18.05.2022, 11:45
Оқылды: 80

Жауапкершілік артса, қауіп те сейілмек

Әлеужеліге көз салсақ, балаларға қатысты жол-көлік оқиғасы жөнінде ақпараттан көз сүрінеді. «Естімеген елде көп» деп, елең еткізер сұмдық жаңалықтарды оқып, естіп, көруге үйреніп те қалғандаймыз. Бірақ сол жол-көлік оқиғасының алдын алмасақ, өлім-жітімді азайта алмайтынымыз сөзсіз. Бұл да – күн тәртібіндегі түйткілді мәселенің бірі.

279081943_1320220521721166_6998272595232432943_n

Жол-көлік оқиғасының орын алуының түрлі себебі бар. Жүргізушінің қателігі, көлік құрылғысының істен шығуы, балалардың жол үстінде ойнауы және жол ережесін елемеудің арты қайғылы оқиғаға әкеліп соғады. Ұлттық статистика бюросының 2020 жылғы дерегіне сүйенсек, 0-17 жастағы балалардың өлім-жітімінің басым көпшілігі өлімнің сыртқы себебінен болған. 2020 жылы 870 адам өлімнің сыртқы себебінен көз жұмса, олардың 664-і 0-14 жас аралығындағы, 206- сы 15-17 жас аралығындағы балалар. Оның ішінде ауыл халқы саны 502 адамды, 371-і 0-14 жас аралығындағы, ал 131-і 15-17 жас аралығындағы балаларды құрап отыр. Ал құқық қорғау органдары мамандары жол-көлік оқиғасынан болатын өлім-жітім және жарақат алу деректерінің көпшілігі жаяу жүргіншілерді соғу, аударылу және көліктердің бетпе-бет соқтығысуынан тіркеледі дейді. Казталов ауданында балалардың қатысуымен 2022 жылдың басынан бері бір жол-көлік оқиғасы тіркелген.

8ef164c2-d326-455c-a021-d9bea84604cc

– Казталов аудандық полиция бөлімінің жол және техникалық инспекциясы тобы қызметкерлері 2022 жылдың үш айы ішінде біркелкі жұмыс атқарды. Ауданда 2022 жылдың үш айында жасөспірімдердің қатысуымен бір жол-көлік оқиғасы орын алып, бала дене жарақатымен Казталов аудандық орталық ауруханасына түскен. 2022 жылдың 1 қаңтары күні сағат 16.45 шамасында Қоныс ауылының тұрғыны «Лада 2170313821» маркалы автокөлігімен Чапаев - Жалпақтал - Казталов автожолының 199-шақырымында батыс бағытта жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің белгіленген қағидасын бұзып, қарсы бағытта өз жолымен келе жатқан «Лада Калина» автокөлігіне соғылып, салдарынан «Лада» көлігінде болған жолаушы – кәмелеттік жасқа толмаған 2005 жылғы қыз алған дене жарақатымен Казталов аудандық орталық ауруханасына жатқызылды. Қазіргі уақытта жағдайы қалыпты. Ал 2021 жылы жасөспірімдердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болған жоқ, – дейді Казталов аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесі бастығы, полиция аға лейтенанты Нұрхан Ғазизов.

Нұрхан Сәбитұлы балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін қандай жұмыс атқарылып жатқанын да атап өтті.

– ҚР ІІМ және БҚО полиция департаментінен келіп түскен нұсқауларға сәйкес аудан көлемінде жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін «Автобус», «Назар аударыңыз, жаяу жүргіншілер!», «Абайлаңыз, балалар!», «Абайлаңыз, жаяу жүргінші!» және «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық алдын алу іс-шаралары өткізіліп, Казталов АПБ және Жалпақтал ПБ-нің жеке құрамы түгелдей жұмыстануға тартылды. Білім беру ұйымдарында білім алып жатқан оқушыларға жол жүру ережесін сақтау және құқық бұзуға жол бермеу үшін жол полициясы қызметкерлерімен кездесу, жиналыстар өткізілді. Жол жүру ережесін бұзбауды аудан тұрғындары назарына жеткізу үшін үгіт-насихат жұмысы жүргізілуде, – деді ол.

Сала маманы профилактикалық жедел алдын алу шаралары жүргізілгенімен, тұрғындардың ескертуге құлақ аспайтынын алға тартады. Сондықтан бала қауіпсіздігі, алдымен, ата-ана назарында болуы керек. Ата-аналардың балаларды ойынға келгенде еркіне жіберетіні бар. Әр ауыл мен елді мекенде балалар ойын алаңдарының бар екеніне қарамастан, ойын баласын жол бойынан көреміз. Қала берді, балалы жолаушы сапарлатқан кезінде жүргізушінің жылдамдықты шамадан тыс асыратыны тағы бар. Осы орайда бала қауіпсіздігін қаперлеуде ата-ананың жауапкершілігін арттыру мақсатымен Казталов мектеп-лицейінің ата-аналар кеңесі төрайымы Нұргүл Бекаловамен тілдестік.

279029963_1320220591721159_5397598012621826513_n (1)

– Жол қауіпсіздігі ережесін оқушылармен қоса ата-аналар да сақтауымыз керек. Ол, ең алдымен, өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін өте маңызды. Жаяу жүргінші де, көліктегі жүргізуші де ережеге сай жүруі шарт. Балаларды кішкентай күнінен бастап жол қауіпсіздігі ережесін сақтауға үйрету – ата-ана міндетінің бірі. Сонымен қоса мектептерде де ата-аналар және оқушыларға жол қауіпсіздігі туралы ақпарат үнемі беріліп, көптеген шара, жиналыс өткізіліп тұрады. Ол өте дұрыс. Жол ережесін сақтаумен қатар, балалардың жол үстінде ойнауының алдын алып, қадағалауға тиіспіз. Қауіпсіздік ол – адамдарды өмір сүруге ынталандыру деп айта аламын. Сондықтан біз, ата-аналар құқық қорғау органдары қызметкерлері және білім беру ұйымдарының мамандарымен бірге жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жұмыстанып, сөзбен емес, іс жүзінде қоғамның, ата-ананың жауапкершілігін арттыруымыз керек, –дейді көпбалалы ана.

Күнделікті күйбең тірлікке бейімделген біз баланың өміріне жауапты екенімізді есімізден шығарып алып жатамыз. Баланың қайда, кіммен, немен ойнап, не істеп жүргеніне мән бермей де қаламыз. Бірақ балаңызбен досындай сөйлесіп, сырлассаңыз, түсінігі артары сөзсіз.

«Тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші, заң мен талапқа бағынып, балаларды да осы қағидаға тәрбиелеген жөн.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале