Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасының көрме залында кен орнының көзін ашқан көрнекті ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, II дәрежелі «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері, Орал қаласының құрметті азаматы Сухан Камаловтың 90 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды.

Ғалымның өмір жолы мен ғылыми мұрасын кеңінен танытуды мақсат еткен рухани-танымдық шараның өтуіне облыстық тарихи-өлкетану музейі бастамашы болды. Көрмеге ғалымның жұбайы Әмина Күмісқызы, ұлы Нұржан Суханұлы арнайы шақырылды. Сонымен қатар музей бөлімдерінің меңгерушілері мен қызметкерлері, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Көрменің ашылу салтанатында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин Сухан Мақсотұлының отандық ғылым мен өндіріс саласын дамытудағы айрықша еңбегіне тоқталып, ғалымның есімі өңір тарихында алтын әріппен жазылғанын атап өтті.
– Егемен еліміздің заңғар тұлғалы азаматы Сухан Камаловтың саналы ғұмыры ел-жұртпен, халықпен біте қайнасқан ортада өтті. Сондықтан да ғалымның әр ісі өнеге ретінде көрсетілуі керек. Сухан Мақсотұлы ашқан Қарашығанақ мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның үстіне озық технологиялар орталығына айналды. Осындай ағаларымыздың еңбегі елге танылып, көпке үлгі болуы керек, – деді Жантас Нәбиоллаұлы.
Жиында Сухан Камаловтың әріптесі, мұнай-газ саласының ардагері Қайнолла Қасенов сөз алып, алып тұлғаның азаматтығы мен іскерлігі жайында ой толғады. Одан бөлек, шара барысында Сухан Мақсотұлымен замандас, қызметтес, басқа да әріптестер мен қадірлі қонақтар жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ғалым жайлы естеліктерімен бөлісті.

Көпшілікке кейіпкер туралы түсірілген тағылымды бейнебаян көрсетілді. Ал көрме экспозициясындағы ғалымның өмірлік және қызметтік жолын айқындайтын құжаттар, ғылыми еңбектер, фотосуреттер мен жеке заттар көпшілік назарын өзіне аударды. Өңіріміз үшін маңызы зор ғылыми және өндірістік салаларда өзіндік қолтаңбасын қалдырған Сухан Мақсотұлының мол тәжірибесі мен қажырлы еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екені айқын көрініс тапты.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған рухани еске алу кеші ғалымның жұбайы Әмина Күмісқызының тебіреніске толы жылы лебізімен түйінделді. Тағылымды шара ғылымға адал қызмет еткен тұлғаның жарқын бейнесін жаңғыртып, оның ел игілігі жолындағы өлшеусіз еңбегіне құрмет көрсетілді.
Түгелбай Кенжеғалиұлы,
«Орал өңірі»