14.02.2015, 15:11
Оқылды: 26

Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына ҚАТАҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ ОРНАТЫЛМАҚ


 Жақында «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы және «Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы» ММ арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға ресми түрде қол қойылды.


 Бұл меморандум, Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген бюджеттік-қаржы үдерімінде үнемі мақсаттылық және тиімділік үрдістерін сақтап, ұқыптылықпен қарау туралы тапсырмасын орындау мақсатында жасалып отыр. Сонымен қатар Елбасының, «Нұр Отан» партиясының төрағасы – Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын ұлттық қордан қосымша бөлінетін қаржыны  тиімді әрі оңтайлы пайдаланып, жұмсалуына республикалық және аймақтағы қаржылық бақылау органдары «Нұр Отан» партиясының орталық және жергілікті аппараттарымен бірлесіп, қатаң мемлекеттік және қоғамдық қадағалау орнату қажеттігі жайлы ұсынысынан туындайды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 11 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзінде Қазақстанның жаһандық дағдарысқа берген жауабы ретінде, оған ең алдымен әлемдік экономиканың құлдырауы, шикі-зат ресурстарына бағаның төмендеуіне және мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігіне салықтар түсімінің азаюына байланысты бірқатар шараларды қабылдауды ұсынды.

Осыған орай Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатына қосымша бірқатар өзгерістер енгізу тапсырылды.

Әлемдік экономикада «жаһандық сынақтардың»  уақыты болуына қарамастан, Президент мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындайтынын, Үкімет пен

жергілікті атқарушы органдарға барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде қамтамасыз етуді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Бұдан басқа бюджеттің шығыс бөлігін, оның ішінде әкімшілік және өзге де қосалқы шығындарды 700 млрд. теңгеге қысқарту ұсынылды. Сонымен қатар ұлттық қордан қосымша қаржының бөлінуі тапсырылды, атап айтқанда: бизнесті жеңілдікпен несиелеуге 100 млрд. теңге, банк секторын сауықтыруға 250 млрд. теңге, жаңа инвестициялар тарту үшін 80 млрд. теңге, «ЭКСПО – 2017» кешені құрылысына 40 млрд. теңге, Астана қаласының көліктік инфрақұрылымын дамытуға 29 млрд. теңге бөлінеді.

Сол себептен елдің жаңа экономикалық саясаты сыртқы ортаның дағдарыс жағдайында да елімізді алдыңғы қатарға алып шығаруға жарамды деген ойдамыз, алайда аталған саясатты жүзеге асыру үшін және бөлінген қаражатты тиімді пайдалану үшін бізге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін, «Нұр Отан» партиясының көшбасшысымен аталған қаржының бөлінуінде айқындықты және оларды пайдалануда тиімді мемлекеттік пен қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Тексеру комиссиясы да халық игілігі үшін саяси тұрақтылық пен экономикалық дамудың, қоғамдық келісімнің негізгі конституциялық принциптерін ұстана отырып, Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамыту жолын ортақ ұстанатындықтарын растай отырып, аталған бағдарламаларды бірлесіп жүзеге асыру үшін  өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум да өзінің оң ықпалын тигізері сөзсіз.

Аталған меморандум шеңберінде, ҚР бюджеттік және басқа да заңдылықтарын бұзу фактілері бойынша «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы, оның жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес және партиялық бақылау комиссиясымен ақпарат алмасады, ол өз кезегінде, құқықбұзушылыққа жол берген мемлекеттік қызметкерлерге тәртіптік жауапкершіліктерімен қоса, партиялық ықпал ету шараларын қабылдауға мүмкіндік  берері  сөзсіз.

Осы қабылданған шаралардың барлығы жергілікті бюджеттің сапалы орындалуына, бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыруға, қаржылық тәртіпті орнықтыруға үлкен септігін тигізеді  деп  сенеміз.


Амангелді НҰҒМАНОВ,

БҚО бойынша тексеру комиссиясының

Төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале