22.04.2020, 9:09
Оқылды: 28

Шыңғырлауда шекара шегелеулі

Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты Шыңғырлау ауданындағы шекара қызметі де өз жұмысын қатаң режимге көшірді.  

1C9C0C90-2EA6-406E-8977-E9ADC2FE8EDC

Мемлекеттің қауіпсіздігі мен аудан тұрғындарының денсаулығы бірінші кезекке қойылған сәтте басты шараларды қолға алу қажеттілігі туды. Әрине, шекара асқанның бәрі ауру таратушы деген ұғым тумаса керек, бірақ «сақтансаң сақтармын» деген халық даналығы бүгінгі таңда өміршең болып тұрғаны шындық. Шыңғырлау Ресей Федерациясымен көрші орналасқандықтан осы бағыттағы бақылау-тексеру, екі ел арасындағы келіс-барыс қатаң назарда ұсталуы түсінікті. Ауданымызда Тасмола, Ақсай және Шыңғырлау шекара заставалары, Шыңғырлау теміржол және автомобильдік бақылау бөлімдері жұмыс істейді. Негізі шекараның ұзындығы 400 км алып жатыр.

-Наурыздың 16-нен бері біздің Ресеймен арадағы шекара қызметі тастай жабық. Шекара заставасындағы  жұмыс бұл күндері мейлінше қатаң қадағалануда, екі жақтан да тұрғындардың өтіп кетпеуі үшін күні-түні бақылау жұмысы күшейтілді. Бірақ күні бүгінге дейін Ресей Федерациясы тарапынан да, Қазақстан тарапынан да шекарадан өтуге өтініш білдірген немесе заңсыз шекара бұзу жағдайлары тіркелген жоқ. Біздің шекарашылар да талапқа сай бетперде, қолғап және залалсыздандырғыш құралдармен толық қамтамасыз етілді,- дейді Шыңғырлау шекара комендатурасы комендантының орынбасары  Ерасыл Хасенбаев.

DBCEDE2B-535A-4AA9-B2B8-5F6C82CCFA5E

Теміржол бойындағы пойыздар қозғалысы тоқтатылғанымен бұл жердегі жұмыс тәртібі сол күйінде қалған. Бізге жақын орын тепкен Електің арғы жағындағы Линевка елді мекенінен ауданымызға өтуге өтініш білдіргендер болмаған. Өткен жылдың осы кезеңін еске алсақ шекара арқылы Ресейден Шыңғырлауға 600, ал Шыңғырлаудан Ресейге 1450 тұрғын белгілі ереже тәртібіне сәйкес өткен екен. Ал теміржол қатынасын пайдаланып Ресейден Қазақстанға 21 330 жолаушы, Қазақстаннан Ресейге 21 703 жолаушы сапар шеккен. Автомобиль жолдарымен Ресейге Қазақстаннан 150 602 мың, кері бағытта 150 364 жолаушы жол жүрген.  

- Біздің шекарашыларымыз өз қызметтеріне әбден төселген, жауапкершілікті жете сезінетін жандар. Еңбектері де әр кез еленіп жүр. Айталық, өткен жылы Нұрсұлтан қаласының ҚР ҰҚК ШҚ орталық аппараты атынан мақтау грамотасына ие болдық. Аудан күні мерекесінде «Үздік шекарашы» аталымына шекарашымыз Асыламбек Еркештаев лайық деп танылды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша  облыс көлемінде «Үздік шекара комендатурасы» байқауында Шыңғырлау шекара комендатурасы «Жауынгершілік іс-әрекет» аталымы бойынша І орынға ие болды. Қызметтегі әріптестерімнің өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, темірдей тәртіпке бағына отырып жұмыс істейтіндігін мақтанышпен айта аламын,- дейді Ерасыл Қайратұлы.

Иә, дер кезінде шекара шегелеулі болса қандай да бір індеттің де, заңсыз әрекеттің де, арам пиғылдың да жолы кесілері анық. Ендеше, жауапты қызметте жүрген жандар  қай кезде де қырағылығын жоғалтпайды деп сенеміз.

Гүлшат Ботанова

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале