. Етті көршілес Шыңғырлау ауданынан аламын. Халық айтса, қалт айтпайды. Шынымен, күдік туғызатындай еттің болатыны рас. «Аяқтап ет сатылады» деп жарнама жасаушы көп. Ал «Ол ет қандай малдан? Арнайы қағазы қане?» деп сол жерде қарапайым ет алушы сұрап жатушы ма еді? Күдіктенетін тұсы, міне, осында мүмкін. Жалпы, мен ет таңдауда өз тәжірибемнен айтар болсам, екі жасқа дейінгі ірі қараның, жылқының, қойдың еті ашық қызғылт, алқызыл, майы аппақ болса, 2-5 жас аралығындағы мал етінің түсі қызғылт болады. Ал кәрі малдың етінің өңі қоңырқайланып, майы сарғыш тартады. Еттің жаңадан әкелінгенін немесе ұзақ сақталғанын анықтау үшін ол тоңазып тұрғанында үстінен саусақпен басып көру керек. Саусақпен басқан жерде қызғылт таңба қалса, еттің жаңа, із қалмаса, көп сақталған, ескі болғаны», – деді.

Базар маңындағы қарапайым халықты да сөзге тартып көргенімізде, кейбірі осындай арнайы орындардан етті күдіксіз алуға болады десе, енді бірі өзің білетін, жайылымда мал ұстайтын адамдардан алған жөн екендігін айтты.

Біздің түйгеніміз, қалай десек те қарапайым халықта күдік басым. Асылында дәмді ет – ол таза сойылған, дені сау төрт түліктің еті. Иә, қазір біраз нәрсенің бәрін сатып алуға болады, ал сатып ала алмайтын басты қазына ол – денсаулық. Қайткен күнде де «Сақтықта қорлық жоқ», «Ауру  астан» деп білетін біздің халық үшін ет сапасына әрдайым қырағылық танытуы жөн-ау...

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале