Өзбекстанның астанасы Ташкентте өткен IV балалар кубогында сырымдық балуан Имран Орынбасар 38 келі салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанды.

Бүгінде А. Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Талдыбұлақ ауылдық округіндегі күрес үйірмесіне белгілі балуан, дзюдодан спорт шебері Нұрсұлтан Мырзахметов жетекшілік етеді. Қазақ күресінен де шебер деңгейіне жеткен ол былтыр республикалық “Ақ бидай” ауыл спорты ойындарының күміс жүлдесін алды.

Айтпағымыз, кеше Ташкент төрінде топ жарған Имран - осы Нұрсұлтан бапкердің шәкірті.
Бұл жеңіс - ауылдағы күреске қатысып жүрген көп баланың көзінің жалынын жақты. Талдыбұлақ күрес мектебінің дәуірі қайта туды деп қуанып жатыр тілеулестер.

20-ға тарта мемлекеттің спортшылары бақ сынаған додада Имран кеудесінде көк туы бар күрте киіп, Қазақстан Республикасының намысын қорғады. Тұғырға да көк жалауды жамылып шықты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы