8.12.2022, 15:30
Оқылды: 102

Жолда абай болайық!

Жыл өткен сайын елімізде жол-көлік оқиғасы жиі орын алуда. Екі күннің бірінде күре жолдың бойында қайғылы жағдайдан көптеген адам зардап шегіп, талай жанның тағдыры қиылуда. Тіпті кейбіреулері соның салдарынан мүгедек болып қалып жатыр. Өкініштісі сол, мұндай суыт хабарды күн сайын еститін болдық. Әрине, оған біріншіден көлік жылдамдығын асыру, жарық шамдарын қоспау, арнайы белдіктерді тақпау, бір сөзбен айтқанда жауапкершіліктің жоқтығы себеп. Өйткені жоғары жылдамдықпен жүруді немесе ішімдік ұрттап алып көлікке отыруды жаман әдетке айналдырған жауапсыз жүргізушілердің кесірінен осындай қайғылы оқиғалар орын алады.

29

Фото дереккөзі: atr.sud.kz

Біз көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ пенде болған соң  жол жүруге тура келеді. «Көрген көзде жазық жоқ» деген. Сол кезде діттеген жеріне бірінші болып жету үшін күніне бірнеше рейс жасап, күнделікті нәпақасын тауып жүрген таксистердің де кейде адам емес ағаш тиеп алғандай жылдамдықпен жүргізіп, күйіп-пісіп асығатындарын байқайсың. Керек десең жолға емес телефонға телміріп, бір қолмен машина жүргізгендерін де көзіміз көріп жүр. Ал оның арты жол апатына әкеліп соғуы бек мүмкін. Жүргізуші тек өзінің ғана емес, көлікте отырған барлық жанның өміріне жауапты. Сондықтан жолда жүргенде абай болған жөн.

Жол апатына қатысты оқиғалар Тасқала ауданында да жиі орын алып тұр. Мақала жазылып жатқанда Атамекен ауылында жол-көлік оқиғасы орын алып, жүргізуші сол жерде жан тапсырды деген суыт хабар жетті. Сол себепті аудандық полиция бөліміне хабарласып, жол-көлік оқиғасы бойынша соңғы екі жылдағы мәліметті сұраған болатынбыз. АПБ, ЖТИ аға МАИ полиция капитаны Айтқали Мұқашевтың берген мәліметіне сүйенетін болсақ, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы бойынша 2021 жылы 10 іс тіркелсе, биыл 7 іс тіркелген. Ал. ҚРӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша 2021 жылы 27 іс тіркелсе, биыл 28 құқық бұзушылық анықталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір іске артық. Сонымен қатар ҚРӘҚБтК 620-бабы бойынша 19 құқықбұзушылық анықталса, былтыр да 19 іс тіркелген. Соның ішінде  ҚРҚк-нің 345-бабына сәйкес көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуына байланысты 4 оқиға тіркелген. Соның салдарынан 3 адам қайтыс болып, 1-уі жарақат алған. Ал осы бап бойынша 2021 жылы 3 іс тіркеліп, соның салдарынан екі адам жарақат алса, бір адам көз жұмған. 346-бап, яғни көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына жол беру бойынша 2 құқықбұзушылық анықталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 іске аз. Сонымен қатар, аудандық полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 11 жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді.

Қазір мезгілсіз уақыт. Ауа райы да құбылмалы болып тұр. Сондықтан, жүргізушілер жолға шықпас бұрын алдымен техникаларын сайлап алғаны дұрыс. Ең алдымен салғырттыққа салынбай жазғы доңғалақтарды қысқыға ауыстыру керек. Әйтпесе ауа райының қолайсыздығынан  олар тізгінге ие бола алмай қалып, оның арты жол-көлік оқиғаларына әкеліп соғады. Соның салдарынан адам өміріне қауіп төнуі әбден ықтимал. Алдымызда қылышын сүйретіп қыс келеді. Қазір ауа райы керемет болып тұрып, бірден боран тұрып кетуі де ғажап емес. «Сақтансаң сақтармын» деген, сондықтан ТЖБ арнайы ескертулеріне құлақ асып, жолға шықпағандарыңыз абзал.  Бұл жөнінде полиция қызметкерлері халықты құлақтандырып жатқанымен, оқыс оқиғалар саны азаймай тұр. Сақтанбай жүріп сан соғып қалып жатқандар да жетіп артылады. Сондықтан АПБ, ЖТИ аға МАИ полиция капитаны Айтқали Мұратұлының сақтық шаралары туралы берген кеңестеріне құлақ түргендеріңіз абзал. «Қазіргі кезде барлық жүргізушілер өз көліктерінің доңғалақтарын қысқы маусымға арналған доңғалақтарға түгелдей ауыстырып алулары қажет. Негізінен ол 1 желтоқсанға дейін болу керек. Айдың басталғанына 10 күндей уақыт өтті. Десек те жазғы дөңгелектермен жүрген көліктер көптеп кездеседі. Оларға ескертулер берілді. Ендігі уақытта  құлақ аспағандарға  айыппұлдар салынады. Көп кешікпей осы іс жөнінде рейд ұйымдастыратын боламыз. Яғни, техникалық регламенттерге сай  жазғы доңғалақтарды қыста қолдануға, керісінше тікенекті доңғалақтарды жазда пайдалануға тиым салады. Сонымен қатар жеңіл көлік доңғалақтарының протектор биіктігі  кем дегенде 1,6 мм, ал жүк көліктерінікі 1 мм, автобустарда  2 мм болуы шарт», - дейді МАИ қызметкері.

Құрметті жүргізушілер! Адам өмірінің қымбат екенін бәріміз де жақсы білеміз. Олай болса жоғарыда айтылған ескертулерге құлақ асып,  дөңгелектерімізді уақтылы ауыстырып, жылдамдықты асырмай, межелі жерімізге аман-сау жетуді ойлайық. Қатты жүріп кедергіге тап болғанша, асықпай жүріп аман жеткенге не жетсін!

Назгүл Серік,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале