Кеше қаламыздағы «Еуразия» туристік-сауықтыру кешенінде Отан қорғаушы күніне орай ҚР Қарулы күштерінің аэромобильді әскері құрама батальонының мерекелік кеші өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.
Жеке құрам сапқа тұрып, Әнұран айтылып, көк Ту көтерілісімен мерекелік концерт басталды. Алдымен облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы құттықтау сөз сөйледі.
- Құрметті десантшылар, сіздерді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңізге мәлім, 1992 жылы еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен елдік пен егемендігіміздің тірегі ҚР Қарулы күштерінің негізі қаланған болатын. Содан бері 7 мамыр мерекесі сапта тұрған азаматтардың кәсіби мерекесі болып аталып келеді. Отанға қызмет ету - үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Қазір бейбіт заман болғанымен, әлемнің көптеген елдері кесірлі індеттен жапа шегіп отырғанын білеміз. Біздің елді де бұл індет айналып өткен жоқ. Сондықтан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантиндік режімді сақтауға атсалыстыңыздар. Қатаң режімге орай қаламызда ашылған 15 блокбекетте күні-түні қызмет етіп, полиция қызметкерлері мен медицина мамандарына қолұшын созып, тәртіп сақтауға атсалысқандықтарыңыз үшін зор алғысымды айтқым келеді. Алда Ұлы Жеңістің 75 жылдығын тойламақпыз. Ата-бабамыздың майдандағы ерлік істерін еске алып, әрқашан мадақтап жүруіміз керек. Кешегі күннің куәсі болған санаулы ғана ардагерлерімізді ардақтап, құрмет көрсетейік, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Бұдан кейін Орал қаласындағы төтенше жағдай кезінде карантин режімін сақтау бойынша қойылған міндеттерді орындау кезінде әскери борышын адал орындап, қауіпсіздігімізді қорғаған бірқатар әскери қызметшілер марапатталды.
Салтанатты шара барысында 35 десанттық-шабуылдаушы бригадасының әскери қызметшілерінің орындауында әндер шырқалып, қоян-қолтық ұрыс амалдары, десантшылардың жауынгерлік даярлық бағыттарынан әскери көріністер қойылды. Мерекелік кеш салтанатты маршпен аяқталды.
Ләззат Шағатай
zhaikpress.kz