3.08.2018, 14:21
Оқылды: 48

Облыс әкімінің орынбасары Ақжайық ауданын аралады  

 

Azbaev Akzhaik (1)Біздің облысымызда да бүгінде жүргізіліп жатқан құрылыс нысаны аз емес. Мұнда әрине, сапа, мұқияттылық естен шықпауы керек, «майда-шүйде» деген болмайды. Кейбір жерде кездескен орашолақтықтар сабақ болғаны жөн. Ақжайық ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев осыны мердігерлерге, сала мамандарына мықтап тапсырды.


 

Ол аудан әкімінің орынбасары Тимур Шиниязовпен бірге алдымен Чапаев ауылының жеке баспана үшін телімдер берілетін солтүстік-батыс аймағын жалпы ұзындығы 3177 метр электр желісімен қамтудың жай-жапсарымен танысты. «ЖайықЭнергоСервис» ЖШС сәуірден бастап қолға алған бұл жоба құны 47,0 млн. теңгені құрайды, қуатпен қамтылатын участок саны – 218. Мердігер өкілдері жұмыстың белгіленген мерзім – күздің алғашқы айында мәреленетінін, тарату нүктесін, 3 трансформаторды орнату кестеге сай жүргізілетінін мәлімдеді. Облыс әкімінің орынбасары істі тиісті комиссия қырағы байқастаудан өткізуі керегін айтты. Чапаев әкімі Нұртаза Нәбиденов аудан орталығының осы аумағынан 2013 жылдан бері баспана тұрғызушыларға 449 телім берілгенін, бүгінде телімге кезекте 2000-нан астам сұраныс барын әңгімеледі.

Azbaev Akzhaik (3)Аудан орталығындағы Абай атындағы мектеп-гимназия үйі салынғанына жарты ғасырдан әбден асты, тозығы жетіп тұр. Б.О.Азбаев екі қатарлы осы ғимаратты да аралап шықты, ұстаздармен жүздесті. Бүгінде жаңа мектеп-гимназия құрылысының құжаттары сараптамадан өтті. Осындай жаңа оқу ордасының бой көтереріне де халықтың үміті зор.

Аудан әкімінің орынбасары Т.С.Шиниязовтың айтуынша, Чапаевта 24 пәтерлі 3 қатарлы тұрғын үй құрылысы жүргізіледі, аудан орталығы аумағының өсуіне байланысты ауыз су құбырын жаңғырту жөнінде межелер бар. Басқа ауылдар бойынша да тұрғын үй жобалары жасақталуда.

dorogaСондай-ақ таяу арада Чапаевта көшелер бойынша асфальт жолдың ұзындығы 48%-ға жетпек. Қазір Қонаев, Әйтиев және Панфилов атындағы көшелер жолдары күрделі жөнделу (мердігер «ЕуразияЖолҚұрылыс») үстінде. Мұның ұзындығы 2296 метрді құрайды. Аталған көшелер бойынша бұл жұмыстың барысын көріп, жұмысшылармен, мамандармен дидарласқан Бағдат Оразалдыұлы оларға ыждағаттылық тіледі, істі аяқтауды күздің жауынды-шашынды мезгіліне қалдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды құнттады.

Осыдан кейін Б.О.Азбаев Жайықтың сол жағалауындағы Көнеккеткен ауылдық округінің орталығы мен оның Қамыстыкөл елдімекеніне ауыз су құбырын (мердігер «Лайгэ» ЖШС) тарту және Сайқұдық ауылына (Құрайлысай ауылдық округінің бөлімшесі) ауыз су құбырын (мердігер «Жисенбай» ЖШС) апару барысымен егжей-тегжейлі танысты. Бұл тірліктер де аса ауқымды болып табылады. Айталық, аталған алғашқысында сумен қамту жүйесінің жалпы ұзындығы 21,8 километр, ауылдың округ орталығынан басты тоған 1,3 километр жерде, Қамыстыкөлге дейінгі қашықтық – 10,8 километр. Барлығы 1095 тұрғынды сапалы сумен жабдықтау үшін құрылысшыларға ерекше сенім жүктеледі.

vodoprovodСайқұдықтар да таза суды бірнеше жылдан бері күтіп жүр. Шалғайлау «Жаман» күтірінен ауылдық округ орталығы Жұбан ауылына дейінгі құбыр осыдан бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген болатын. Енді 2 ұңғыма жаңадан қазылып, 1 ұңғыма жаңартылады. Жалпы ұзындығы 63,46 километр жүйенің арынды-реттеуші құрылысы, мұнаралары халық игілігіне тиімді жұмыс жасауы құрылысшылар абыройын еселейді. Облыс әкімінің орынбасары оларға да осыны тіледі.

Болат ЕСҚАЛИЕВ

Ақжайық ауданы

Фото Нұрбек ИХСАН

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале