15.01.2015, 13:29
Оқылды: 370

ТАЛАҚ ҚОЛЖАУЛЫҚ БОЛҒАН ҚАРАКӨЗДЕР

03_0

– Атаңа нәлет. Сен не қылмадың... Қараңды батыр, кет!.. Мен сенен талақ! – деді.

– Құдай!.. Құдай!.. не жаздым, Құдай!.. – деп Зейнеп өкіріп жылауға кірісті. Күләмза «әжелеп» келіп алдына тығылды...

Күләмзаны бауырына басып, жылаған күйі бүкшиіп Зейнеп жатып алды.

* * *

Зейнеп ұйықтаған жоқ. Айдарбектің басында отырып, қалың ойға кіргендігін, оқта-санда қиналып, уһлегенін ол сезіп жатыр. Тұрмысты ескі қалпына қайтаруға қарсы еместік ой билеп жатыр. Ашумен айтылған «талақтың» келешек тұрмыстарына қаншалық өзгеріс салатынын болжап біле алмайды. «Талақ» жөніндегі Зейнептің мағлұматы да Айдарбектен аспайды. Сондықтан Айдарбек қандай қиналса, Зейнеп те сондай қиналып жатыр...»

Бейімбет МАЙЛИН, «Талақ» әңгімесінен үзінді

Қазақтың қызы. Ата-анасы «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай» өсірген, сәмбі талдай майысып, сұлулығымен тө-ңірегіне нұр шашқан бойжеткен. Бір әулеттің абырой-беделі болып, оң жақта мөлдіреп отырған сұлуды қазақ құда түсіп, барлық салт-жоралғысымен ақ  босағасын аттатқан. Ақ сүт емген айналайын арулар сол қазағыма адал жар болып, алтын айдарлы ұл, қылықты қыз  туып, ұрпақтар арасын жалғап жатыр. Көзінің қарасы саналған сол қыздарымыздың кейбірі бүгінде неге ата-анасының жан жарасына  айналып отыр? Исламның атын жамылып, жат ағымда адасып, оның құндылықтарын аяққа таптаған жігіттер қаракөз қарындастарын ойыншыққа айналдыруда? Олар құда түсіп, екі жақтың ақ батасын алмай, жасырын үйленіп, артынша әйелін талақ жасауда. Ал талақ болған сорлы қыздар қолдан-қолға өтіп, басыбайлы күңдей кез келгенге әйел болуға мәжбүр...

Қасиетті Құранда «Талақ болған әйелдер үш етеккір мерзімін күтеді» («Бақара» сүресі) делінген. Яғни бұл үш ай деген сөз. Үш айдан кейін күйеуі ойланып, түсініп, кешірім жасап қайтарып алмаса, әйел кетеді. Бұдан басқа жол жоқ, қалғанының бәрі харам болып есептеледі екен. Үш ай күтпек түгілі, «талақ» деп айтып, артынша бірер күнде әйелін екінші біреуге беріп жіберген мына оқиғаға сенер-сенбесіңді білмейсің...

«Бір жылда төрт рет талақ болдым...»

22 жастағы Әйкүн (кейіпкерлеріміздің бәрінің есімі өзгертілді) атты келіншек бір жылда төрт рет талақ болыпты.

- 21 жасымда бір жігітпен таныстым, - деді ол. - Өзі намаз оқып жүргесін ішім жылыды. Күйеуінің темекі тартып, арақ ішіп, үй-ішінің берекесін кетіргенін қай қыз қалайды дейсің? Ол үшін намаз оқып, басыма орамал тартып, ұзын көйлек кидім. Ол жұмыс істемейтін, сақал өсірді, басқаша киіне бастады. Ата-анам одан күдіктенді ме, менің тұрмысқа шығуыма қарсы болды. Жасырын некемізді қидырып, үйленіп алдық. Үй-ішіммен араласпауымды талап етті. Оған да көндім.

Бір жерде еден жуушы болып істейтін Әйкүннің  25 мың теңге жалақысы пәтерге төлеуге ғана жетеді. Ас-су, киімнен таршылық көре бастаған ол күйеуіне: «Ер-азамат отбасын асырау керек. Неге жұмыс істемейсің?» - депті. Оған ренжіген күйеуі: «Сен шариғатты бұздың, әйел ердің алдына шығып сөз айтпауы керек» деп оны талақ етеді. Сосын бір күннен соң араласып жүрген бір жігітке оның көзінше телефон шалып: «Мен әйелімді талақ еттім, Ради Аллаха оны енді сен ал!» – депті. Кеште көлікпен келген ана жігіт: «Сен енді менің әйелімсің» - деп әйелдің жылағанын шыбын шаққан құрлы көрмей, жетелей жөнелген... Оның әйелі бар екен. Оған көнбей, сөзге келген Әйкүнді ол да талақ етеді. Сөйтіп, араласып, бірге намаз оқып жүрген жігіттер қызды бірінен-біріне қақпақыл  етіп,  ойыншық  қылған.

- Бір жылда төрт күйеуге шықтым. Төрт рет талақ болдым... Төрт күйеуіммен де шариғатты сақтап некелесіп, талақтың шартын түгел орындап кеттім дей алмаймын. Талақ қылған соң әрі кетсе, 10-15 күнде екіншісі әйел етіп алып отырды. Олар қыздар мен әйелдерге қол сүртетін орамал сияқты қарайды. Олар тек қана нәпсісін риза қылу үшін осындай лас істерге барады. Алланы аузына алып, намаз оқып жүрген олардың неге бұлай істейтіндерін, Алла харам еткен мұндай іске неге баратындарын түсінбедім, - дейді еңкілдеп жылаған Әйкүн.

Ұлының кімнен екенін білмейді

Ең сорақысы - талақтың құрбаны болған оның баласы бар. Әкесінің кім екенін тап басып айта алмайды... Бұл не масқара? Намаз оқып, Алланы ауыздарына алып, талақты ойыншыққа айналдырып, қыздардың тағдырын қақпақыл қылғандар кімдер? Ол төрт күйеуінің есімдерін атаудан бас тартты. Бұл оның маған қойған шарты. «Олардан  қорқамын» – дейді.

Пайғамбарымыздың хадистерінде: «Ләззат алу мақсатымен ғана жиі-жиі әйел ауыстырған еркектерге, жиі-жиі күйеу ауыстырған әйелдерге Аллаһ лағынет етсін» делінген. Сонда қалай? Исламның жолында намаз оқып жүргендердің өздері Аллаға қарсы шығып отыр ма?!  Қыздарының не істеп жүргенінен әке-шешелері хабарсыз. Себебі олардың көбі «намаз оқымайды, кәпір» деп ата-анасынан, туғандарынан безіп кеткендер. Былай болады екен, қызға сақалды біреу үйленеді. Олар той жасамайды, некесін қидыра салады. Оның бұрыннан екі әйелі барын қыз неке қиылып болған соң ғана біледі. Ақыры әйелдері күн көрсетпей, өздері де ренжісе берген соң ері: «Талақ рұқсат етілген нәрсе ғой, жә, баршы, кетші, талақ еттім» деп құтылады. Екіншісі келіп қызға: «Сен қиналып тұрсың ғой,  Ради Аллаха мен сені аламын» - дейді. Кейбіреулер талақ болған әйелін кері қайтарып алу үшін, досына, танысына:  «Мен әйелімді үш талақ жасап едім. Сен оны әйел етіп алшы, бірақ қасына жатпа, біраздан соң талақ қыл, сосын мен қайтып аламын» дейтін көрінеді.

Балмұздаққа жерік болғаны үшін талақ қылған

Аузында Алласы, қолында таспихы, намаз оқып, жұртқа  жақсы көрінетін исламды бұрмалаушылар адам сеніміне оңай кіріп, адамдарды адастырып жүргені шындық. Досқанбай деген жігіт 16 жастағы Мәкенді әйелдікке алу үшін оның әкесін «Алла» деп тұрып көндіреді.  Қыз кешікпей жүкті болып, бал-мұздаққа жерік болады. Ойында түк жоқ, бейкүнә қыз түнгі сағат 3-те балмұздақ жегісі келіпті. Еріне: «Балмұздақ жегім келіп тұр» – депті еркелеп... Ері оған: «Сен не, түннің бір уағында балмұздақ сұрап, баласың ба?» – деп қатты ренжіп, «Мен сені талақ еттім» – депті. Бала болмағанда ше? Жұбайлық өмірдің не екенін түсініп те үлгермеген байғұс не болғанын түсінбей жылай берген. Кәмелетке толмаған жарының уыз жастығын, пәктігін тәрк етіп тұрып еркелігін көтере алмаған ол қандай еркек?!

Екі әйелі қосыла сабаған

Қырықтың қырқасындағы Мархан 18 жастағы Лизаны тұрмысқа шығуға көндіреді. Бір апта пәтер жалдап, оңаша тұрып «бал күнде-рін» өткізген соң ғана екі әйелі барын айтқан. Жылап-еңіреген жас тоқалын үйіне апарады. Үш бөлмелі үйдің екі бөлмесінде екі әйелі тұрады екен. Жас әйеліне үшінші бөлмені береді. 30-40 жас аралығындағы өмір көрген екі әйел бірігіп жас әйелге күш көрсете бастайды. Мархан үйде жоқта үйдегі бар жұмысты соған істетіп, қит етсе ұрып,  көкала қойдай қылып сабайды. Күйеуіне шағымданса, ол: «Сен олармен дос болуың керек. Неге тату болмайсың?» – деп өзі де қосыла сабаған. Ақыры үш әйелдің басы бір қазанға сыйыспаған соң ері жас тоқалын талақ қылған.

«Аллаһ Тағалаға адалдың ең сүйкімсізі - талақ»

- Бұл адамдардың барлығы намаз оқиды, бірақ исламды бұрмалап, жат ағымда жүргендер. Қыздар болса, намаз оқып «Ради Аллаха» деп тұрған жігіттерге алданып қалып жатыр, – дейді Батыс Қазақстан облыстық мешітінің найб имамы, теолог Мұратбек Мұхтарханұлы (суретте). Бұлар адам өмірін ойын-шыққа айналдырған, ахидасы, ұстаған сенімі дұрыс емес адамдар. Хадиспен, Құранмен, суннамен жүреміз дейтін олар қалаған кезінде әйелін ауыстырып: «Ахи, мен әйелімді талақ қылайын деп отырмын, нормальный әйел, алам десең, ал» деп телефон шалады. Ертеңіне екіншісі қағып алып, әйел жасайды. Ол бірер ай тұрып: «Өй, болмайды екен» деп талақ жасап, үшінші біреуге беріп жібереді. Арын сатқан бұл адамдардың істеп жүргендері, Алла кешірсін, құдды бір ақысыз жезөкшелікке ұқсайды. Олардың бұл тірлігі ақылға да шариғатқа да сай емес. Исламда отбасы құндылығы, ата-ана, жар, ұрпақ алдындағы жауапкершілік өте биік. Исламда отбасылық өмір мәңгілікке құрылуға тиіс. Адам өмірінің соңына дейін отбасын асырап, сақтауға міндетті.

Пайғамбарымыздың хадистерінде «Аллаһ Тағалаға адалдың ең сүйкімсізі - талақ» делінген. Талақ етуге құқым бар деп, әйелін орынсыз талақ еткен, бала-шағасын қаңғытып, әйелін бақытсыздыққа ұшыратқан адам Алланың қаһарына ұшырайды делінеді. Өте бір шектен шыққан, отбасында бірге тұру мүмкін болмаған жағдайда ғана талақ етілуі керек. Болмашы нәрсеге талаққа рұқсат жоқ. «Маңызсыз бір себеппен ерінен ажыраспақ болған әйелге жәннаттың иісі харам» делінеді хадисте. Бұл еркекке де тіке-лей қатысты. Себебі талақ ету үкімі ерлерге берілген. Ер адам ақыл-есі дұрыс, балиғат жасқа жеткен адам болуы керек.  Ер мен әйелдің арасында шариғатқа сай неке болмаса талақ та болмайды. Жалпы, некесіз бірге өмір сүру зина болып есептеледі, неке болмаған соң ерлі-зайыптылар арасында міндеттер де жүрмейді.

Талақтың шарттары  қандай?

Теолог Мұратбек Мұхтарханұлының айтуынша, талақ етілген әйел үш хайызын (ол идда уақыты деп аталады) күтуі керек. Бұл үш ай уақыт. Егер үшінші айда әйел тазаланып үлгермей жатып, ері оған: «Жоқ, мен айырылғым келмейді» десе, ол неке бұзылмайды. Талақ алған әйел үш хайызы келіп-кеткенше күйеуінің үйінде тұруға міндетті. Шариғатта отбасын сақтап қалу басты міндет болғандықтан, талақ алған әйел әрдайым  күйеуінің көз алдында жүруі керек. Үнемі көз алдында жүрген әйелдің сүйкімді бір ісін, не қылығын көрген ері ойланып, оны қайтарып алуы мүмкін. Қайтарып алам десе, ол әйелдің разылығына қарамайды, себебі идда уақыты бітпегендіктен, ол ерінің құзырынан шықпаған болып саналады. Яғни  мұндай жағдайда неке бұзылмайды. Құранда «Талақ екі мәрте... Егер ері үшінші мәрте талақ ететін болса,  әйелі басқа біреуге тұрмысқа шықпайынша адал болмайды» делінген. Үшінші талақта еркек әйеліне қайтадан үйленгісі келсе, әйелі басқа біреуге тұрмысқа шығып, ер мен әйелдің міндеттерін толық өтеп, кейін ажырасқан болуы керек. Әйелімен қайта некеге отырып, оған сұраған сыйлығын әперіп, разылығын алып, қосылады. Бұл жағдайда әйелдің өз шарттары болады. Егер әйел онымен тұрғысы келмесе, қайта оралуға келіспейді.

- Діннің атын жамылып, қалаға-нын істеп жүрген жат ағымдағы жігіттер әйелді тегін дүниеге айналдырып алды. Бұған қыздардың өздері де кінәлі. Олар «намаз оқымайсыңдар» деп үй-ішінен безіп, адасып жүргендер. Олар сол ортаға психологиялық тұрғыдан тәуелді болған, өздерін «барар жер, басар тауы» жоқтай сезінгендер. Ал жігіттер нәпсісі қалаған уақытта 14-16 жастағы қыздарды әйелдікке алып, кейін қолдан-қолға көшіріп жатыр. Бұл қоғамда белең алған сутенерлік пен жезөкшеліктің бір түріне ұқсайды. Жақсы күйеуге шығуды армандайтын қыздар олардың иманына сеніп алдануда. Сондықтан қыздардың сауатын ашу үшін мектеп пен мешіт бірлесіп бағдарлама құру керек. Мектепте дінтану сабағы  кестеге қойылған. Бірақ қосымша түрде болғандықтан, оқушылар түгел қатыса алмайды. Себебі түс қайта олардың көбі сабақтан тарап кетеді, - дейді найб имам.

Бір мақалада біз өте күрделі талақ мәселесін, яғни хат арқылы, өкіл арқылы, ғаламтор арқылы талақ жасау, саңырау мен мылқаудың талағы, әзіл талағы, зорлық талағы, мас адамның талағы, талақтың түрлері, үкімдері мен әдебі туралы айтып тауыса алмаймыз. Теріс бағытты ұстанып, Алланың бұйры-ғына, Пайғамбарымыздың хадистеріне қарсы шығып жүрген жі-гіттердің қаракөз қарындастарын харам іске итермелеген бұл ұй-лыққан, жиіркенішті тірлігі қашан-ға созылмақ?


 

Зухра  БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Батыс  Қазақстан  облыстық  мешітінің  ұстазы:

- Мешітте 8-60 жас аралығындағы қыздар мен аналар діни білім алады. Одан басқа мешітке күніне кем дегенде 1-2 әйел баласы келіп, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарды қояды. Қыздарды көп мазалайтын талақ мәселесі. Оларды күйеулері талақ еткен, «талақ деген не, оның қандай шарттары бар?»  – деп сұрайды. Кейде мешіттің әйелдер залында жылап отыратын қыздар да бар. Сөзге тартсақ,  олар діни сауаттарының аздығынан адасып жүргендер болып шығады. Мысалы, бір жас келіншекке күйеуі «түсік жаса» деп қысым жасаған. Олар некелескен соң бірнеше айдан соң ажырасатын болыпты. Күйеуі: «Мен сені талақ етемін, одан бұрын ішіңдегі баланы түсік жасайсың. Мен өзімнің баламның басқа үйде тәрбиеленіп, басқа біреуді әке дегенін қаламаймын» деген. Исламда түсік жасау ең ауыр күнә, ол адам өлтірумен бірдей. Әйел өзі намаз оқитын болғандықтан, осыны ойлап қатты қиналып кеткен. Дін жолында жүрген күйеуінің адам өлтіруге қалай баратынын түсінбеймін. Әрине, әйел түсік жасатқан жоқ, бірақ оған жан-жақты психологиялық көмек аса қажет.

Орал қаласында талақ өте көп. Жігіттер «Мен әйелімді талақ етіп жатырмын» немесе «Мен талақ етуге кетіп бара жатырмын» деп бәріне жария етіп, соны өздеріне мақтаныш көреді. Намаз оқитын, бірақ теріс ағымда жүрген ерлердің көбінің үйлері, жұмысы жоқ. Олар бір әйелді асырай алмай тұрып, екінші, үшінші әйел алғысы келеді. Бұл еркектердің нәпсісін тыйып ұстай алмауынан туындап отырған сұмдық деп ойлаймын.


Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале