31.12.2020, 17:45
Оқылды: 83

Жұрт осы Ақеркені біле ме екен?

Теректі ауданының тарихына үңілсек, ұмыт бола бастаған есімдерге бірден кезігесің. Мысалы, аудан халқы Марабай жыраудың Теректі топырағынан нәр алғанын, болмаса Айшуақ ханның дәурені ауданмен байланысты болғандығын біле бермейді.

основное фото

Бүгінгі кейіпкеріміздің жөні тіптен бөлек. Ол сан түрлі өнердің иесі. Совхоз кезінде шопан болып, одан соң мәдениет саласына бет бұрған. Қарапайым жұмысшы, әнші, асаба, тігінші, түрлі шаралардың сценарийін құрып, ақындық қырымен де облысқа танылған. Әңгіме, Ақерке Төремұратқызы Жұмабекова хақында.

Ақерке ақынның туған жері кие дарып, қасиет қонған – Қаратөбе өңірі. Нақтырақ айтсақ, Қалдығайты совхозына қарасты Киров ауылында 1950 жылы 3 ақпанда дүние есігін ашқан. Олай болса, Теректіге кейіпкердің нендей қатысы бар дерсіз?!

1971 жылы Мұхамбетқали Жұмабеков есімді азаматпен бас қосып, 1984 жылы Теректі ауданы, Федоров ауылына қоныс аударған. Небәрі тоғыз жасында әкесінен айрылып, еңбекке ерте араласқан кейіпкеріміз өмірдің қиындықтарын қасқайып қарсы алады. Өмірге әкелген сегіз перзентінің екеуі бақилық болған сәтте де оған тірліктің күйбеңін міз бақпай жеңген мінезі көмекке келген-тұғын.

Ол өзінің жан жұбанышын әннен, қала берді, жүрегін ерекше сезімге бөлеп, ақ параққа төгілген өлеңдерінен тапты. Ол әсемдікті, сұлулықты қалады. Мына қоғамнан тазалықты іздеп, әрі-сәрі күйге түсті. Алайда, нендей жағдайға кезіксе де өнерге адал болды. Сол кезде «орыстанған мекен» деген лақап атты иемденген Федоров ауылында қазақтың салт-дәстүрін дәріптеу, не болмаса қара өлеңді киелі сахнаға алып шығудың өзі ерлік еді. Ал, Ақерке Жұмабекова өлең жазудан бөлек, айтыскерлігін дамытып, облыстық айтыстарға Теректі ауданы атынан шыққан алғашқы ақын болды.

Кейіпкеріміз хақында әнші, жыршы-термеші, айтыскер ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев «Ақеркені мен ұмытқан жоқпын. Оның ақындығын жоғары бағалап, талантына куә болған жанның бірімін. Әрине, Ақеркемен бір сахнада айтысып көрмеппін. 1990 жылы Чапаев ауылында өткен ақындар айтысына Теректіден Ақерке қатысты. Ол кезде қазылар алқасында болдым. Оның жоғары деңгейдегі дайындығына тәнті болғанымды жасыра алмаймын. Сол айтыста Ақеркеге тоғыз ұпай бергенім есімде», - дейді.

Мәдениет саласы ардагері, сол уақытта кейіпкеріміздің әріптесі болған Любовь Локтионова да Ақерке ақынды ұмытпапты. Любовь Ивановна Ақерке Төремұратқызының сұлулыққа қызыққандығын ерекше сезімммен еске алады.

- Я помню ее. В 80-годы она была молодая женщина. Я тогда работала заведующей автоклубом. Часто приглашали ее на выезды с агитбригадой. Пела, играла на домбре. Любила она все яркое, красивое. Даже в повседневной жизни она выделялась – всегда была нарядной. В сценическом костюме она была очень эффектной. Когда выходила на сцену, преображалась – не подумали бы даже, что это перед вами многодетная мать. Кстати, семья у них творческая. Помню, что они с семьей выезжали, давали концерты перед тружениками, - деп еске алады.

акерке жумабекова1

Тіпті, Ақерке Жұмабекованың өнеріне сүйсінген Қазақ КСР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев қолындағы домбырасын сыйға тартып, батасын берген деседі. Бұл жөнінде кейіпкеріміздің қызы Индира айтып берді. Ақын сегіз бала дүниеге әкеліп, 16 немере, 1 шөбере сүйген.

Расымен, ауданның тарихында алғаш айтысқа шыққан ақын ретінде қалған, сонымен қатар жай ғана жұмысшыдан әнші, тігінші, асаба болып елдің алдында сөз бастаған Ақерке ақынның есімін күллі теректіліктер білуі қажет.

Айтыскер ақын ағымдағы жылдың 26 сәуірі күні 70 жасында өмірден өтті. Ақерке Жұмабекова көзі тірісінде әр жылдары жазылған өлеңдері мен айтыста айтылған шұрайлы шумақтары бір жинақ болып шықса екен деп армандапты. Теректі мен Қаратөбенің намысын бірдей қорғаған ақынның арманы жергілікті билікке жетіп, ұрпақтарының атсалысуымен орындалады деп сенеміз.

 

Әділет Орынбасарұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале