Таңертең редакциямызға Жымпиты ауылының тұрғыны, ҚР Құрметті байланысшысы, Сырым аудандық билер кеңесінің төрағасы Сыдық Тәжмұқан хабарласты.
- Жол құрылысының сапасын жұмыс біткесін емес, басталған уақытта тексерген дұрыс. Меңдәлиев көшесіндегі жолдың күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қазір жолдың табаны тегістелуде. Бірақ бұрынғы ойпаңы солай қалып жатыр. Ойпаң бұзылып, жол тегіс тапалмаса, ертең асфальт бетіне су жиналатын болады, - деді ауылға жанашыр азамат. Ақсақалдың сөзін дереу "Nur Otan" партиясы Сырым аудандық филиалының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиевке, партиялық бақылау комиссиясының төрайымы, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиеваға жолдадық.
Түстен кейін партиялық бақылау комиссиясы, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері К.Меңдалиев көшесіне барып, жолдың жөндеу жұмыстарымен танысып, мердігерден С.Тәжмұқан айтқан ескертпелер бойынша жұмыстануды сұрады. Меңдалиев көшесімен қоса Қазақстан, Байжанов, Досмұхамедов, Жұмағалиев көшелеріне де жол төселмек. 2,95 км-ді құрайтын жол төсеу жұмыстарына 221 млн.теңге көлемінде қаражат бөлінді. Мердігер "МАРАСАНТ" ЖШС.
Аудандық мәслихат хатшысы Шынар Сайлауқызы партиялық бақылау, мәслихат депутаттары алдағы уақытта да жол жөндеу жұмыстарын жіті қадағалайтынын баса айтты.
Айжан Бауыржанқызы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz