16.06.2023, 12:15
Оқылды: 57

Үміт жібін жалғағандар  

Алғы шепте тұруға дайын

Бізге эпидемия жайлы айтып түсіндірмесе де болады. 2020 жылғы басымыздан өткерген эпидемиялық жағдайды жуық арада ұмыта алмасымыз анық.

Әлемді коронавирус жайлап, пандемияға айналды. Инфекция салдарынан ауыр халде жатқандар миллиондап саналды. Жарық дүниемен қоштасқандар қаншама... Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екі жыл ішінде COVID-19 вирусынан немесе соның салдарынан әлемде 15 миллионға жуық адам қайтыс болды деген мәлімет жариялаған.

Сол күндері вирусқа қарсы алғы шепті медициналық қызметкерлер, әсіресе, вирусолог, инфекционист, эпидемиологтар ұстады.

Бүгінде вирус жойылып кеткен жоқ. Керісінше, күні кеше,  ДДҰ басшысы Тедрос Гебрейесус COVID-19-ден қауіпті вирус пандемиясы болуы мүмкін екенін ескертті.

Ендеше, адамзат үміті - медицина қызметкерлерінде.

889199e1-10a1-433b-88c2-74e915105cfd

Теректі аудандық ауруханасының эпидемиолог дәрігері Айнұр Отарбаева:

-Біз, дәрігерлер, адамның денсаулығы үшін күресуге дайынбыз. Жасөспірім кезімде мен мұғалім және дәрігер болуды армандайтын едім. Болашақ мамандығымды таңдар кезде таразы басын дәрігер болу басты. Сөйтіп, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық  медициналық университетіне оқуға түстім. Эпидемиологпын. Қызметтік міндетім – мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды бақылау. Яғни, айналадағы инфекциялық ауруларды анықтап, эпидемиологиялық алдын алу шараларының орындалуын бақылап  отырамын. Соның ішінде вирустық ауруларға қарсы екпе салуды (вакцинация) мұқият бақылаймыз, - деп өз қызметі жайлы айтып берді.

Алдағы кәсіби мерекеге орай әріптестеріне «Алдымызға келер науқас болмасын. Дәрігерге дерттен  ем іздеп емес, аурудың алдын алуға кеңес сұраған адамдар ғана келсін» деген Айнұр Әдиетоллақызы барша теректіліктерге мықты денсаулық тілейді.

Көмек беру - ұстанымым

Ақмарал Өтепбаева – терапевт. Ем іздеген адам алдымен осы маманның алдынан өтеді.

ea3960bc-4606-49b8-bfc4-9444d9986659

Ақжайық ауданы орталығы – Чапаев кентінде өскен ол Ақтөбе медициналық институтын тәмамдады. Шаңырақ құрды.  Қызмет жағдайына байланысты Жалпақтал ауылында, Ақсай қаласында еңбек еткен Өтепбаевтар отбасына Теректінің дәм-тұзы бұйырыпты.

Бүгінде Теректі аудандық ауруханасының стационарлық бөлімі меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген Ақмарал Жеңісқызы науқастарды  емдеуге тікелей қатысады.

- Медицина  тоқтаусыз дамиды. Қазір тек анамнез бен науқасты қарау арқылы ғана емес, УДИ, МРТ, КТ құрылғыларын қолдана отырып дертті дәл анықтауға  қол жеткіздік. Сондықтан медицина қызметкерлері, әсіресе дәрігерлер арнайы курстардан өтіп, біліктілігін көтеріп отырады. Мен де осы жылдар ішінде дерматология, кәсіби патология және тағы басқа салаларды оқып, тәжірибе жинақтадым,- дейді.

Ақмарал Жеңісқызының медицина саласын таңдауына ауылдағы фельдшер Жамал Ибатова себеп болыпты. Алты жасында науқастанған кезінде Жамал Сапарқызы күн-түн демей келіп, емін жасаған.

- Өзімнің ата-анам да адамға көмек беруге дайын тұратын. Бізді де солай тәрбиеледі. Бала болсам да, дәрігер адамға зор көмек беретінін ұқтым. Содан дәрігер боламын деген байламға келдім, - дейді дәрігер.

Бүгінде сол бала байламын өмірлік ұстанымына айналдырған Ақмарал Жеңісқызы:

- Дәрігер болу оңай емес. Ерте келіп, кеш кетеміз. Кейде түнде тұрып, шұғыл көмекке бару керек болады. Келін болып түскен жерімде қайын атам Карл Өтепбаев хирург болатын. Сондықтанда шығар, жұбайым, ұлым мен қызым менің жұмысыма түсіністікпен қарайды, - дей келіп, 2019-2020 жылдардағы пандемияны еске алды.

-Сол кез дәрігерлер үшін  ауыр сынақ болды. Қазір де оңай емес. Біз үшін ең маңыздысы – адамның сауығып кетуі. Әр науқастың өзіндік тарихы бар. Әр адамға ауруына қарай ем жасаймыз. Ол үшін мықты тәжірибе, біліктілік қажет. Еңбек жолымда Дария Мамырбаева, Әсима Тасқалиева сияқты  дәрігерлер кездесіп, маман ретінде қалыптасуымда із қалдырды. Қазіргі ұжымымда басқару қызметінде жүрсе де, емдеуден қол үзбеген аурухананың бас дәрігері, эндокринолог Дархан Хайрушев, невропатолог Збайда Дәулетова, анестизиолог-реаниматолог және фтизиатр Мәди Мұхамбетьяров – талай жанды дерт шеңгелінен арашалады.

Жас әріптестерім - хирург, онколог Асмир Медетов, учаскелік дәрігер, терапевт Иван Хохлачев нағыз «ақ желеңді әскердің» үздік сарбаздары дер едім, - деп әріптестерін ақ пейілімен атап өтті.

Бүгінде қант диабеті, жүрек және жүйке дерттеріне шалдыққан жандар көбейіп кеткеніне қынжылысын білдірген Ақмарал Жеңісқызы «Денсаулық – зор байлық» дегенді еске салып, «сол байлықты шашып-жойып алмайық» деген кеңесін айтты.

 Үлкен ауылдың бас дәрігері

Ауылдағы дәрігерлердің жүгі ауыр.

Әсіресе, Подстепное сияқты халқы көп, күн сайын біреу көшіп, біреу қонып жатқан ауылда дәрігер болу оңай емес.

Оның үстіне жәй дәрігер ғана емес, ауылдық амбулаторияның меңгерушісі болсаңыз...

Біз бүгін үлкен ауылдың дәрігері әрі басшы Саяхат Сағидуллин жайлы айтпақпыз.

 2013 жылы Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік медицина университетіне түскен ол, дәрігер болу үшін интернатурасын қосқанда бақандай 7 жыл оқыды. Мектеп қабырғасында жүріп таңдаған мамандығын меңгеруде қажымай-талмай, табандылықпен «жалпы тәжірибелі дәрігер» дипломын алып шықты.

2023 жылдың қаңтарында 11 мыңдай, нақты санмен 10 916 тұрғын тіркелген Теректі ауданының Подстепное ауылдық амбулаториясына меңгеруші болып тағайындалды.

Өзі бітірген білім ордасында біліктілігін жетілдіріп, «Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер» курсын өтті.

Басшылық қызмет атқарғанына көп болмаса да жергілікті жағдайға бейімделіп алған Саяхат Жомартұлы бүгінде тұрғындардың жоспарлы скриннингтен өтуіне басым назар аударады.  Жүрек аурулары, қант диабетінің алдын алуға бағытталған шаралардың да жүйелі жүргізілуін мұқият бағалайды.

644867b0-2f07-44b6-b841-c8406653dcf2

Жас та болса, бас болып отырған Саяхат Жомартұлы пандемия кезінде үлкен тәжірибе жинаған.

- Мен сол кезде мобильді бригада құрамында жүрдім. Шақыртулар көп болатын. Бір күні егде адамның шақыртуына бардық. Жағдайын қарап, тиісті диагностикалар жасадық. Нәтижесінде, тыныс алу жүйесінде үлкен зақымдану аймағы бар екені анықталды. Бейінді стационарға жолдап едік, пациент бас тартты. Бізге сенім артып, амбулаторлық емдеу аламын деп шешті. 10 күн бойғы ем-шара  арқасында сауығып шықты, - деп еске алды.

Бұл дұрыс тағайындалған емнен десек те, адамның дәрігерге деген сенімі де үлкен көмек болғаны анық.

Бүгінде ондай қиын жағдай жоқ. Десек те, басы ауырып, балтыры сыздаған жанның қай-қайсы да дәрігерден көмек күтеді. Қандай жағдайда да адамды, адам денсаулығын бірінші орынға қоятын әріптестеріне Саяхат Жомартұлы:
«Үлкен жауапкершілік арқалаған біздің медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мейраммен шын жүректен құттықтаймын. Ақ халатымызды кір шалмай, халық  үшін еңбек етейік. Абыройымыз асқақтай берсін», - деген құттықтау сәлемін жолдайды.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале