19.03.2015, 12:39
Оқылды: 23

Отандық өндірушілерді қолдауда

img_5382


Ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық өндірушілерді қолдауға шақырып, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық акциясын бастауды ұсынған еді.


Аталмыш акция Ақсай қаласында да бастау алды. Бұл шара қаламызда жақында ғана ашылған «Алтындар» супермаркетінде, сондай-ақ «Тайыр» сауда павильонында, «Атаба» супермаркетінде, «Жібек жолы» сауда үйінде, «Бәйтерек», «Аян» және «Ассорти» дүкендері секілді ірі сауда орындарында ұйымдастырылып отыр. Қазақстандық өнімдер орналасқан сөрелердің тұсына «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар тақтайшалар ілінген. Осылайша, отандық өнімдер тұрғындардың көзіне бірден түседі. Қазақстандық өнімді сатып алу арқылы біз, біріншіден, ел экономикасының дамуына үлес қосатын болсақ, екіншіден, бұл кәсіпорындардағы жұмыс күшіне де қолдау көрсетеміз. Яғни өнімі өтімді кәсіпкердің нәсібі артып, қуаты мықты кәсіпорын арқылы ел бюджетінің де кірісі ұлғаяды. Бұл туралы Елбасының өзі «Барлық қазақстандықтарды бүгінгідей қиын жағдайда қазақстандық тауарларды сатып алуға шақырамын. Мұны біз Қазақстан экономикасына қосқан үлесіміз деп білейік» – деген болатын. 

Аралап шыққан сауда желілерінде акцияның белгілері ұн мен сүт өнімдерінің, шайлар мен кәмпиттердің сөрелеріне қойылған. «Тайыр» сауда павильонындағы бір сатушы «Баян сұлу» мен «Рахат» кондитерлік өнімдері мен Оралдан шығатын кәмпиттердің өтімді екенін айтады. Өзінің дүңгіршегінде тұрған Галина Касимова есімді кәсіпкердің айтуынша, ол Ақсай қаласында бірінші болып «Белес» ұнын саудаға шығарған. Кәсіпкер Зеленов ауданына қарасты Белес ауылынан шығатын бұл ұнның сапасын жоғары бағалап отыр. Сонымен қатар  «Премьер» өсімдік майының да өтімді өнім екенін айтады. Өзге сауда орнындағылар да қазақстандық  сүттің, ұнның үлкен сұранысқа ие екенін алға тартты.

Халықтың назарын отандық тауарларға аударуды мақсат ететін бұл шара түптеп келгенде, қазақстандықтарды отаншылдыққа үндеп, еліміздің өркендеуіне үлес қосуға шақырса керек.


Ясипа РАБАЕВА,

Ақсай қаласы,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале