Ел кубогін сарапқа салып жатқан футбол клубтары плей-офф кезеңінің алғашқы ойындарын өткізді.






1/8 финалға шыққан командалар арасында "Ақжайық" та бар. Аталмыш кезеңді Алматы шаһарынан бастаған Игорь Прохницкийдің шәкірттері азулы "Қайратпен" күш сынасты.
Алматыдағы орталық стадионда өткен кездесу көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлады. Ойын басынан басымдықты қолына алған "Қайрат" ойыншылары қарсыласын тықсырып бақты. Бірақ алаң иелерінің мұндай қысымына дайын болған "Ақжайық" ойыншылары алматылықтардың барлық шабуылын оңай тоқтата алды. Әсіресе, жас ойыншы Бекзат Иманғазеев белсенді ойнады. Қорғаныстағы Бекзаттың еңбегін шабуылға жауап беретін "Ақжайық" ойыншылары Евгений Кобзарь мен Бақдәулет Көңілімқос еш етпеуге тырысып бақты. Десе де, командалар ойынның алғашқы бөлігінде есеп аша алмай тарқасты. Ал екінші таймда айып добын шебер орындаған Евгений Кобзарь "Ақжайықты" алға шығарғанымен, команда басымдықты ұстап тұра алмады. Оралдық команданың бір голына "Қайрат" екі голмен жауап берді. Енді келесі кезеңге кім шығатынын сәуірдің 19-ы күні Оралда өтетін жауапты матчта білеміз.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz