18.10.2021, 11:29
Оқылды: 133

Ұлттық құндылыққа тәрбиелейтін жоба

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаң­­ғыру» атты мақаласында «Әжеп­тәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тауалатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың бас­ты шарты – сол ұлттық кодты сақ­тай білу. Онсыз жаңғыру деге­ніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай»,- деп атап өткен еді. Жоғарыда Мемлекет басшысы айтып отырған ұлттық код мәселесіне тоқталсақ, бұл аса терең ұғым. Ұлттық код дегеніміз – ұлттық болмыс. Яғни бір халықты басқа халықтан ажыратып, танытатын және сол халықтың әлем қауымдастығы алдында басқаға ұқсамайтын таным-түсінігі мен бітім-болмысын айқындап тұратын сипаты. Бұл сипаттың ерекшелігі – дара халықтың жаратылысындағы айрықша антропологиялық генези­сінен бастап, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүр-салты, мінез-құлқы, арман-мұраты, тілі мен ділі, тұрмыстық-шаруашылық негіздеріне дейін толық қамти алуында. Бір сөзбен айтқанда, этностың тұтастығын сақтап тұрған кілтінің бүтін болуы. Қазіргі жаҺандану кезеңінде жойы­лып кетуден аман қалуын ойлаған әрбір халық  алдымен өзінің байырғы рухани-тектік қасиеттерін мейлінше жаңғыртып, осы арқылы заманауи ғаламдық бәсекелестікке төтеп бере алу жағын ескеруде.

IMG-20211008-WA0009

Осы орайда Шыңғырлау аудандық мектептен тыс жұмыс орталығында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның бірі - «Алтын оймақ» жобасы. «Алтын оймақ» жобасының бағдарламасы оқушыларға тәрбиелік мәні бар, көркемдік шеберліктің үлгісі. Қазақтың ұлттық қолөнерін насихаттау, ата-бабаларымыздан қалыптасып келе жатқан озық мәдениетін, ізгі әдет-ғұрпын, салт-санасын жас жеткіншектерге жеткізу. Шәкірттердің шеберлігін, білімі мен еңбегін көрсету. Іскерлік, икемділік қабілеттерін арттыру. Тәрбиелік дағдысын жеткізіп, еңбектану жұмысына төзімділігін қалыптастыру. Қазақ халқы қашанда ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Жоба жоспары алты бөлімге топтастырылған: «Қазақ қолөнері көнеден қалған қазына», «Қыз еркем кестесімен көркем», «Өнер өрмек тоқытады», «Оймақ пішсең де ойлап піш», «Шеберлікке шек жоқ», «Құрақ құру – өнердің сарқылмас қайнар көзі». Сөйтіп, бірінші бөлімде қазақтың дәстүрлі қолөнері туралы толық мағұлмат берілген. Екінші бөлім – тігіс түрлеріне арналады. Үшінші бөлім – жалпы тоқыма өнері оның ішінде гобелен, макрамэ өру, газет таяқшаларынан себет тоқу, ілмек бізбен гүл тоқудың технологиялары көрсетілген. Төртінші бөлімде - қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрлері мен ерекшеліктері туралы айтылады. Бесінші бөлімде – оқушыны жан-жақты дамыту үшін заман талабына сай батик өнері, декупаж, филигран технологиясы мен қоса аралас материалдардан бұйымдар жасау қарастырылған. Алтыншы бөлім – құрақ құрау өнеріне арналады. Осы алған теориялық білімдерін сарамандық жұмыста пайдалана білу, оқушыларды өз бетінше ізденуге дағдыландыру, олардың ой-өрісін, қиялын көркемдік талғамын дамытады.

IMG_2319

Аталмыш жобаның негізгі мақсаты - оқушыларды ұлттық қолөнерді жандандыру, іскерлікке, еңбекке баулу, ұқыптылыққа, жүйелі еңбек етуге және шығармашылыққа тәрбиелеу.

Халқымыздың мәдени-мұрасы қазақтың ұлттық қолөнерін жаңғырту және халқымыздың ежелден келе жатқан көне де, ізгі дәстүрі арқылы қазіргі заманымызға лайықты сапа, түр беріп, ұлттық қолөнерді дамыту - «Алтын оймақ» жобасының басты міндеті болып отыр.

Жобаға қатысу арқылы оқушылар халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасқан өміршең қолөнерін жасап үйренеді. Әр сабақта оқушы қолөнер бұйымдарын жасаумен қатар, ұлттық тәлім-тәрбиені бойына сіңіріп, бұрынғы ата-бабаларымыздың қолөнерін жоғалтпай ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, алған білімдерін, өнерлерін тек өздері біліп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа үйрететіндей нәтиже беретініне сеніміміз кәміл.

Руслан Сағидулов,

Шыңғырлау аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының бұқаралық бөлім меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале