21.06.2018, 11:13
Оқылды: 76

Министр Жеңіс Қасымбек БҚО-дағы жол құрылысымен танысты

Бүгін БҚО-ға ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек іссапармен келді. Министрдің жанында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен бар.

Министр ұшақтан түскен бойда Орал халықаралық әуежайының жаңғыртылу жұмыстарымен танысты. Одан кейін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан «Орал-Тасқала-Ресей Федерациясы шекарасы» жолын көрді. Жолдың жобасымен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев таныстырды.

-Орал-Тасқала жолы 100 шақырым, соның былтыр 27 шақырымын аяқтадық. Ол жұмыстарды мемлекеттік комиссия қабылдап алды. Қазір қалған жұмыс қарқынды жүруде. Жол бойында 3 асфальт-бетон зауыт жұмыс жасап тұр. Жұмысты бітіруге барлық жағдай жасалды. Келешекте күніне 5-6 мың көлік өтеді деп есептелген. Сондықтан бұл жол транзиттік көлік ағынына лайықтап салынуда. 13 тоннаға дейінгі көліктер жүре алады. Жол бойына аялдамалар, әжетханалар салу қарастырылған. Биылға қаражат бөлінді, жыл аяғына дейін жолды жөндеп бітіреміз,-дейді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев.

Жалпы ұзындығы 100 шақырым, ені 7,5 метр болатын, екі қозғалыс жолақты бұл жолға Ұлттық қордан 23 194, 98 млн. теңге бөлінген. Мердігер – «Uniserv» ЖШС.

Министр Жеңіс Қасымбек Тасқала жолын көрген соң Жалпақталға кетті. Ол «Чапаев-Жалпақтал-Қазталов» жолы бойындағы жасалып жатқан жұмыстарды көзімен көріп, мамандардың қатысуымен БҚО-дағы автокөлік жолдарын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізеді. Еске сала кетсек, БҚО-дағы жолдардың жалпы ұзындығы 6496 шақырым болса, соның 35 пайызында асфальт төселген. Биыл облыстағы жолдарды жөндеуге 29,8 млрд.теңге бөлінген.

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале