Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты «Ана тілі» газетіне жарияланды. Әңгіме барысында ол өткен жылы елімізде болған алапат су тасқыны туралы сөз қозғалды. Президент халқымыз бұл сынақтан қалай өткенін, ел Үкіметі қандай жұмыс атқарғанын ашық айтты.
«Былтырғы тасқын еліміз үшін зор сынақ болды. Мұндай алапат тасқын Қазақстанда бұрын болмаған. Мемлекет орасан зор қауіптің бетін қайтару үшін шұғыл шаралар қабылдады. Адамдар дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді, олардың уақытша паналайтын орындары әзірленді, материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Апаттан құтқару жұмыстарына барлық күштік құрылымдардың қызметкерлері, жалпы саны 63 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Соның арқасында көптеген азаматты құтқарып, аман сақтап қалдық. Ең бастысы – осы.
Қарғын судың қарқыны шынымен де қатты болды: үйлер, жолдар, көпірлер, әлеуметтік және коммерциялық нысандар бүлінді, біраз мал қырылды. Бөгеттер мен гидротехникалық қондырғылар салуға ондаған жыл бойы жете көңіл бөлінгенде, апаттың салдары соншалықты ауыр болмас еді. Мұны мойындау керек. Қазір қателікті түзеп, олқылықтың орнын толтыруға кірістік. Парламентте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатыр. Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы және оның кешенді жоспары бекітілді. Онда 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделген» деді Президент.
Облысымызда болған көктемгі тасқынға Бөкей ордасы ауданының бір топ азаматтар, оның ішінде партияластар, депутаттар, кәсіпкерлер, мекеме қызметкерлері болып бірлесіп, өз еріктерімен өз қаражаттарына көмек көрсетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген гуманитарлық көмекті ұйымдастыру, зардап шеккендерге қолдау көрсетуде еріктілердің үлесі көп болды.
Жалғас Ташуов,
«AMANAT» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалының төрағасы