13.11.2020, 19:14
Оқылды: 118

Сөздік қорымыз жұтап барады

Привет!

— Калайсн?

— Не ист?

— Уйде

— Озн?

— Тв карап

— Мхм

        Шыны керек, қазіргі заманның бала-шағасы дәл осылай жазып, нақ осылай сөйлеп жүр. Бұл тіліміздің түгі жығылып, тікені мүжіліп барады деген сөз емей, немене? Жалпы, тілдің негізгі өлшемі — сөздік қор. Ал сөздік қор дегеніміз тілдің құрамының ең тұрақты, талай ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан, жалпы күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын халыққа ортақ сөздер жиынтығы екендігі әмбеге аян.

9E94B6F1-60F2-424E-AA19-FAD275D3110B

Біздің ана тіліміз, қасиетті қазақ тілі аса бай, оралымды да көркем тіл. Әйтпесе, шет елдің ғалымдары «Қазақтың жай сөзінің өзі өлең боп құйылып жатады», «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, бейнелі тіл —  қазақ тілі» деп тамсанбас еді. Мінекей, әлем халқы баға берген шұрайлы тіліміз еді ғой, кеше. Ал бүгін... Көркем тіліміздің жәй-күйі мәз емес. Өйткені сөздік қорымыз жұтап, шұбарланып барады, тіліміз қасаң. Неге? Бұл хақында батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының келіні, Бақытжан Момышұлының жұбайы, жазушы, қазақы дәстүрді насихаттаушы Зейнеп Ахметованың, мамандардың және оқырмандардың пікіріне көз жүгіртелік.

 Зейнеп Ахметова, жазушы: «Тілі бұралған сақау ұрпақтың көбейгені жаныңа батады»

 — Адам бойындағы қасиеттердің өрістеуі тәрбиенің нәтижесі десек, жақсының да, жаманның да бастау алар көзі, ең алдымен, отбасы екендігі белгілі. Ұрпағының ізгілікті, өнегелі болуына баса көңіл бөлген ата-бабаларымыз баланың тілін жетілдіру, тіл ұстарту тәрбиесіне ерекше мән беріп, неше түрлі ұтымды әдіс-тәсілдерді қолданған. «Өнер алды — қызыл тіл» деп, өнердің көшбасына тіл байлығын қойып, шеннен шешендікті артық бағалаған. Бір ауыз аталы сөзбен күрделі түйінді шешкен халқымыз перзентінің  тіл байлығына үлкен жауапкершілікпен қараған. Баланың жас  ерекшелігіне қарай айтуға жеңіл, жаттауға  ыңғайлы, жыр үлгісіне саятын ырғақты сөздерден құралған тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақтарды үйретіп, баланы анық әрі дұрыс сөйлеуге ерте жаттықтырған екен. «Қуырмаш», «Санамақ» секілді ойын түрлерімен бүлдіршіннің ойлау қабілетін, таным-түйсігін кеңейтіп, тілдік қорын көбейткен.

Баланың сөйлеу тілін жаттықтыруда жаңылтпаштардың да алатын орыны ерекше. Ал жұмбақтар баланы өздігінен ойлануға, тапқырлыққа баулып, зейін-ықыласын ашады, тіл шеберлігін шыңдап, сөздік қорын көбейтеді.

Сөзді түйіндесем жоғарыдағы әңгімелер, тіл ұстарту, тілді жетілдіру де бабаларымыз  қолданған, тапқырлығына талас туғызбайтын әдіс-тәсілдер. Ойлап қарасаңыз, оның бәрі — екі жақты, бір тілдіге сөз есесін жібермейтін небір саңлақ шешендер мен ділмарларды тәрбиелеп баулыған дала ілімі. Өкініштісі сол, оқу орындарының әр сатысының соншама көптігіне қарамай, ойын орнықты жеткізе алмай, түсінікті сөйлем құрай алмайтын тілі бұралған сақау ұрпақтың көбейгені жаныңа батады. Бірақ көбеймей қайтсін, «тәуелсіздік» деген тәтті сөзді күніне тоқсан қайталасақ та, әлі күнге дейін YouTube-ті көріп, «өзін-өзі танып» жатқан жоқ па?

Салтанат Өмірзақова, психолог: «Кітап кемелденуге көмектеседі»

 — Көсегемізді көгерткен тіліміздің мәйегі кете бастады. Өмірдегі күнделікті қолданыстағы тіліміз заманауи технологиялық атауларға бейімделіп барады. Қарапайым дала мәдениетінде қолданыс тапқан жеңіл сөздеріміздің өзін қазіргі ұрпақ мағынасын ажырата алмауда. Себебі сөзді шұбарлап сөйлеуге дағдыланып алған.

     Қазіргі мектептердегі жоғары сынып оқушыларына сауалнама жүргізіп көргенде, олардың ұлтымыздың мәдениетіне қатысты көптеген ұғымдарымызды білмейтінін көреміз. Өйткені технологияның қарқынды дамуы көркем әдебиетті, тарихи шығармаларды жастана жатып оқуына кедергі болуда. Ғаламдану заманы дамып келе жатқанымен, адамдар арасындағы, әсіресе ата-ана мен бала арасындағы ауызекі сөйлесу арқылы құрылатын қарым-қатынас жойылып бара жатыр. Ата мен әкенің ұлға айтар өсиеті, әже мен ананың қызға айтар тұшымды кеңестері әдепті сөздермен өрілген болса, оны тыңдап, естіп өскен келешек ұрпақта сөз киесін санасына сіңіре алары сөзсіз.

       Тілдің киесін түйсік арқылы көріп, таным арқылы сезіне білу керек. Бүгінгі таңда көпшілік қауым интернеттегі блогерлерді, теледидардағы жаңалықтар лентасын т.б тыңдауға, оқуға бейім. Алайда кітапты еш нәрсе алмастыра алмайды. Кітап кемелденуге көмектеседі. Ондағы оқыған сөздерді образдарға айналдыру когнитивті қызметтерге әсерін тигізеді. Кітап оқу арқылы сөздік қор көбейіп, адам жады жақсара түседі.

 Рәзия Құлжанова, зейнеткер: «Оқып-тоқымадық, алайда .... »

 — Біздің заманымызда білім алып, оқымысты болу арман еді ғой, шырағым. Таңның атысы, күннің батысы қара жұмыстың соңында жүрдік. Кейін тұрмыс құрғанымызда, үйдің тірлігі, баланың тамағы деп жүрдік. Бір сөзбен айтқанда, оқып-тоқымадық, алайда сөздік қорымыз жақсы болды. Ескі жыр-дастандарды ата-әжелерімізден ауызша жаттап алушы едік. Қазір немерелерімізде керемет мүмкіндік бар. Дейтұрғанмен, сол мүмкіндікті пайланбайды, кітаптың бетін ашпайды, шыны керек. Күндіз-түні компьютердің алдында отырады. Ол жерден пайдалы мағлұмат алып жатыр ма, ол жағы бізге қараң. Солардың сөйлесуі де қызық осы. Құлағым бірде естиді, бірде естімейді, бірақ «сақауланып» бара жатқандарын  сеземін. «Кітап оқыңдар» деген сөзімді тыңдамайтыны өкінішті-ақ, әрине.

 Ажар Сағидуллина, жас маман: «Телефонға телміріп, текке уақыт өткізеді»

 — Рас, бүгінгі таңда кей замандастарымыздың сөздік қоры тым төмендеп кетті. Олардың күнделікті қолданып жүрген сөздердің басын құрап, сөйлемді толық жеткізе алмайтындығын көріп те жүрміз. Мәселен, «ана нені әкеліп, неткенде бару керек» деп қарап тұрады. Ал түсініп көріңіз? Мұның бәрі кітап, газет-журналдар оқымаудың салдарынан, екеуара ауызекі тілде әңгіме айтып, тілдеспеудің кесірінен деп ойлаймын. Әр адам баласы сөздік қорын дамыту үшін кітап оқуды әдетке айналдыру тиіс. Мысалы, бір жерге жиналып, әдеби-мәдени, яғни рухани азық жинау мақсатында әңгіме айтып ой-өрісімізді кеңейтейік десек, басқосуға келгендердің көбі дерлігі телефон шұқылап отырады да қояды. Осындайдан сөздік қорымыз қалай дамысын? Жастардың арасында көше тілі кеңінен қолданылуда. Бұл жаман әдет  тіліміздің тазалығына, сөздік қорымызға зиянын тигізіп жатқаны сөзсіз. Сондай-ақ бұл жерде тек жастардың ғана емес, үлкендеріміздің де кінәсі жетіп артылады. Өйткені олардың қолынан да телефон түспейді. Балаларымен сөйлесіп, мағыналы іс үйретудің орнына компьютерден пайдасыз нәрсе қарап уақыттарын текке өткізеді. Керісінше, баланың қолына телефонды өздері ұстатады. Сонда үлкені де, кішісі де телефонға телміріп отырады деген сөз. Екеуі де үн-түнсіз. Емен-жарқын күйде отырып, ашық әңгіме-дүкен құрмағандықтан қос тараптың сөздік қоры қайдан жақсы болсын?

 Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале