21.05.2022, 18:01
Оқылды: 91

Теректілік қос ұжым республикалық «Рухани қазына – 2022» байқауында марапатталды

Киелі Түркістанда мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық «Рухани қазына – 2022» байқауы өз мәресіне жетті.

A0F4BC00-A122-411B-9015-25A16BE728B1

Ауқымды фестиваль ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің ұйытқы болуымен өтті. Жалпы, шараның мақсаты – еліміздегі мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің басын қосып, үздік мамандар мен ұжымдарды ардақтау, өзара тәжірибе алмасу және өңірлердегі мәдени нысандардың имиджін нығайтуға бағытталған әлеуметтік-мәдени және білім беру жобаларының озық үлгілерін насихаттау.

Бесінші рет ұйымдастырылған байқауда мемлекеттік музей, кітапхана, мәдениет үйі, ауылдық клуб пен жекелеген мәдени ұйымдар бақ сынады.

C0664CD7-DEB2-4536-B9AB-6637539985B4

Байқауға облыс атынан Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының ұжымы мен Покатилов ауылдық кітапханасының кітапханашысы қатысты. Қос ұжым ең әуелі аталмыш шараның өңірлік кезеңіне қатысып, үздік деп танылып, республикаға жолдама алғанын жазған едік. Енді міне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғысхатымен марапатталды.

Айта кетейік, республикалық кезеңге қатысу үшін еліміздің 17 өңірінен 285 өтінім келіп түскен. Соның ішінде кітапхана саласы бойынша – 125, музей ісі бойынша – 73, мәдени-демалыс қызметі саласы бойынша – 87 өтінім.

Үш жүзге жуық қатысушының ішінен алғысқа кенелген қос ұжымды құттықтаймыз!

Айшабибі Мәмет

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале