Бұл әке-шешеміздің, ауыл үлкендерінің аузынан жиі еститін сөзіміз еді ғой. Қай кезде де амандық пен тыныштыққа жететін не бар?! Біздің де ойлайтынымыз ел-жұрттың тыныштығы мен ұрпақтарымыздың амандығы.
Иә, өмір жолы бұралаң, кейде ойламаған қиындық-кедергілерге тап боласың. Мынау аты жаман індет те бізге берілген бір сынақ шығар деп ойлаймын. Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері қалыпты өмір ырғағы бұзылып, тірлік тіні басқаша тарқатыла бастады. Қазіргі күні көпшілік бұл режимге де біркелкі бой үйреткен сыңайлы. Шүкір, сол қатаң тәртіп пен талаптың арқасында ірі қалаларда ауру көрсеткіші төмендеп, кейбір салалар өз жұмыстарын қайта жалғастыра бастады. Мұндай тіршілік нышаны көп ұзамай өзге жерлерде де көрініс табары анық. Тек көбіне көндіккен соңтенді азына шыдаған жөн.
Мен өзім де Мемлекет басшысының бүгінгі мәлімдемесін мұқият оқып шықтым. Төтенше жағдай кезінде халыққа көрсетіліп жатқан көмек нақты атап көрсетіліп, алдағы кейбір негізі міндеттер де сараланған екен. Оны менсіз-ақ та айтып, жазып жатқандар аз емес қой. Сондықтан Мемлекет басшысының аузымен айтылған жайларды көзі қарақты ел-жұрт өздері бағамдай жатар...
Ал мен өз ойымды ортаға салғым келді. Біз көпті көрген көнекөздердің ұрпағымыз, қазір жасымыз да біразға келді. Елдің жоқшылықта қатты қиналғанын да, тоқшылықта тұрмысы оңалғанын да өз көзіммен көрдім. Дәл бүгінгідей халыққа қамқорлық көрсетілген сәт есімде жоқ. Адам баласына қанағат та керек сияқты. Әрине, тұрмысы төмен жанұялар бар шығар, тиісті көмектерін ала алмай жатқандар да табылар. Ондай мәселелер қай кезде де болған, бола да бермек... Бұл бағытта да Президентіміздің өзі кейбір кемшіліктерді көріп отырғандығын, одан тиісті қорытынды шығарылатындығын айтып өтті. Айтылған сөз аяқасты қалмайтыны ақиқат. Осыған дейін де Мемлекет басшысы өз уәделерін нақты іспен бекітіп келе жатыр. Әріге бармай-ақ төтенше жағдай енгізілгеннен бері халық үшін қаншама игі істер атқарылды. Қай-қай салада назардан тыс қалып жатқан жоқ. Ал осы күнге дейін 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілсе, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылғаны бүгінгі мәлімдемеде көрініс тауыпты. Әрі сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетілген. Мен тек ойымда қалғандарын ғана айтып жатырмын. Мемлекеттің осынау қамқорлығын ел-жұрт та жан жүрегімен сезініп, ертеңгі күнге деген сенімдеріне селкеу түсірмегендері жөн. Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ екенін Президентіміз де атап өтіпті.
Несін жасырайын, 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталады деген сөздер көптің көңіліне қуаныш сыйлағаны анық. "Сабыр түбі - сары алтын" дейді ғой қазақ. Сондықтан қалған аз ғана күнге сабырлылық танытып, бір-бірімізді құрметтей білейік. Алдағы мамыр мерекелерін өз шаңырағымызда болса да көтеріңкі көңіл күймен қарсы алайық.
Мақсот Берген
ҚР білім саласының құрметті қызметкері, "Ағайын" қазақ этномәдени бірлестігінің төрағасы