14.04.2026, 12:00
Оқылды: 18

Облыста «Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» жобасы жүзеге асты

Жаңақала ауылындағы тренинг

Облыста 2025 жылдың шілде айы мен 2026 жылдың наурыз айы аралығында «Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» атты жоба жүзеге асты.

Ауқымды жобаның ауторы – облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, қоғам белсендісі, заңгер Бауыржан Зәки. Ол өңірде азаматтардың құқықтық сауа-тын арттыру және мемлекеттік сатып алу шарттарын талдау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жобаның негізгі мақсаты – аудан-ауыл тұрғындарын қоғамдық бақылау жасауға үйрету және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу белсенділігін  арттыру.

Аталған жоба аясында Жаңақала, Казталов, Жымпиты, Теректі, Переметный, Чапаев елді мекендерінде, Ақсай мен Орал қалаларында «Мемлекеттік сатып алуға – қоғамдық бақылау» тақырыбында арнайы тренингтер өтті. Іс-шараға қатысқан 119 адамның 66-сы әйел (55,5%) болса, 53-і – ер адамдар (44,5%). Олар мемлекеттік сатып алу порталы (goszakup.gov.kz) арқылы мониторинг жасауды, қоғамдық бақылау жүргізуді, мемлекеттік құрылымдарға өтініш жолдауды, egov.kz,
eotinish.kz, elicense.kz жүйелерін пайдалану және заңбұзушылықтарды анықтау және талдау әдістерін үйренді. Оған қоса, жоба аясында ауыл тұрғындарымен  кездесу, әйелдер мен студенттерге, үкіметтік емес ұйымдарға арналған семинарлар ұйымдастырылды.

Жоба нәтижесінде аудандарда WhatsApp мессенджерінде азаматтық белсенділер чаттары құрылып, онда тұрғындарға құқықтық кеңес берілді. Қоғамдық бақылау жұмысы үйлестірілуде. Жергілікті тұрғындармен бірлесіп бірнеше әлеуметтік нысанда қоғамдық мониторинг жүргізілді. Мәселен, Бәйтерек ауданының Қаражар ауылында бюджеттен қаржы бөлініп, 3,5 шақырым жолға асфальт  төселді.

Бауыржан Зәкидің айтуынша, қоғамдық бақылау барысында түсірілген бейнематериалдар әлеуметтік желілерде жарияланып, Instagram желісінің өзінде 150 мыңнан астам қаралым жинады. Ал тренингтерге әсіресе қыз-келіншектер мен жастар белсенді қатысты. «Бұл олардың құқықтық сауатын арттыруға және қоғамның әділдікке жетуіне үлес қосуға дайын екенін көрсетеді», – деді  заңгер.

– Азаматтардың мемлекеттік сатып алу жүйесіне қоғамдық бақылау жасауы – бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына ықпал ететін маңызды құрал. Қоғам белсенді болмаса, жемқорлықпен күрес те нәтижелі болмайды. Ал белсенді азаматтарды өзіне көмекші ретінде тарту әрбір мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының құзыретінде, – деп атап өтті жоба ауторы. Заңгердің айтуынша, бүгінде Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бір сарынды іс-қимылдан қоғамдық сананы түбегейлі өзгерту, сыбайлас жемқорлық пен непотизмнің кез келген түрін қабылдамауға, алдын алу шараларына көшуге бет бұруда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында үкіметтің ашықтығын арттыру, азаматтарды диалогқа тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытуды және оған азаматтық қоғам атсалысуына жағдай  жасау  көзделген.

Жоба аясында қоғам белсендісі Астанада өткен Қазақстанның XII азаматтық форумында және Ақтөбе қаласындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көшбасшы мектебі» республикалық форумында тәжірибе бөлісті. Құқық қорғаушы облыстық қоғамдық кеңестің әлеуетін пайдаланып, алдағы уақытта азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмысты жалғастыруға ниетті.

Айна  Имашева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале