16.08.2022, 10:00
Оқылды: 103

«Жалпақтал» – жайсаң жандар мекені»

Республикамыз бойынша шалғай ауылдар мен елді мекендердегі мамандар тапшылығы – түйткілді мәселе. Осыған байланысты мемлекетіміз жас мамандарды қолдау мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жасап, көптеген жас мамандарға шет жатқан ауылдарда жұмыс істеуге мүмкіндік туғызды.

4

Бағдарламаның басты мақсаты – елді мекендерді ұстаз, дәрігер, инженер және тағы да басқа маңызды мамандықтармен қамтамасыз ету. Кейінгі жылдары «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасындағы мамандықтар көбейіп, жәрдемақы да өсті.  Сондай жас мамандардың бірі – Рауан Қазиев. 1990 жылы Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылында дүниеге келген. Орта мектепті де сол жерден тәмамдаған. Орал қаласынан арнайы медициналық білім алған соң, 2010-2012 жылдар аралығында Казталов ауданының Көктерек ауылдық округіне қарасты Еламан елді мекенінің фельдшері бо­лып жұмыс істеп, 2012 жылы Жалпақтал ауылындағы №2 Казталов аудандық ауруханасының рентген лаборанты қызметіне ауысты.

– Кәсіби тәжірибемді ауылдан жинағанды дұрыс деп санаймын. Мемлекет аталмыш бағдарлама арқылы ауылға келген жас мамандарды әлеуметтік жағынан барынша қолдап тұр. Әзірге қалаға көшетін жоспарым жоқ. Жалпақталда еңбек ету маған қай-қай жағынан да тиімді. Себебі Жалпақтал ауылының жағырапиялық орны өте әдемі. Бұл жерден мен өмірлік жолдасымды жолықтырдым. Мемлекетіміздің қолдауының арқасында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы тұрғын үй алдым. Қазір ата-анаммен бірге, төрт баламның ортасында жақсы өмір сүріп жатырмын. Ауылда интернет жүйесі тартылған, жол да жақсы, көгілдір отын мен таза ауыз су да бар. Сондықтан осы ауылдың белсенді тұрғыны ретінде білімді жастарды Жалпақталға жұмыс істеуге шақырамын, – дейді Рауан Бауыржанұлы.

Ауылда ақ халаттылар көмегіне жүгінетін пациенттер өте көп. Олардың тұрмыстық жағдайы да әр түрлі. Біреулер уақтылы медициналық көмекке қол жеткізе алмай жатады. Осындайда ауыл тұрғындарының материалдық, моральдық жағдайын түсіне отырып, қолдай білу ақ халатты жандарға тән қасиет. Олар науқастарды жылы сөзбен де емдей алады.

3

– Рауан Бауыржанұлымен 2010 жылдан бері сыйлас доспын. Алғаш еңбек жолымызды екеуміз де Көктерек ауылдық округінің елді мекендерінде фельдшер қызметінен бастадық. Рауан Еламан елді мекенінде қызмет етсе, мен Оразғали ауылын­да жұмыс істедім. Уақыт өте келе, екеуміз де Жалпақтал ауылындағы орталық ауруханаға жұмыс бабымен ауыстық. Сол кезде жас мамандарды ауылға тарту мақсатымен басталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша екеуміз де ауыл орталығынан үй алдық. Аңқылдаған жайдары мінезімен Рауан айналасымен тез тіл табысып, көпшілік ортаға бірден сіңісіп кетті. Ол ұжымдағы қоғамдық жұмыстардан ешқашан қалыс қалып көрген емес. Ауруханамыздың түрлі мәдени іс-шараларына қатысып, спорттық жарыстарда да ұжымды жеңіске жетелеп жүрген белсенді жан, - дейді облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы, Жалпақтал қосалқы стансасының аға фельдшері Болатбек Сарманов.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале