14.04.2026, 15:00
Оқылды: 14

Шыңғырлаулық көпбалалы ана 80 жасқа толды

image-14-04-26-09-52

 Қазақ қашанда ананы тіршіліктің тірегі, ұрпақтың ұйытқысы деп таныған. «Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек. Әсіресе, ауыл әйелдерінің еңбегі – көзге көрінбегенімен, елдің берекесін арттырған ұлы күш. Таңның атысы, күннің батысы тынымсыз тіршілік, отбасының қамы, бала тәрбиесі – осының бәрін бірдей арқалап, үнсіз еңбек еткен аналардың ғұмыры нағыз ерлікпен пара-пар.

Сондай асыл жандардың бірі – Тағаниязова (Сарқұлова) Үмітай Таласбайқызы. Биыл ол 80 жасқа толып отыр. Бұл бір әулеттің ғана емес, тұтас бір ұрпақтың мерейлі белесі.

Үмітай Таласбайқызы 1946 жылдың 15 наурызында Орынбор облысы, Сақмар ауданына қарасты Егоровка ауылында дүниеге келген. Үш қыздың кенжесі болып, апалары Орындық пен Ағипаның жанында өсіп, бала кезінен еңбекке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиеленді. Туыстарымен етене араласып, бір үйдің баласындай тату-тәтті өскен шағы оның мінезінің қалыптасуына зор ықпал етті.

Тарихтың ауыр кезеңі  ұжымдастыру жылдары олардың ата-бабалары Ресейге қоныс аударса да, жүректегі туған жерге деген сағыныш оларды қайтадан елге жетеледі. 1960 жылдары отбасы Шыңғырлау ауданының Еңбек ауылына оралып, жаңа өмірдің бетін ашты.

1963 жылы Үмітай апа Тағаниязов Құлымжан Хамитұлына тұрмысқа шығып, үлкен әулеттің босағасын аттады. Қазақы тәрбие көрген келін ретінде ол түскен шаңырағына тез сіңісіп, атасы Хамит пен енесі Бәтиманың батасын алды. Үлкенге иіліп сәлем салған, кішіге қамқор болған Үмітай апа әулеттің берекесін кіргізген ибалы келінге айналды.

«Жақсы келін келін емес, қызындай» дейді халық даналығы. Осы сөздің шынайы үлгісін Үмітай апаның өмірінен көруге болады. Ол қайнаға, қайын, абысындарымен сыйласып, үлкен әулеттің ынтымағын сақтай білді. Әрдайым сабыр сақтап, бірлікке шақырып отырған ана бүгінде сол тәрбиесінің жемісін көріп отыр.

Үмітай Таласбайқызының еңбек жолы ауыл тіршілігімен біте қайнасқан ғұмыр. Қой қырқу, төлдету науқандары, жүн түту, көрпе тігу  мұның бәрі оның күнделікті еңбегінің бір бөлігі еді. Сиыр сауып, май шайқап, отбасының дастарқанын берекеге толтырды. Совхоздың  алдыңғы қатарлы механизаторы болған жолдасы Құлымжан ағамыздың жағдайын жасап, оның алаңсыз еңбек етуіне қолдау көрсетті.

«Ерді – ер ететін де, жер ететін де – әйел» деген нақыл осындайда айтылса керек. Үмітай апаның сабыры мен еңбегі, қамқорлығы мен төзімі отбасының берік тірегіне айналды.

Бүгінде Үмітай Таласбайқызы тоғыз ұл-қызды тәрбиелеп өсірген ардақты ана. «Бала – адамның бауыр еті» десек, сол бауыр етін тәрбиелеп, өмір жолына бағыттау үлкен жауапкершілік. Құлымжан атамыз бен Үмітай апа бұл міндетті абыроймен атқарды. Олардың  балалары елдің әр өңірінде Ақсай, Шыңғырлау, Орал, Ақтөбе қалаларында еңбек етіп, қоғамның дамуына үлес қосып келеді. Отағасы Құлымжан ата 2018 жылы дүниеден өтті. Ақ жуып,арулап соңғы сапарына шығарып салғаннан кейін қым-қуат тіршілік жалғаса берді.

Ана бақыты ұрпақ қызығы. Бүгінде ол 30 немере, 8 шөбере, 25 жиеншар, 3 шөпшек сүйіп отырған бақытты әже. «Анасының жақсылығын балаға айт, баланың жақсылығын далаға айт» дейді дана халқымыз. Үмітай апаның тәрбиесін көрген ұрпақтары оның өнегелі жолын жалғастырып, әулеттің абыройын асқақтатып отыр.«Үмітаймен бір ауылда бірге еңбек еттік. Ол кісінің сабырлылығы мен еңбекқорлығы бізге әрдайым үлгі болды. Қандай қиындық болса да мойымай, отбасын бірінші орынға қоятын. Үнемі күлімдеп жүретін, ешкімге жамандық ойламайтын жан.Осындай аналардың арқасында ауылдың да, елдің де берекесі кіріп тұр деп ойлаймын», – дейді замандасы Күнзипа Сәлімгереева.

Үмітай Таласбайқызы мейірімділігімен, қарапайымдылығымен, кең жүрегімен ерекшеленетін жан. Ол ешқашан өз еңбегін алға шығармай, бар өмірін отбасы мен ұрпағына арнады. Әр күн сайын балалары мен немерелеріне ақ батасын беріп, дұға тілеп отыратын ананың жүрегі шексіз мейірімнің қайнары.

«Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» деген сөз бар. Осындай асыл аналардың еңбегі мен махаббаты өлшеусіз, бағасыз.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Үмітай Таласбайқызы кенже ұлы Азамат пен келіні Әсемгүлдің шаңырағының шаттығын тілеп,немерелерінің тәтті қылықтарын қызықтап отырған бір отбасының ғана емес, тұтас бір әулеттің қадірлі анасы. Оның өмір жолы еңбек пен сабырдың, мейірім мен даналықтың үлгісі.

 

Сара Адилова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале