Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялық қызметі ұйымдастырған брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев айтты.
- 17 сәуірден 24 сәуірге дейін екінші деңгейлі банктердің жұмысына шектеу қойылады. Бірақ банктер таңертеңгі 9.00-ден 16.00-ге дейінгі жұмыс кестесіне көше отырып, заңды тұлғаларға қызмет көрсетуін тоқтатпайды. Тек жеке тұлғаларға уақытша қызмет көрсетілмейді. Дұрыс түсініңіздер, банктер өз жұмысын одан әрі жалғастырады. Барлық әлеуметтік төлемдер уақтылы төленеді. Банктердің бөлімшелері жүз пайыз жұмыс жасайды. Бұл - қала ішінде халықтың жүріс-тұрысын азайту мақсатында қабылданып отырған шара.
Сондай-ақ 18 сәуірден бастап азық-түлік сауда базарларының жұмысын шектей тұрмақпыз. Бұл шектеу 24 сәуірге дейін созылады. Карантиндік режім енгізілгелі бері өкінішке орай «базарға барамын», «банкке барамын» деген желеумен жүрген адамдардың қарасы көп болды. Көптеген азаматтарға айыппұл салуға мәжбүр болдық. Сол себепті карантиндік режім талаптарын қатаңдатуға тура келіп тұр.
Бірақ қаладағы азық-түлік дүкендері жұмысын жалғастырады. Осыған дейін үйіңізден екі шақырым жерге дейінгі дүкендерден сауда жасай аласыз деген талап болды. Бұл талап өзгеріссіз қалады. Қалада 200-ден астам жеке дүкендер бар. Сол дүкен иелері, кәсіпкерлер күнделікті сауда жасайтын көтерме сауда орындарына барып, өздеріне азық-түлік қорын әкеліп, тұрғындарды қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ете алады. Бірақ қала ішінде артық-ауыс жүріс болмау үшін 4-5 күндік азық қорын бірден алып келгендері дұрыс, - деді М.Манкеев.
zhaikpress.kz