Коронавирус инфекциясының алдын алу және БҚО бас санитарының қаулысындағы талаптарды орындау мақсатында жедел штаб 21-25 сәуір аралығында қала көшелерінде тұрғындар мен көлік қозғалысына қосымша шектеу туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялық қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте Орал қаласы әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов айтты.
Облыс әкімінің тапсырмасымен және мәліметтер базасын жедел өңдеу үшін цифрландыру басқармасы stopcovid.kz сайтын іске қосты. Қазіргі таңда stopcovid.kz сайтына жұмысын одан ары жалғастыру үшін меншік түріне қарамастан облыс пен қаладағы 12 мың ұйымнан өтінім келіп түсті. Оның ішінде 7100 ұйымның өтінімі қабылданды, 3900 ұйымның өтінішінен бас тартылды және 970 өтініш қарастырылып жатыр. Жедел штаб осы тізімнің ішіндегі қаланың тыныс-тіршілігі үшін аса маңызды 2 мың ұйымға 21-25 сәуір аралығында жұмыс істеуге рұқсат берді, ал бұрын рұқсат алған қалған кәсіпорындарға қызметін тоқтату туралы СМС хабарлама жіберіледі.
zhaikpress.kz