16.11.2020, 9:18
Оқылды: 281

Саз мектебіне Амангелдінің атын берсек...

Қадыр ақынның «Өлгенін, жерленгенін күтіп жүрмей, Талантты қадірлеңдер тірісінде!» - деген сөзі бар. Табиғи талант, дауылпаз әнші Амангелді Ғұбайдуллиннің өмірі жайлы ойлансам, неге екенін білмеймін Қадекеңнің жаңағы өлең жолдары ойға орала береді.
1EDC53D7-A337-4795-8839-1A269F0E8B1A

Амангелді сал Мұхиттың ән мұхитына құятын әннің дариясы еді ғой. Қайнарын Жымпитының даласынан алған дария-дарын талай жүректі әнмен тербемеп пе еді?

Әншінің өмірбаянына үңілейік:

Ғұбайдуллин Амангелді Қайырғалиұлы – 1951 жылдың 20 мамыр айында Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының қазіргі Алғабас округінде дүниеге келген.

1969 жылы Абай орта мектебін бітірген. Өнерге құштарлығы мектеп қабырғасында оқып жүргенде байқалған. Мектепті бітірген бойда аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа орналасып, мәдени көпшілік жұмысқа белсене араласқан. Ол есейіп барып білімін жетілдірді. Ақтөбе мәдениет училищесін сырттай бітірді.

Амангелді Ғұбайдуллин тек халық әндерін ғана емес, эстрада әндерін де шебер орындаған.

9D9F52B9-EA8A-4994-98DC-FB3B23D3CE75

1978 жылы Алматы қаласында республикалық телевизиялық байқауға қатысып, эстрада әндерін шебер орындағаны үшін белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің ілтипатына ие болып, бірінші орынды жеңіп алды. 1980 жылы Мәскеудегі Қазақстан күндеріне арнайы шақыру келіп, отанымыздың астанасы болған Мәскеуде бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіндегі концертке қатысып, талайдың таңдайын қақтыртып қайтқан. Сол жылы Қазақ ССР халық шаруашылығы көрмесінің сахнасында ән шырқап, көрменің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

1981 жылы мамыр айында Қаратөбе ауданының Саралжын совхозындағы Ақбақай көлінің жағасында атақты әнші Мұхит Мералыұлының туғанына 140 жыл толу мерейтойы республика көлемінде аталып, әр ауданнан көркемөнерпаздар шақырылыпты. Сол жылы Ақбақайдан Алаштың аспанына тағы да ән әуеледі. Бұл жолы әнді салған Мұхит емес, Амангелді еді. Ол осы тойда арнайы жүлде беріп «Құрмет дипломымен» марапатталады.

Амангелді республикамызда кеңірек өрістеген жыршылық өнерге ден қойып, Батыс Қазақстан жырауларының жырларын өзіндік мақаммен айтатын болды. 1985 жылы республикалық ақындар айтысына қатысып, бірнеше жыр орындап, шеберлігін танытып, республикалық конкурстың лауреаты атанды. Облыстық, республикалық теледидардан жеке концерттері берілді. Ол отыз жылдай өзі туған ауылының сахнасында адал қызмет жасап, 1992 жылы аудан орталығында Мұхит мектебін ашып, көптеген жас шәкірттер тәрбиелеген. Атап айтсақ, тума талант иесінің шәкірттері Мерген Мұқанов, Мұсағали Бектенов, Қайрат Кәкімовтер елімізге танымал болып жүр.

1993 жылы Алматы қаласында Қазақстанның Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің құрметіне арналған өнер шеберлерінің концертіне шәкірт ретінде шақырылады.

1995 жылы шілде айында Орал қаласында Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған облыстық әншілер байқауында Абай әндерін шебер орындап І дәрежелі дипломмен марапатталды.

1996 жылдың 18 қаңтарында қайтыс болды.

Таланттың ғұмыры осылай өте шығыпты-ау. Құлақтың түбіне тасырлап өтіп, кейін құмығып, уақыт кеңістігіне жұтылып кеткен тұлпар тұяғының дүбірі естіледі. Талантты тірісінде былай тұрсын, өлгеннен кейінде іздемей жатқан сияқтымыз.

Біздер Амангелдіні әлі күнге аудандағы мәдениет үйінің қатардағы әншісі деңгейінде бағалап жүрміз. Ол - дәстүрлі ән өнерінде даңғылы бар дарын, Батыс Қазақстанның ұлттық музыкасының жүгін арқалап, өз дәуірінен бүгінгі өкілдерге аман жеткізген қайраткер, артында ізі бар ұстаз еді. Оның есімі ұмытылмауы керек.

2021 жылы туғанына 70 жыл, дүниеден өткеніне 25 жыл болатын аяулы әншінің есімін өзінің туған жері Сырым ауданындағы аудандық Балалар саз мектебіне беру туралы ұсынысты бұған дейін де бірнеше мәрте көтергенмін. Амангелдінің бізбен басқа жоқтаушысы бар ма? Елі іздемесе оны кім іздейді, елі құрмет биігіне көтермесе, кім көтереді? Мұхит пен Ғарекеңнің дәстүрлі ән мектебін жалғастырған Амангелді ағамыздың орны ерекше.

Сөзге ұста, әзілге шебер Әбестің аңызға бергісіз әңгімелерін көзін көргендер әлі күнге жыр қылып айтады. Алайда тек інілері мен шәкірттерінің естелігінде ғана қала ма оның бейнесі? Амангелді халықтың ұлы емес пе еді? Сондықтан аудандағы өнер шаңырағына әнші Ғұбайдуллиннің атын беруді халық та қолдайды деп ойлаймын.

Амангелдімен бір топырақта туғаным өз алдына, облыстағы мәдениет пен өнердің орталығын басқарып отырып, әншінің құнын бұлдамауды өзіме сын санадым. Бұл мақалаға дейін де құзырлы орындарға ұсыныстар жолдап едік. Жолдаған ресми хатымыз жауапты адамдардан қолдау табар деген ниет бар. Індет кезінде біраз шаруа іркіліп тұрғанмен, танымал тұлғаларды дәріптеуді ұмытпауымыз керек қой.

 Бауыржан Халиолла,

ақын, журналист,

Қ.Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының, Қазақстан Жазушылары одағының БҚО филиалының директоры

 

Қайрат Кәкімов, 

әнші, «Құрмет» орденінің иегері:

598ECE59-F047-4B69-89DA-7AC259199E94

Амангелді аға – алғашқы ұстазым!

 Амангелді аға жайында кеңінен айтуға болады. Біріншіден, Амангелді Ғұбайдуллин - Алашқа аты танылған әнші. Алаша руынан. Жымпиты өңірінің тумасы екені тағы жақындастырады. Бала күнімізден Амангелдінің әндерін естіп өстік.

Екіншіден, ол шаңырақ иесі - әкеміз Сайлау, анамыз Айманмен жақсы араласқан. Менің әкем де, шешем де өнерден құралақан емес. Өнерді жандарымен жақсы көреді. Кәсіби болмаса да, әкеміз - әнші, анамыз домбырашы болды. Міне, «Алманың ағашынан алысқа түспейтіні» секілді осындай отбасында өмірге келген біздер де өмірдің мәнін өнер деп түсіндік.

Қазіргі Өлеңті ауылы, бұрынғы ХХІІ партсъезд атындағы кеңшардың екінші фермасы Бірінші май деп аталатын. Қазіргі Саралжын ғой. Тоқсаныншы жылдары сол жерге көшіп бардық. Әкем Сайлау мал бақты. Сол кездерде Амангелді аға ауылға келіп тұратын. Біздер қой бағып, қырда жүреміз. Үлкендер әңгіме-дүкен құрып, қалжыңдарын айтады.

Сондай отырыстың бірінде Амангелді аға:

- Сайлау осы қой жайып жүргенде далада ән шырқаймысың? Ауыл адамдары кешқұрым қыр жақтан әдемі ән естіледі деп жүр, – деп сұраған екен.

Сонда әкем: - Жоқ, үшінші ұл бар, Қайрат деген. Сол ғой ән айтып жүрген, –депті. 

Шынымен де, ол кезде далада қой бағып жүріп ән салатынмын. Әнім Амангелдінің құлағына жетіпті. Содан өзіне жақын тартты, қатты араласа бастадық. Мен әнге ғашық едім. Көбіне Ғарекеңнің әндерін радиодан естіп, жаттап алып, қой баққан кезде шырқайтынмын. 

Жымпитыда апа-жездемнің үйінде жатып, кәсіптік училищеде оқығанмын. Ата - анам «Амангелді ағаңды іздеп бар, тәлім ал» деп аманат айтты.

Әнге әуес болғаныммен, домбыра тартуды білмейтінмін. Біздің үйде Әлмырза Ноғайбаев деген ағамның записі болды. Үнтаспа дейміз ғой. Әкем әкеліп берген еді. Сол үнтаспада «Ақсақ киік», «Замандас», «Құдаша» деген әндер болды. Соларды жаттап алғанмын. Амангелді ағаны іздеп барғанымда, бірден «Сайлаудың ұлымысың, ал, ән шырқа!» демесі бар ма? Бірден шырқай салуға қысылып тұрдым да Сәкен Сейфуллиннің  «Ақсақ киік» әнін орындадым. Алғаш орындаған әнім сол болды. Асыл аға маған «Тракторшы оқуын таста, сен маған кел!» деді. Мен содан кейін Амангелдінің қасынан қалмайтын жанынан шықпайтын болдым. Домбыра тартуды да сол кісіден үйрендім. Кейіннен менің ән орындағаныма риза болып, келесі сыныптағы мұғалімдерді алып келетін. «Тыңдашы, мына баланы!» деп тамсанып тұрушы еді. Бұл кездер 1992 жылдың шамасы еді.

Амангелді Ғұбайдуллин - кітапты көп оқыған адам. Әңгімесін айтады, әнімді тыңдайды. Сөйтіп бір жылдай қасында жүрдім. Ол менің әнге баулыған алғашқы ұстазым еді.

1991 жылы ұстазымның 40 жасы тойланатын болып, ауданда үлкен концерт болды. Сол кеште ән шырқадық. Сол уақыттағы әкім, қазір зейнеткер Есберген Әжібаев деген ағамыз мені көріп, «Бұл талантты баланы тасада қалдыруға болмайды» деп Қатимолла ағамызға оқуға жіберді. Сонда Амангелді аға «Әнді менен үйрендім демей-ақ қой. Ән – менің жеке дүнием емес, халықтың мұрасы. Мен саған ағаң ретінде тек аманат айтамын. Ғарекеңді... Ғарекеңді бас жағыңа жастанып жат!» деп ақыл айтты. 

Өкініштісі, Амангелдідей талант ерте кетті. Бард әнші Табылдының тағдыры да Амангелдіге қатты ұқсайды. Екеуі де даланың дарабоз дарындары еді, алайда бағаланбады. Жымпитыдағы саз мектебіне Амангелдінің атын беру ұсынысын қолдаймын. Бұл әншінің өнеріне деген тарихи баға болар еді.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале