29.04.2020, 14:24
Оқылды: 71

Жұмағұл шопанның ұрпақтары ізін жалғап жүр

Аумағы ат шаптырымдай жерді алып жатқан Казталов жеріндегі Еділбай сорын жағалаған жыралармен жан-жаққа аққан судың жиналатын жерін халық арасында Қайраң көлі деп атайды. Жаратушының құдіреті осы жерден-ақ байқалып тұр. Әлемді жеті күнде жасаған жаратушы емдік қасиеті бар қара балшықты, тұзды сордың жағалауына суы тұщы, балығы шопырлаған көлді шебер орналастырған. Алыстан көлді жағалай орналасқан мал баққан ауылдардың қостары көзге шалынады. Әр жерде шұрайлы жайлаудың шүйгін шөбінде жайылған төрт түлік мал. Қайраң көлімен біте қайнасқан жарқабақты жыраның бойында Жұмағұлдың да қосы бар.

7981A6AC-2C99-4FE4-B4E5-F8B0926162C2

Есейгелі қолына малшы таяғын ұстаған, талай қилы заманды басынан өткізген Жұмағұлдың 60-ты алқымдаған, бойында күш-қуаты таусылмаған шағы еді. Жайлауда жайылған саулықтар қарап отырған малшының ойы тереңге бойлағандай. Назарын сордың арғы бетіндегі сағымды көкжиекке қадаған...

Бұл соғыстан кейінгі бейбіт заманның нышаны бар 1956 жыл еді. Сол жылдан бастап Жұмағұл шопан атанып, ұжымшардың қойын бақты. Баласы Орашты қасына алып, атакәсіп – мал бағудың қыр-сырын үйретті. Елі үшін еткен еңбегі еш болмаған Жұмағұл атамыз сол жылдары «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды. Кейін зейнетке шығып, қолындағы малшы таяғын баласына берген Жұмағұл ақсақал кейінгі ұрпақтары да осы кәсіптен айналысады деп ойламаған да шығар? Мал бағып, құт дарыған қара орын да ауылдастар арасында Жұмағұл қыстағы атануы да заңдылық болар. Иә, әңгімеміздің төркінін өздеріңіз байқағандай, нәсібін ата кәсіптен тапқан, ерен еңбек һәм ұрпақтар сабақтастығына жалғасқан әулет туралы болмақ.

C3017F66-BBE2-4FD5-886A-870BB030B300

Халқымызда ғасырлар бойы атадан балаға дәстүрлі жалғасын тауып келе жатқан кәсіптің бірі – мал шаруашылығы. Өрісі төрт түлікке, қонысы құтқа толы қазыналы Казталов өңірінде шаруаның көзін тапқан отбасылар көп. Солардың бірі – Казталов ауылдық округінде қоныс тепкен Малаевтар әулеті. Атасы Жұмағұл, одан кейін әкесі Ораш бастаған ісін Нұрлан ағамыз жалғастырып отыр. Ол қазіргі таңда «Дулат» шаруа қожалығын басқарады. Қожалық аудан орталығынан 20 шақырымдай жердегі Қуандық қыстағында орналасқан. Бүгінде шаруасы шалқыған шаруашылық 180 ірі қара малы, 700-дей қой-ешкі, 170 жылқы өсіріп отыр. Шаруашылық асыл тұқымды мал өсіруді де қолға алуды жоспарлауда. Шаруашылықпен қатар мал баққан әулеттің Казталов ауылында азық-түлік, ет дүкені және халыққа қызмет көрсететін асханасы бар. Малдан несібесін тапқан әулет 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Қожалықта 10, 20 жылдан бері үзіліссіз қызмет жасап жүрген ауыл азаматтары баршылық. Солардың қатарында Берік Ақболатов, Гүлбарам Зайнуллиналарды атап айтуға болады. Әулет тізгінін ұстаған Нұрлан ағамыз өмірлік жұбайы Мәншүк екеуі Дулат, Абат есімді ұлдарды тәрбиелеп ұяға қондырыса, қыздары Сымбат 11 сынып оқушысы. Бұл күні үлкен ұлдары Дулат Орал қаласында тұрып, қызмет етуде. Ал Абат әкесінің ісіне араласып, жеке кәсіпкер атанып үлгерді. Атадан қалған кәсіпте бағы жанған Абат мал бағумен қатар сауда дүкендері мен асхананы басқарады.

D08836A2-C975-4F6E-84D9-704159288CC7

Бала күнінен еңбекке араласқан Нұрлан Малаев атасы мен әкесінің еңбек жолын үлгі тұтты. Мектеп бітіріп, ел алдындағы әскери борышын өтегеннен кейін, атакәсіпке араласты. Атасы Жұмағұл мен әкесі Ораш та негізінен ұжымшардың қойын бақты. Алланың ер азаматқа берер ең үлкен сыйы – туғаннан зиялы, пейілі кең, мейірімі мол, ибасы мен иманы бар, кешірімді зайыбын жолықтыруы. Жақсыны жазбай танып, жаңылмай жар таңдау не үшін қажет? Себебі болашақ әулеттің, ұрпағыңның жайнап-жайқалып өсуі әйел затына тікелей байланысты. Нұрлан ағамыз осындай ибалы Мәншүктей өмірлік жарын кездестіріп, 1982 жылы үлкендердің ақ батасын алып, шаңырақ көтереді. «Әйел – үйдің ырысы» дегендей, кейіпкеріміз – Нұрлан ағамыз отанасының бойынан қазақ аналарына тән асыл қасиеттерді көре де, тап басып тани да білген. Шын мәнінде, екі жақсыны құдай қосқан. Малаевтар әулетінің ырысы тасыған, ынтымағы жарасқан, балалы-шағалы, немерелі болып өсіп-өнген, мәуелі отбасына айналуы – отбасы иелерінің «бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарған» ауызбірлігінің арқасы екені шүбәсіз. Ата жолын жалғастырған Нұрлан жұбайы Мәншүкпен бірге 1987 жылы қазіргі құт мекеніне Қуандық қыстағына келіп, кеңшардың бір отар бойдақ қойын бағуға шешім қабылдайды. Сол жылдары біраз қиындық болғанын бүгінде жымия еске алады ағамыз.

- Мына қыстақты отыз үш жылдан бері мекендеп келемін. Қырық жылға жуық мал бақтым. Қой баққан жылдары абыройсыз болған емеспін. Жыл сайын отардан отар өргіздім. Еңбегім еш болмады. Ең алғаш әкемізден бөлініп, өз алдыма кеңшардың қойын бағуға бел буған кезімде талай қиындықтар болғаны рас. Бірақ сол бейнетті өмірдің зейнетін бүгін көріп отырмыз, - дейді. Осы жерде отағасының әңгімесін жалғаған жары Мәншүк апай: - жас күнімізде от жағып, күл шығардық. Күніне отыз сиырға дейін саудым десем, адам нанбайтын шығар. Соның бәрі сол кездің тұрмысы ғой,- деп қостады. Еңбек деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған ақ жарқын ағамыздың бұл күнде ел сыйлаған азамат, абзал әке, ардақты ата, сүттей ұйыған отбасының ақылманы болып отырғанын көзімізбен көріп, біліп жүргендіктен де бұл сөздеріне имандай иланамыз.

Малаевтар әулеті кәсіптерін дамытумен қатар әркез қайырымдылық жасаудан тайынған емес. Аудандағы аз қамтылған, көпбалалы отабысыларды жұмыспен қамтумен қатар оларға қолдарынан келгенше көмектесіп жүр. Бұл туралы бөлек тақырыппен мақала жазуға болады.

Адал еңбекпен келген бедел де дәулет те бір Алланың берген несібесі. Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған малшы мамандығы Малаевтар әулеті үшін қастерлі де қасиетті екенініне олардың еңбек жолдарын парақтағанымызда көзіміз жетті. Жұмағұл ақсақалдан бастап атадан балаға мұра болған кәсіпті дөңгелеткен Малаевтар әулетін – «Еңбек династиясы» деп атауға толық негіз бар. Бүгінгі таңда атадан балаға, баладан немереге, немереден шөбереге жалғасқан кәсіпте жүрген әулеттің жалпы еңбек өтілі 270 жылды құрайды. Мұратқа жеткізетін, өмірді сәнді де салтанатты, мәнді де мағыналы ететін – еңбек. Олай болса еңбек жолдары көпшілікке үлгі болған Малаевтар әулетіне алдағы уақытта табыс пен береке тілейміз!

 Қайрат Жақып

Казталов ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале