26.04.2023, 17:15
Оқылды: 15

Ұрпақ тәрбиесі – басты міндет

Бүгінде қоғамда балалардың нашақорлық, ішімдік ішу, шылым шегу, насыбай ату сынды зиянды әдеттерге құмартуы қалыпты жағдайға айналып отыр. Шетелден келген бұл үрдісті қазақтың қара домалақ балаларының тез қабылдап алуы елдігімізге сын десек, артық айтқандық болмас.

IMG-20230410-WA0162

Қоғам назарын аударып отырған бұл тақырып аясында көптеген статистикалық мәліметті алға тартып, сандарды сөйлетуге болар-ақ. Дегенмен сандардың өзі мың құбылады. Мәселен, жүрек ауруына шалдығатын науқастар жасарып келеді. Бұған балалар мен жасөспірімдердің, жастар мен орта буындағы азаматтардың жоғарыда атап өткен зиянды заттар мен энергетикалық сусынды тұтынуы себеп дейді мамандар.

– Бұл мәселе медицина саласы мамандарының күн тәртібінде тұр. Біз халыққа ғылыми негізде түсіндіру жұмысын жүргізгенімізбен, ескертуге құлақ асып отырғандар аз. Мысалы, статистикаға сәйкес жыл сайын ішімдік тұтыну салдарынан үш миллионнан астам адам қайтыс болады. Маскүнемдіктен болатын өлім асқазанішек жолдарының, жүрек аурулары, обыр және психикалық ауытқулардан туындайды. Ал есірткі қолданған адамның денсаулығында қан айналымы мен түрлі түзілістің жұмысы қиындап, өмір жасы кеміп, бет-әлпеті өзгеріске ұшырап, ісік ауруларымен көп ауырады. Кейбір ғалымдар насыбайдың құрамынан бензопирен мен онкологиялық аурулардың пайда болуына әкелетін канцерогендік заттарды тапқан. Насыбайдың құрамынан табылған нитрит ионы қалыпты жағдайдан 91 есе жоғары болған. Ал энергетикалық сусындардың тек уақытша сергіткіш екенін жиі айтып жүрміз. Қандай да бір өнімді шамадан тыс қолдануға болмайды. Мысалы, энергетикалық сусынды шамадан тыс қолдану жүрек соғысының, қан айналымы жүйесінің нашарлауына алып келеді. Мұны ата-аналар да ескеріп, балаларға жиі айтып жүргені абзал. Өйткені бүгін дерттің алдын алмасақ, кейін кеш болуы мүмкін, – деді Казталов аудандық ауруханасының «Отбасы денсаулығы орталығы» меңгерушісі Ернар Камалов.

Бұл заттар дүкендегі сөрелерде мен мұндалап тұрады. Қоғамның бір бөлігі кәсіпкерлер де оларды сатуды тоқтатуы керек десе, енді бірі кінә кәсіпкерден емес, тәрбиенің ақсауынан деп топшылайды. Екінші пікірді Қошанкөл ауылының тұрғыны, медиатор Марат Бегалиев ағамыз да қолдап отыр.

– Қазіргі заманда бала тәрбиесіне жоғары деңгейде көңіл бөлуіміз керек. Бүгінде жас жеткіншектердің сана сезіміне кері әсер ететін дүние көп. Олардың қатарында сананы улайтын әлеуметтік желіні, ағзаны құртатын шылым, ішімдік, есірткі, насыбай сынды құлақ пен көз үйренген, пайдасынан зияны мол заттар бар. Кейінгі кезде бұлардың қатарына энергетикалық сусындарды қосып жүрміз. Бұлар адам баласының өмірін жалмамаса, пайда әкелмесі анық. Мәселен, энергетикалық сусынды екінің бірі қолданады. Соның ішінде қала мен ауыл арасына қатынайтын такси жүргізушілері жиі тұтынады. Ал оны көп мөлшерде тұтыну адамның денсаулығына кері әсерін береді. Бұл жөнінде біз газет-журналдардан, теледидар арқылы ресми ақпарат көздерінен хабардар болып жүрміз. Сонымен қатар аудандық ақпараттық түсіндіру тобы да жоғарыда атап өткен зиянды заттар хақында түсіндіру жұмысын жүргізіп отырады. Біз, ата-аналар, ауыл үлкендері, мектеп ұстаздары балаларға бұл заттардың зияны жөнінде жиі айтып, бала тәрбиесіне баса назар аударуымыз керек. Ұрпағымыздың болашағына жанашырлық танытқан болсақ, халқымыздың салт-дәстүрін, өнерін бала бойына сіңіріп, ұлттық тәрбие берсек, ұтылмасымыз анық, – дейді.

Тәрбие отбасынан басталады. Кейін қоршаған ортаның тәрбиесіне де байланысты. «Мектеп оқушылары зиянды заттарды пайдаланбайды» деген білім беру ұйымдары мәліметтерінің шындыққа жанаспайтын тұстары бар. «Баяғы жартас – сол жартас» деп, білім беру ұйымының беделін ғана ойлаймыз.

Тек білім беру ұйымдары ғана емес, қоғамдық ұйымдар да бұл мәселеге білек сыбана кірісіп, ата-аналар, оқушылармен түсіндіру жұмысын күшейткені абзал. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева бұл мәселелер қоғамдық ұйымдардың назарында екенін атап өтті.

– Ауданымызда қоғамдық ұйымдар белсенді түрде жұмыс атқаруда. Қоғамдық резонанс тудырған қандай да бір мәселенің алдын алуда үкіметтік емес ұйымдар алдыңғы қатарда жүреді. Қазіргі уақытта оқушылар арасында әдетке айналған энергетикалық сусын ішу, шылым шегу, насыбай ату сынды зиянды әрекеттердің алдын алу шараларына қоғамдық ұйымдар да өз үлесін қосып жатыр. Мәселен, күні кеше аудандық ақпараттық түсіндіру тобы ауданымыздың барлық округінде болып, бірқатар мәселе бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді. Топ құрамында аудандық аналар кеңесінің төрайымы және «Ақ ниет» діни қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып, жоғарыдағы тақырып бойынша түсінік берді. Бұдан бөлек аудандық ардагерлер кеңесі, «Тоғжан», «Жастар кеңесі» қоғамдық бірлестіктері, әжелер ансамбльдері ұлттық тәрбиеге байланысты түрлі бағытта іс-шара ұйымдастырып, мәселенің алдын алуда. Дегенмен ондаған қоғамдық бірлестік ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлсе де, ата-ананың тәрбиесіндей бола алмасы анық. Сондықтан ата-ана балаға дұрыс тәрбие беріп, зиянды әдеттерден аулақ болуды насихаттап, ұлттық құндылықты дәріптесе, саналы, дені сау ұрпақ қалыптасар еді, – деді бөлім басшысы.

Ал құқық қорғау органдарының мамандары ата-аналарды балалар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуда бірге жұмыстануға шақырады.

– Ата-аналарды балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алып, жолын кесу үшін бірге жұмыстануға шақырамыз. Қазіргі уақытта ата-ана бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтіні жасырын емес. Себебі бала тәрбиесі сөз болатын жиналыстарға, қала берді құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатымен өткізілетін жиындарға кейбір ата-аналарымыз қатыспай жатады. Ал баланың балалықпен жасайтын әрекеті құқықбұзушылыққа әкеліп соғады. Мұны көпшілігі түсіне бермейді. Балаға зиянды әрекеттерден аулақ болуды үйретудің орнына бала тәрбиесіне жауапсыздық танытқаны үшін ұстаздарды, қала берді полиция қызметкерлерін кінәлап жатады. Ал тәрбиенің отбасынан басталатынын мойындағысы келмейді. Біздің міндетіміз – жазалау (айыппұл салу, соттау) емес, қандай да бір құқықбұзушылық орын алған жағдайда профилактикалық түсіндерме жұмысын жүргізу. Мысалға, бір ата-ана жасөспірім баласының қалтасынан электронды темекі тауып алып, бізге хабарласып, аталған оқиғаны баяндап, баласымен түсіндіру жұмысын жүргізуді сұрады. Біз аталған мекенжайға барып, баламен сөйлестік. Кейін ол бала өз әрекетінің дұрыс емесін түсініп, электронды темекіден бас тартты. Егер отбасындағы тәрбие мығым болса, балалар арасында құқықбұзушылық та азаяды деп сенеміз, – деді Жалпақтал полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Гүлдара Жалелова.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале