17.02.2015, 14:53
Оқылды: 36

Елдікті асқақтатар ЕЛТАҢБА АВТОРЫН ҚАБЫЛДАДЫ


Өткен сенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірімізге келген тәуелсіз Қазақстан Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлды қабылдады.


– Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздігімізге қол жеткен жылдары қабылданған мемлекеттік рәміздер қазіргі таңда өскелең ұрпақтың жалпы қазақстандықтардың болашаққа сенімін нығайтып, тәуелсіздік рухын  асқақтатуға үлкен қызмет атқаруда. Еліміздің Елтаңбасын бекітуге Шота ағамыз екеуіңіз зор еңбек сіңірдіңіздер. Бүгінгі Елтаңбамызда халқымыздың тарихы, болмысы мен болашағы шебер суреттелген. Солардың бәрін қамтуға ұшқыр қиял, өткір ой, зор тәжірибе қажет екенін жақсы түсінеміз. Мемлекеттік рәміздер әр елдің төлқұжаты іспеттес. Шет мемлекеттерде өтетін үлкен жиындарда  немесе спортшыларымыз жеңіс тұғырына көтеріліп, көк Туымыз желбіреп, Әнұран шырқалғанда, жүрегі тебіренбейтін жан жоқ шығар. Тәуелсіз Қазақстан халқының ортақ мұрат-мақсатын, арман-тілегін Отанымыздың Елтаңбасы арқылы паш еткен сізге ел-жұрттың алғысы шексіз деп ойлаймын, – деді өз сөзінде қонақтарға облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы.

– Тәуелсіздікке қолымыз енді жеткен кезеңде қазақ деген ұлт, Қазақстан деген ел бар екендігін  өзге мемлекеттердің бірі білсе, бірі білмейтін еді. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз еліміз қарыштап дамып, әлемге өзін танытып, бас-аяғы жиырма жылдың ішінде үлкен дәрежелерге қол жеткізді. Осы игі істердің басы-қасында жүріп, елдің Елтаңбасын бекітуге өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын. Ақ Жайық еліне алғаш келсем де, табиғаты тамаша өңірде атқарылып жатқан игі істерге разы болып отырмын, - деді кездесуде сөз алған Жандарбек Мәлібекұлы.

Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл Оралдағы  Жеңіс алаңына ауған соғысы жауынгерлеріне арнап елімізде тұңғыш рет ескерткіш орнатылуына ұйытқы болғаны үшін интернационалист-жауынгерлер атынан  өңір  басшысына  алғыс  айтты.


Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале