8.05.2020, 20:39
Оқылды: 23

Облыс әкімі Подстепныйдағы спорт кешенінің құрылыс жобасындағы шикіліктерді жоюды тапсырды

Биыл Теректі ауданының Подстепный ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынуда. Спорт нысаны құрылысын қолға алған «Наурыз» ЖШС мемлекет бөлген 250 миллион теңге қаражатты игеруі тиіс. Қазіргі уақытта серіктестіктің жұмысшылары іргетас құюмен айналысуда.

a5576699-19c2-458e-a577-efd1d080355a

Құрылыс аумағы – 1276 шаршы метр. Теректі ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Ғали Есқалиевке «Наурыз» ЖШС-ның директоры Азамат Ғұбайдуллин серіктестік жұмысы қалыпты жүргізіліп жатқанын, қазан айында аяқталатынын, құрылыс материалдары жеткілікті екенін айтты. Облыс әкімі Ғали Есқалиев кешеннің сызба нұсқасы түсірілген қағазды мұқият шолып шығып, құрылыс жобасында шикілік бар екенін айтты. «Бақсақ бақа екен» демекші, «Наурыз» ЖШС келісілген қаражатқа екі қабат спорт кешенін тұрғызып, одан бөлек жылыту қазандығын орнатуды мойнына алыпты. Бірақ инженерлік желілер мен кәріз құбырын тарту, абаттандыру жұмысы құрылыс жобасына әуел бастан енгізілімей қалған. Тапсырыс беруші – Теректі ауданының құрылыс бөлімі. Жоба бойынша техникалық қадағалау «Мұнай жолдары» ЖШС-на, авторлық қадағалау «СРБ-А» ЖШС-на жүктелген.

– Теректі ауданының құрылыс бөлімі тапсырысты қалай беріп жүр? Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің инженерлік желісі тартылмаса, абаттандыру жұмысы жүргізілмесе, қазан айында құрылысты қалай аяқтайсыздар? Қаражат жеткілікті есептелмесе, құрылыс жобасын неге қабылдап алдыңдар? – деп шүйліккен облыс әкімі Ғали Есқалиевқа Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Исеев мардымды жауап бере алмады.

ed7bb59c-d334-4f01-adee-b56e9b489f8b

Құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Исеевтің айтуынша, инженерлік желілерді тарту, абаттандыру жұмысы құрылыс жобасының екінші кезеңінде қарастырылған. Бірақ оған қатысты жобалық-сметалық құжаттама әлі дайын емес. Бұл үшін аудандық құрылыс бөлімі демеушілер көмегіне жүгінбек. Яғни «ҚПО б.в» компаниясымен келіссөз жүргізбек. «Екінші кезеңге құрылыс қаражатын қайдан табасыздар? Қанша қаражат екені де әлі нақтыланбаған. Спорт кешені құрылысын толық сақадай сай етіп, қазан айында тапсырыңыздар! ҚПО қаражатын көлденең тартып, тілге тиек ете бермеңіздер. Ол инвестиция – мемлекеттің қаражаты. Орнықты жұмсай алмайтын болсаңдар, құрылыс қаражатын кері қайтартамын. Әуел бастан жобаны кесіп-пішіп алмайсыңдар ма?» – деген өңір жетекшісі Ғали Есқалиев аудан әкімі Әділ Жоламановқа және құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Исеевке, «ҚПО б.в.» өкілі Ержан Әубәкіровке жеделдетіп ортақ шешімге келіп, спорт нысанын сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.

3f2e8fd2-5a0a-490a-bb68-1a359eddfb04

Екі қабатты спорт ғимаратының жалпы ауданы – 1023,4 шаршы метр болмақ. Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде түрлі спорттық секциялар бойынша 160 адам жаттыға алады. Енді Теректі ауданы әкімдігі құрылыс жобасының кем-кетігін толтырып, екінші кезең жұмысына қаражат тауып, қазан айында спорт нысаны толық тұрғызуы тиіс. Айта кетейік, бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев Бәйтерек пен Теректі аудандарына жұмыс сапарымен барып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» ауқымында қолға алынған іс-шаралар жайымен танысты.

Нұртай ТЕКЕБАЙ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале