27.08.2021, 10:31
Просмотры: 122

Аттылы экспедиция Ақбақайға барды

Сал Мұхиттың 180 жылдығына орай «Алаш музейінен Ақбақайға дейін» атауымен ұйымдастырылған аттылы экспедиция Қаратөбе ауданының орталығындағы «Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану» музейі алдынан салтанатты түрде бастау алды.

01

Аудан әкімінің сәт-сапар тілеуімен экспедиция мүшелері атбегі, эколог-ғалым – Алтай Зейнуллин, Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы – Нұртас Сафуллин, атбегі – Қайырбек Сағындықов, «Қаратөбе» спорт клубының нұсқаушы-әдіскері – Ернар Есенжанов, шабандоз –   «Қаратөбе» колледжінің ІІІ курс студенті – Ерғазы Валереев жолға шығып, Қаратөбе ауданының Саралжын ауылдық округіндегі тарихи орын, әнші Мұхиттың туған жері Ақбақайға дейін 70 шақырымдық қашықтықты атпен жүріп өтті.

02

Аталмыш шара – аттылы экспедицияның жұмысын ақпарат беттерінде жариялау арқылы Әнші Мұхиттың 180 жылдығын кең көлемде насихаттауды, экспедиция барысында сал Мұхит шығармашылығының ерекшеліктері туралы әңгімелеп, осы тақырыпқа жұртшылықтың, жас ұрпақтың қызығушылығын оятуды көздеген.

Экспедиция мүшелері жол-жөнекей жүрген жерлерінің тарихынан мәлімет беретін бейнетүсірілімдер жүргізді. Аққозы ауылдық округінің аумағынан өткенде Қоржын жырау, Ұзақ күйші туралы, бұл жер атақты ақын Қадыр Мырза Әлидің де кіндік қаны тамған мекені екенін айтып, Саралжын ауылдық округі аумағына жеткенде сол жердің тарихи тұлғалары мен ескерткіштері туралы әңгімелеуді мақсат етті. Ақбақай көлінің атауына қатысты Мерәлінің Ақбақай аты туралы айтылып, қызықты мағлұматтар берілді.

03

Ерболат РАЙСОВ,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале